АУҒАН СОҒЫСЫ АРДАГЕРЛЕРІНІҢ БІРЫҢҒАЙ РЕСПУБЛИКАЛЫҚ ҰЙЫМЫ ҚҰРЫЛДЫ

980 көрілім

Бүгін Түркістандағы Ақжайық мәдениет үйінде ауған соғысы ардагерлері мен мүгедектерінің республикалық бірыңғай ұйымын құру жөніндегі құрылтай конференциясы өткізілді.

 Оған тоғыз облыстан және Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалаларынан 112 делегат қатысты. Олар конференцияның күн тәртібіндегі бес мәселені талқылады. Алдымен өңірлерден келген делегаттар ұйымдағы қордаланған жайларды ортаға салды. Конференция төрағасы Талғат Салтыбаевтың басқаруымен  ауған соғысы ардагерлері мен мүгедектерінің республикалық бірыңғай ұйымының төрағасы, орталық комитеті, тексеру комиссиясы мүшелері сайланды. Аталмыш ұйымға төрағалыққа ұсынылған алты ардагердің төртеуі әртүрлі себептермен өз кандидатураларын алып тастаған. Соңғы турға қатысқан ақтөбелік ауған соғысының ардагері Марат Қойлыбаев пен алматылық кәсіпкер Мұхтар Қартабаев ұйымның төрағасы болған жағдайда, атқаратын жұмыстарын баяндап, қарулас достарының сұрақтарына жауап берді. Ашық та жариялы сайлау барысында Мұхтар Қартабаев 65 дауыспен алға шықса, Марат Қойлыбаев жиырма дауыспен қалыс қалды. Алайда, қаруластарының ұсынуымен Марат Қойлыбаев ауған соғысы ардагерлері мен мүгедектері республикалық бірыңғай ұйымы ҚБ-нің орталық кеңесі мүшелігіне сайланды. Бес адамнан тұратын тексеру комиссиясы мүшелері сайланды.

Түркі дүниесінің орталығы атанған киелі шаһардағы құрылтай нәтижесінен ауған соғысының ардагерлері мен мүгедектері үлкен үміт күтулі. Сайланбалы орындарға бекітілген басшылар қаруластары алдында олардың әлеуметтік- тұрмыстық жағдайларын шешуге жұмыс жасайтындығын және соған қатысты заңдар шығаруға атсалысатындықтарын баяндап, ант берді.

Ескендір ЕРТАЙ 

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Жоғары

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы