ЖҮЗДЕГЕН ТРАНСФОРМАТОР ЖАҢҒЫРТУДЫ ҚАЖЕТ ЕТЕДІ

960 көрілім

Биыл қаңтарда Түркістанда толассыз жауған қар салдарынан қалалықтар үш күн жарықсыз отырды. Жолдар жабылып, қатынас тоқтады. Түркістан өңіріндегі үш күндік боран халықты әбден әбігерге түсіргені белгілі. Қыркүйекте жаңа оқу жылы басталады. Мектептерде қарбалас шақ басталады. Сол кезде сығырайған шамға тағы да қосымша жүк түседі деген сөз.

Себебі кезінде өз қаражаттарымен трансформатор сатып алған қала тұрғындарының электр желілеріне қосылғандар қатары тым көбейіп барады.

Салдарынан 979 дана трансформатордың 100-ге жуығы жөндеу жұмыстарын қажет етіп тұр. Түркістан «Инфрақұрылым және коммуникациялар» бөлімінің мәліметіне қарағанда, қазіргі таңда, Түркістан қаласында 979 трансформатор болса, оның 166-ы ғана «Оңтүстік жарық транзит» ЖШС қарауында. 389-ы Инфрақұрылым және коммуникациялар бөліміне қарайды. 455-і әртүрлі құрылымдар мен жеке иеліктегі трансформаторлар. Бар шикілік осы арадан шығып тұр. Себебі осы транформаторлардың қуаты оған қосылушылар саны көбейіп кеткендіктен көптеген үйлердің шамы сығырайып тұр.

Инфрақұрылым және коммуникациялар бөлімінің бас маманы Ержан Бекзатұлының айтуынша, жылу беру маусымына дейін 144 трансформаторды жөндеуден өткізуге тендер енді ғана жарияланды. Қазіргі таңда «Ақмақта» шағын ауданы аумағында электр желілерін жөндеудің мемлекеттік бағдарламасы жүзеге асырылуда. Осы бағдарлама аясында 26 трансформатор жөнделеді. «Оңтүстік жарық транзит» ЖШС бас инженері Ғани Қойшиевтің айтуынша, 22 трансформаторды ағымдағы және 10-ы күрделі жөндеуден өткізілуде. 10 квт электр әуе желілерінің 6,3 шақырымы ағымдағы, 8,25 күрделі жөндеуден өткізілуде. 0,4 квт электр әуе желілері 9,78 шақырымы күрделі, 14,9 шақырымы ағымдағы жөндеуден өткізіледі.

«Оңтүстік жарық транзит» ЖШС басшысы Ерлан Мелдебеков: «Егер де қаладағы инфрақұрылым және коммуникациялар бөлімі балансындағы трансформаторларды біздің иелігімізге өткізген болса, онда біз маман кадрлердің қызметін пайдалана отырып, барлық трансформаторларды майлап-сайлап, ағымдағы және күрделі жөндеуден дер кезінде өткізіп отырар едік», – деген пікірін ортаға салды.

Қазақта «ұста пышаққа жарымайды» деген сөз бар. Түркістанның іргесіндегі Кентау трансформатор зауыты басқа елдерді былай қойғанда Қытайдың нарығын заманауи трансформаторларымен жаулауда. «Шамның жарығы түбіне түспейдінің» керімен, облыс орталығы атанған киелі шаһар Түркістанда трансформатордың әлсіздігі салдарынан жиырма мыңнан астам тұтынушы сапалы жарықсыз отыр. Мұның өзі үйдегі тұрмыстық құралдардың жиі істен шығуын ғана емес, балалардың қалыпты оқуын да едәуір тежейді.

Жылдар бойы әкім қараларды жағалап табандары тозған «Ақмақта» шағын ауданының тұрғындары кешегі боранды күні қала әкімдігіне басып кірді. Аталмыш мекемелердің қаражаты жүз транс-форматорды бір жылда жаңартуға жетпейтіндігі әмбеге аян. Ендеше, халық үніне құлақ асатын Үкімет қайда қарап отыр деген орынды сауал туындайды? Биылғы үш күндік бораннан сабақ алатын кез жетті. Сондықтан, қала бойынша барлық трансформаторларды түгендеп, тозығы жеткендерін жедел алмастырып, іске асатындарын ағымдағы және күрделі жөндеуден өткізіп, жаңа оқу жылы мен жылу беру маусымы келіп жеткенде қамсыз қалмайық.

Ескендір ЕРТАЙ

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Жоғары

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы