Ұлы даланы мекендеген алты алаштың да өз дала заңдары, өзіндік конституциясы болғаны анық. Орта ғасырлардағы түркі бабаларымыздың бітік жазуына бармағанның өзінде, қазақ даласындағы бізге мейлінше мәліметті болып жеткен «Есім ханның ескі жолы», «Қасым ханның қасқа жолы», Тәуке ханның «Жеті жарғысы» секілді заң жүйелері қазақ елі Конституциясының ертеректе қаланған іргетасы іспеттес.
Қазіргі дүниедегі кез келген мемлекет өзінің алғашқы қадамын тәуелсіздігімен қатар, Конституциясын қабылдаудан бастайды. Бұл сол мемлекетті құраушы ұлттың сан ғасырлардан жинақталған өзіне тән ұстанымының, заңдарының, жүрген жолдарының өзегінен шығып, келешегіне бағдар жасайтын басты белгі.
Кеңес жүйесі тарап, Қазақстанның тәуелсіздігі жарияланғаннан кейін 1993 жылы парламент қабылдаған бірінші Конституция Республиканың дамуындағы зор қадам болды. 1993 жылы 28 қаңтарда егеменді тәуелсіз қазақ мемлекетінің тұңғыш Конституциясын Қазақстан Республикасының Жоғарғы Кеңесі бірауыздан қабылдады. Сөйтіп, Конституция – егеменді, ешбір мемлекетпен ортақтаспаған тәуелсіз мемлекеттің Ата Заңы болды.
Ал, 1995 жылы 30 тамызда бүкiлхалықтық дауыс беру негiзiнде екiншi, қазіргі қолданыстағы «Біз ортақ тарихи тағдыр біріктірген Қазақстан халқы, байырғы қазақ жерінде мемлекеттік құра отырып, өзімізді еркіндік, теңдік және татулық мұраттарына берілген бейбітшіл азаматтық қоғам деп ұғына отырып, дүниежүзілік қоғамдастықта лайықты орын алуды тілей отырып, қазіргі және болашақ ұрпақ алдындағы жауапкершілікті сезіне отырып, өзіміздің егемендік құқығымызды негізге ала отырып, осы Конституциямызды қабылдаймыз» деп ел болып бірауыздан қабылдаған болатынмыз.
Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев «Конституция біздің бостандықтарымыздың негізіне айналды. Ол бізге тәуелсіздік алып келген жеңістеріміздің, біздің тапқан табыстарымыздың бүкіл кешенін баянды етті».
Ата Заңымызды бұлжытпай орындаудың нәтижесінде, отанымыздың бірлігі нығайып, елдегі тұрақтылық пен татулық орнықты. Жаңа Конституция қабылдау арқылы Қазақстан жаңа дәуірге қадам басты. Н.Ә.Назарбаев «біздің Конституцияның бізге берген ең басты құндылығы – таңдау құқығы, басқаша айтқанда, өз өміріңнің қожасы болуы кез келген қазынадан бағалы» дей келе мемлекеттік биліктің қайнар көзі халықтың өзі екенін айқындады. Себебі Қазақстан Республикасы өзiн демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтiк мемлекет ретiнде орнықтырды. Ал оның ең қымбат қазынасы – адам және адамның өмiрi, құқықтары мен бостандықтары деп айқындалды. Мемлекеттiк билiктiң бiрден-бiр бастауы – халық. Сондай-ақ, халық билiктi тiкелей республикалық референдум және еркiн сайлау арқылы жүзеге асырып, өз билiгiн жүзеге асыруды мемлекеттiк органдарға бередi. Конституцияда Республика қызметiнiң түбегейлi принциптерi ретінде қоғамдық татулық пен саяси тұрақтылық, бүкiл халықтың игiлiгiн көздейтiн экономикалық даму, қазақстандық патриотизм, мемлекет өмiрiнiң аса маңызды мәселелерiн демократиялық әдiстермен, оның iшiнде, республикалық референдумда немесе Парламентте дауыс беру арқылы шешу белгіленді. Осылайша, Ата Заң мемлекетіміздің қуатына айналды. Әрбір азаматы өзін тең сезінетін, татулығы жарасқан қазақ елінің, Қазақстан халқының қарымды істері бүгінде әлем жұртшылығы үшін үлгі – өнеге.
Сонымен, Қазақстан Республикасының Конституциясы – елдің басты саяси құқықтық құжаты. Заңға бағыну – тәртіп, ал тәртіп бар жерде тәрбие, тиянақтылық сияқты адамға тән қасиеттер бар. Сол қасиеттер қоғам дамуына негіз болады. Өз отанын танып, сүюі, оның заңдарына бағынуы – бұл әр адамның азаматтық жауапкершілігін сезінуі, өз елінің алдындағы азаматтық борышын орындауы.
Байжігіт ҒАЛЫМЖАН
