БЕРЕКЕСІ БЕРІК ӘУЛЕТ

971 көрілім

Жақында қазыналы қарияларымыз – Камила апа мен Жетпісбай көкенің қарашаңырағында болып, шежіреге толы әңгімелерін есту құрметіне ие болдық. Биылғы жылы 83 жасқа келіп отырған Камила апаға қарап, «сырлы аяқтың сыры кетсе де, сыны кетпейді» деген халық нақылына бас идік.

Негізі, Камила апамызға қарағанда Жетпісбай көкеміз әңгімешіл сияқты. Өйткені, «балаларыңыздың есімдерін айтыңызшы» деген сауалымызға көкеміз сартылдап жауап беріп, бәрінің есімдерін ұмытпай айтып жатты. Иә, Жетпісбай көке мен Камила апамыз өмірге 10 ұл-қызды әкеліпті. 1960 жылы өмірге келген тұла бойы тұңғыштары Абдулладан кейін Әбдірахман, Әбдімұхтар есімді ұлдары өмірге келген. Олардан кейінгі бес перзентіне гүлдей жайнап жүрсін, – деген ақ ниетпен қойса керек Гүлсара, Гүлнар, Гүлдана, Гүлжауһар, Гүлмира есімдері. Тоғызыншы болып келген ұл баласының есімі Жеңісбай, ал ең кенжесі Айнұр 1978 жылғы.

Бүгінде сексен үштің сеңгірігінен асып отырған Жетпісбай қария астма ауруымен ауыратынын, сондықтан дәрігерге жиі қаралып, дем алысы қиындағанда қолданатын дәріні алып отыратындығын айтып, әрі қарай әңгіме легін ақтарды.

– Мен осы қаламыздағы автошколда 40 жыл мұғалім болған адаммын. Кейде таксиге отыра қалсам, сол бұрынғы шәкірттерімді кездестіріп қаламын. Олар «ағай, жағдайыңыз қалай» деп сұрап жатады. Иә, 40 жыл еңбегімнің нәтижесі ретінде бүгінде алатын зейнетақымның мөлшері 71 мың теңге. Осынау бейбіт заманда өмір сүріп отырғанымызға Аллаға шүкіршілігімізді айтып отырамыз.

Бірақ, кезінде еңбекті жақсы атқардым. «Еңбек етсең ерінбей, тояды қарның тіленбей» деп қазақ халқының ұлы ақыны Абай айтқандай, автошколда мұғалім болып жүріп, механик қызметін де атқардым. Дүниеге келіп жатқан балаларымның несібесі болар, 10 ұл-қызымның бәрін жоғары оқу орнында оқыттым. Балаларымның үлкені ұл балаларым – Абдулла 1960 жылы, Әбдірахман 1961 жылы, Әбдімұхтар 1963 жылы, яғни, бірінен кейін бірі дүниеге келіп, ер жеткен кездерінде үшеуі әскер қатарына бірдей алынды. Үш баламның үшеуі Отан алдындағы борышын өтеп жүрген кездерінде үйге жақын жерден үшеуіне де жер алып, үй салудың қамын жасадым. Содан бәрі өз алдарына үйленіп, отау тіккен уақыттарында үй салып, еншілерін беріп отырдым. Бүгінде ойланып отырсам, төрт балама төрт үй салып бердім, төртеуіне төрт машина сатып алып бердім. Қазір үш балам жанымда, өзіммен бірге көрші тұрады. Келіндерім келіп, жағдайымызды жасап тұрады. Ең кенже қызым Айнұр Көкшетауда тұрады. Сол Көкшетауға барсам болды дереу жазылып кетемін. Тынысым кеңейіп, қолданып жүрген дәрім сол күйі қолданбаған, қорабы ашылмаған күйі қайтады. Қызым Айнұр «Көкшетауға келіп тұрсаңызшы, денсаулығыңызға да жақсы» дейді. Барғым-ақ келеді, бірақ туған жерден артық жер жоқ. Оның үстіне, Ясауи бабамыздың бір айтқан сөзін естігеннен кейін кеткім келмей қалды, – деген Жетпісбай көке «ол қандай сөз екен» деген сауалымызды таңырқаған бет жүзімізден оқып қойған болуы керек, әрі қарай сөзін бастап кетті.

– Қожа Ахмет Ясауи бабамыз «төрт жағымдағы жүз шақырым жерде жатқан адамдарды тозақ отына жібермеймін» деп айтқан екен. Осы сөзді естігеннен кейін мен қалай кетейін. Осындай киелі топырақта отырғаныма мың да бір шүкіршілік етемін. Жан-жағымызға бажайлап қарайықшы, небір алапат жағдайлар орын алуда. Иә, бізді бәле-бәтердің бәрінен қорғап отырған әулие бабамыздың қасиеті. Жамандық атаулының ешқайсысын бізге жібермей, сақтап отыр. Иә, бізді сақтап отыр, – деген Жетпісбай көкенің әңгімесі бізді де ұйыта түсті.

Сонымен не керек, Жетпісбай көкенің ыждахатпен айтқандарын ести отырып, өзімізді қызықтырып отырған тағы бір сауалды тастадық.

– Көке, есіміңіз көнекөз қарияларымыздың айтып отыратынындай, жетпіс жаста көрген тәбәрік ұл емессіз бе?

