Міне, тағы бір жаңа оқу жылы басталды. 1-қыркүйек – Білім күнінде Түркістан қаласындағы 43 мектепте (оның ішінде 10 жекеменшік мектеп) алғашқы қоңырау соғылады. Дәстүрлі форматта басталатын оқу жылында 45000-нан аса оқушы білім ұясының табалдырығын аттағалы отыр. Олардың ішінде 1-сыныпқа қабылданған 4616 оқушы бар. Оларға биыл Білім күнінде «Әліппе» салтанатты түрде табысталады.
Өткен оқу жылы күллі педагог қауымы үшін сынаққа толы болды. 2020-2021 жылғы оқу жылында эпидемиологиялық жағдайға байланысты қаламызда 2-11 сыныптар үшін қашықтықтан оқыту форматында бастау жоспарланып, іске асырылды. Тек 1-сынып оқушылары ғана ата-аналарының өтінішімен мектептердегі «кезекші сыныптарда» барлық санитарлық нормаларды қатаң сақтаумен әдеттегідей оқытылды. Алайда, мектептерде санитарлық қауіпсіздік шаралары барынша күшейтілді.
Әлеуметтік қашықтықты ұйымдастыру үшін оқыту ауысымына, 10-15 баладан аспайтын шағын топтарға бөлу, мектепте оқу күндерін кезектестіру жүзеге асырылды. Бертін келе халықтың сырқаттанушылық деңгейінің тұрақты төмендеуіне байланысты санитарлық талаптарды сақтай отырып, аралас және штаттық оқыту форматтарына біртіндеп көшірілді. Осылайша, оқу жылы түгел штаттық режимде аяқталды.
Бұл күнде қаламызда білім беру жүйесін дамытуға көп көңіл бөлініп отыр. Жалпы білім мекемелерін қаржыландыруға 2021 жылы 16 млрд. 91 млн. 193 мың теңге қаржы қаралған. Оның 9 млрд. 944 млн. 650 мың теңгесі айлық жалақыға, 246 млн. 67 мың теңгесі мектептердің материалдық техникалық базасын нығайтуға, 4 млрд. 977 млн. 979 мың теңге мектепке дейінгі білім беру ұйымдарында мемлекеттік білім беру тапсырмасын іске асыруға, 922 млн. 497 мың теңгесі балалардың әлеуметтік жағдайына бағытталған. Мұның бәрі де мемлекеттің балалар болашағына жасап отырған қамқорлығы екені даусыз. Сондықтан да білім бәсекесінде бағытымыз айқын екеніне көз жеткізуге болады.
Биылғы жылдың ең басты жаңалықтарының бірі – 2021 жылдың 1 қаңтарынан бастап білім беру саласын басқару жүйесі өзгерді. Яғни, 2021 жылдан бастап қалалық білім беру бөлімі қаржыландыру және басқару құзыреті облыстық білім беру басқармаларына берілді.
Қазіргі таңда Түркістан қаласының адами әлеуетті дамыту бөліміне қарасты бастауыш және жалпы орта білім беретін 32 күндізгі мектеп (оның ішінде 31 жалпы орта мектеп, 1 мектеп балабақша кешені), 1 кешкі мектеп. 3 мектеп ыңғайластырылған ғимаратта орналасқан (Әмір Темір, Әл Фараби, Кешкі мектеп). 111 мектепке дейінгі білім беру ұйымдары (20 мемлекеттік, 88 жекеменшік, 3 шағын орталық), 7 қосымша білім беру ұйымдары жұмыс атқарады. Сонымен қатар, 10 жекеменшік мектеп жұмыс жүргізуде. Қала бойынша мектептердегі жалпы қызметкерлер саны 4790. Оның ішінде 4289-і педагог қызметкерлер. 4289 педагогтың 4203-і жоғары білімді, 86-сы арнаулы орта білімді.
Айта кетейік, Үш тілде сабақ бергені үшін БЛЖ-ның 2 еселенгені, магистр дәрежесі үшін 10 АЕК үстеме ақы төленеді.
2021 жылдың қаңтар айынан бастап білім мекемелеріне жұмысқа орналасу, бүлдіршіндерді балабақшаға, оқушыларды мектепке қабылдау және мектептен мектепке ауыстыру жұмыстары SMARTNATION.KZ жүйесіне ауыстырылып, қазіргі таңға дейін осы жүйемен жұмыс жасап келеді.
Үлкен қуанышты жаңалық, биылғы жаңа оқу жылында Отырар мөлтек ауданынан 2 жаңа мектеп пайдалануға беріледі. Атап айтсақ, 900 орындық жаңа мектеп және 720 орынды оқу корпусы, 120 орынды жатаханасы бар Назарбаев зияткерлік мектебі. Сондай-ақ, Отырар мөлтек ауданынан 500 орынға арналған жатақханасы бар, 700 орынға арналған оқу ғимараты бар «Дарын» мектеп-интернатының құрылысына қаржы қаралып, 2021 жылдың маусым айынан бастап мектеп құрылысы басталды. Мердігер компания мектепті 2022 жылға пайдалануға беруді жоспарлап отыр. Ал, одан басқа қалада мектеп құрылыс жұмыстары бойынша 5 мектептің құжаттары дайындалып, біреуі республикалық бюджетке, төртеуі облыстық бюджетке ұсынылған. Баянауыл елді мекенінен 900 орындық жаңа мектеп құрылысын салуға ЖСҚ (жоба сметалық құжат) әзірленуде. Айта кетерлігі, биылғы оқу жылы да санитарлық талаптарды қатаң сақтай отырып дәстүрлі форматта оқытылады. Мектеп педагогтары мен техникалық қызметкерлердің барлығы дерлік індетке қарсы вакцина қабылдаған. Барлық білім ордаларында «Ашық» жобасы енгізілді. Ендігі жерде мектепке келген әрбір азаматтың жағдайы «Ашық» қосымшасы арқылы анықталып, ғимаратқа кіруіне рұқсат беріледі.
