Тәуелсіздік – қазақ халқы үшін қасиетті әрі қадірлі ұғым. Себебі сан ғасырлар бойы ата-бабаларымыз аңсаған еркін тәуелсіз ел, шекарасы бекітілген бейбіт өмірге қол жеткіздік. 1991 жылы егемендігімізді жариялап, жас мемлекет ретінде еңсемізді тіктедік.
Ұлт көшбасшысы – Н.Ә.Назарбаев салған сындарлы саясаттың арқасында елдің әлеуметтік-экономикалық әлеуеті жақсарып, дүние жүзіндегі дамыған елдермен тең дәрежеде қарым-қатынасымыз арта түсті. Сауда-саттық, өнеркәсіп, білім, денсаулық салалары бойынша алып мемлекеттерден өзара тәжірибе алмасып, еліміздің жасампаз жастары мемлекеттің қолдауымен «Болашақ» бағдармасы аясында шет елдерге оқуға мүмкіндік алды. Бай әрі қуатты мемлекетімізге шет ел сарапшылары тамсанып, қызығушылар саны артты. Тіпті егемендік алған тұста шетелдік инвестор компаниялар мен ауқатты азаматтар біздің елге инвестиция салуға ниетті екендіктерін көрсеті. Шет елдерден тартылған инвесторлар мен жергілікті кәсіпкерлердің арқасында қосымша жұмыс көздері ашылып, халық жұмыспен қамтылды.
Көптеген мемлекеттік бағдарламалар жүзеге асырылып, тұрғындардың баспаналы болуға қол жетімділігі артты. Елімізде еңбек етіп, білім аламын деген азаматтарға жағдайдың барлығы жасалған. Әрине, өркениетке ұмтылып, биік мақсаттарға жету әрқайсымыздың өз қолымызда!
Түркістан облысының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті Денсаулық сақтау саласында өз құзыреті шегінде халыққа қызмет көрсетіп, еңбек етіп келеді.
Түркістан облысы эпидемиологиялық бағалау матрицасында республика бойынша «жасыл» аймақта тұрған жалғыз өңір. Коронавирустық инфекцияның таралуына жол бермеу мақсатында жергілікті билік өкілдерімен бірлесе шешімдер қабылданып, халық арасында санитариялық ағарту жұмыстары кеңінен насихатталып келеді.
Пандемияның өршіген тұсында халық денсаулығын басты орынға қоя отырып, қатаң шектеулер қабылданды.
2018 жылы Түркістан жаңадан облыс болып құрылған тұста Түркістан облыстық Қоғамдық денсаулық сақтау департаменті де мемлекеттік органдармен бірге қоныс аударып, облыс орталығында қызмет ету бақыты бұйырды. Биылғы жылдың басында облыс әкімдігінің қолдауымен қажетті техникалық жабыдықтармен қамтылған жаңа ғимаратқа қол жеткіздік. Атқаралып жатқан игі істер мен Түркістан қаласының дамуы мен өркендеуі көз алдымызда күн санап көркеюі Тәуелсіздігіміздің арқасында жеткен жетістіктеріміз деп білер едім.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев осы жылдың басында «Тәуелсіздік – ең басты құндылығымыз және ол бәрінен қымбат! Біздің міндетіміз – кейінгі ұрпаққа кемел және қуатты Қазақстанды аманаттау»,-деп атап өткен болатын.
Тәуелсіздік елдігіміздің берік тұғыры. Әрбір азамат туған жеріне қызмет етіп, халқына пайдасын тигізуі үлкен жетістік.
Нұрбек НЫШАНОВ
Түркістан облысының
санитариялық-эпидемиологиялық
бақылау департаментінің басшысы