– Иә, әкем Ерденнің жетпіске келгенде көрген ұлы екенмін. Сонан атымды Жетпісбай қойыпты. Қартайғанда көрген ең кенже перзенті болғандықтан болар, қатты қуанған әкем көкпар беріп, үлкен той жасапты. Менің алдымда Тәжібай есімді ағам мен Шырбан, Сусар есімді әпкелерім бар. Тәжібай ағамның өмірден озғанына тоғыз жылдан асты. Тәжібай ағамның үрім-бұтағын көбейтіп, тамырын кеңге жайған бәйтеректей болған Күнсін жеңгем 10-ұл-қызды дүниеге әкелген ардақты ана. Шырбан әпкемнің де 14 ұл-қызы бар болса, Сусар әпкем 10 ұл-қызды дүниеге әкелген. Үшеуі де Батыр ана.

Негізі біздің әулеттен тараған үрым-бұтақтың бәрі арақ ішпейді. Құда-жегжаттарымыздың алдына қымыз-қымыран қоямыз: «Ағарғанды көп ішкен адамның денсаулығы мықты болады», – деген қағиданы ұстанамыз. Осыдан бірнеше жыл бұрын біздің қаламызға Көкшетаудан келген кісі шежіре кітабын сатты. Сол шежіре кітабын мен сатып алып, оқыдым. Содан не керек, сол кітапта менің ата-бабаларымның да аты жазылғанын көріп, өзімнің арғы тегім Көкшетаудан шыққан тобықты екенімді, Абайдың інісі екенімді білдім. Содан, мен әлгі шежіре кітапты беріп кеткен кісіні іздеп Көкшетауға бардым. Сөйтіп, таныса келе ол кісімен де туыстас болып, кейін жанұямызбен араласып кеттік.

Міне, осылай Жетпісбай көкеміздің әңгімесі әлі талай сұқбатымызға арқау болатындай тереңінен қозғалды. Көке тек өзі туралы әңгіме қозғап қоймай, ара-арасында Камила апамыз туралы да айта отырды. Ол кісінің де еңбек десе ерінбейтін қасиеті бар екендігін, әлі күнге дейін еңбектен қол үзбегенін, тіптен, істеген тамағы бал татитындығын жеткізді.

Енді, Камила апаны тыңдасақ: – Ойпырмай, маған әйтеуір сөз берілді-ау. Несін айтайын, бәрін айтты ғой отағасы. Жұмыстан да қол үзген жоқпын, баланы да тудым. Әуелі балабақшада істедім, одан кейінгі жылдары теміржолда путист болып істедім. Күннің суығына қарамай далада жұмыс істегеннің нәтижесі енді шығып отыр ғой, екі тіземнің ауыратындығын содан көремін. Құдайдың берген балаларының бәрін оқыттық деп айтты ғой жаңа. Иә, алты қызыма мен де көрпе-төсегін жасап, жасауларын өз қолыммен тігіп, аяқтандырдым. Әлгі айтайын дегенім, жұмыстан қол үзбей жүріп, үйдің шаруасын да атқардым. Ара-арасында көрпе тігіп, құрақ көрпеше мен құрақ жастықтар тігіп, әйтеуір қолым қалт етсе, үйдің шаруасына жармасатынмын. Таңның атысы, күннің батысы бір тынбай еңбек еткенімнен болар, барлық іске үлгеріп отырдым. Той-жиындарда бас қосқанда қайынаға, абысын-ажындарым «осы келін қалай үлгереді бәріне» деп айтып отыратын. Еңбек етуден ерінбейтін қасиетім өзіме осылай көптеген жемісін берді. Бүгінде қолымда келін болмағанымен, еншілерін алған келіндерімнің өзі қайта-қайта келіп, бар тірлігімізді жасап кетеді. Оның үстіне қыздарымнан өрбіген немерелерім де келіп, «ата, апа» деп бар жағдайымызды жасап, үбектеп жүргендері. Ризамыз бәріне. Әйтеуір, Құдайдың берген 10 ұл-қызынан 34 немере, 26 шөбере сүйіп, үрім-бұтағымыздың рахатын, мол жақсылығын көрудеміз. Оған мың қайтара шүкіршілік айтқаннан басқа айтарымыз жоқ. Мына газетке жазамын деп келгендеріңе де риза болып отырмыз, айналайын, бақытты болыңдар, – деп Камила апа шынайы ризашылығын білдіріп жатты.

Ал, Жетпісбай көкеміз бұл тұста дастарқанға бата жасап, аят оқыды. Сөйтіп «Алланың аузынан шыққан аятты оқыдым, Алланың берген несібесінен артық ештеңе болмайды. Ырыс-несібелерің мол болсын» деген ақ батасын беріп, бізді шығарып салды. Тамырын тереңге жайған бәйтерек деп нақ осы кісілерді айтпай кімді айтарсың.

«Қарғыс алма, алғыс ал» деп ата-бабамыз айтқандай, мерейлі отбасы иелері Жетпісбай көке мен батыр ана Камила апаның қарашаңырағында болып, мол ырысқа толы бата мен алғыс алып қайтқанымызға біз де марқайып қайттық.

Ләззат САРЫБАЕВА

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Жоғары

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы