Бүгін Түркістан қаласының әкімі Нұрбол Тұрашбековтің төрағалығымен газдандырудың бас схемасын өзектендіру мәселесі бойынша арнайы жиын өтті.
Түркістан облысы энергетика және тұрғын-үй коммуналдық шаруашылық басқармасы басшысының орынбасары Асқат Бердіханов, облыстық құрылыс басқармасының бөлім меңгерушісі Нұрлан Мағзұмов, «КазТрансГазАймақ» АҚ Түркістан облысы бойынша өкілдігі директорының орынбасары Ержан Балабеков өңірлерді газдандыру бойынша атқарылған жұмыстарды баяндай келе өз салаларына қатысты өзекті мәселелерді ортаға салды.
Жиналыс барысында әсіресе облыс орталығы – Түркістан қаласына қатысты болжамдар сараланды. Мамандар даму жоспарының дұрыс түзілуі көрсеткіштердің өсу екпініне байланысты екенін айта келе, тұрғындар өсімі назарға алына отырып, ірі кәсіпорындар, көпқабатты үйлер және түрлі әлеуметтік нысандар құрылысы болжам картасына мерзімінде енгізілсе деген тілектерін жеткізді.
Түркістан қаласында жобалау-сметалық құжаттамаларына сәйкес, бос жер телімдерін қоса алғанда 52037 абонентке табиғи газ пайдалануға толық мүмкіндік бар. Қазіргі таңда дербес шот ашып, газ пайдаланып отырған абонент саны – 21 363.