2021 жылдың қыркүйегінен бастап Президенттік жастар кадр резервінің екінші кезеңі басталмақ. Бұл жөнінде Мемлекеттік қызмет істер агенттігінің Түркістан облысы бойынша департамент басшысы Айбек Шілманов брифинг өткізіп, мәлімдеді. БАҚ өкілдерімен өткен арнайы жиында Президенттік жастар кадр резервінің мақсаты мен талаптары кеңінен талқыланып, түсіндірме жұмыстары болды.
Биыл Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес ұйымдастырылып отырған іріктеу қорытынды бойынша мемлекеттік сектор үшін 50 резервші таңдап алынады. Берілген тапсырмаға сәйкес іріктеуге 35 жастан аспаған, жоғары білімі және кемінде 5 жыл жұмыс өтілі бар жастар үміткер болады. Айбек Шілманов резервке алу үшін үміткерлерге бірнеше жүйелі кезеңдерден өту керектігін, құжаттарды қабылдау арнайы әзірленген pkrezerv.gov.kz цифрлық платформада онлайн режимде жүргізілетінін түсіндірді. Резервке іліну үшін үміткер сүрінбей өтуге міндетті кезеңдердің біршамасы онлайн режимінде жүзеге аспақ. Соған қарамастан, Жастар кадр резерві жөніндегі ұлттық комиссияның онлайн жүйедегі бақылауды қатаң ұстайтындығын, бармақ басты, көз қыстылыққа жол берілмейтіндігін ескертті. Тіпті облыс аумағынан резервке ұсынылып отырған жастарға түсіндірме жұмыстары жүрсе де, ешқандай қолдау болмайтынын кесіп айтты.
Президенттік жастар кадр резервіне алғашқы іріктеу 2019 жылы ұйымдастырылған болатын. Алғашқы жылы ұлттық комиссия шешімімен 300 жас іріктеліп алынған. Сол жылдары Түркістан облысының 19 тумасы Президенттік жастар кадр резервіне алынған еді. Резервке алынған сәтте кандидаттардың басым бөлігі шетелдік озық білім иегерлері болса, қалған бөлігі қазақстандық жоғары оқу орындарының түлектері. Былтыр іріктеу жеңімпаздарының орташасы 31 жасты құраған. Түркістан облысынан іріктеліп алынған 300 резервшінің 184-і жұмысқа орналасқан. Қалған жастарды резервке орналастыру жұмыстары әлі де жалғасуда.
