САЯБАҚ БАЛҒЫНДАРҒА ҚУАНЫШ СЫЙЛАУДА

820 көрілім

Рухани қаламыз Түркістан облыс атанғалы шаһардың келбеті күн өткен сайын артып келеді. Өйткені, жаңа ғимараттардан бөлек, қаламыздың сәніне сән қосқан тағы бір саябақ іске қосылды. «Түркістан-Шымкент» бағыты бойында орналасқан «Жібек жолы» саябағы деп аталатын жаңа мекеннің келбетімен танысуға біздер арнайы бас сұқтық. Жалпы, 2019 жылы құрылысы басталған нысанда субұрқақтар, жасанды тоған, жасыл бұта, ағаштар мен газондар егіліп, орындықтар қойылған.

Сондай-ақ, спортпен шұғылдану үшін аяқжол мен веложолдар да салынған. Демалыс орнын көрікті етумен қатар, салқын ауа сыйлау мақсатында орнатылған субұрқақтар түнде де саябақтың келбетін ерекшелеп тұрады. Көңілге қуаныш сыйлайтын жаңа саябақта қала тұрғындары мен қонақтары үшін барлық жағдай қарастырылған. Осы орайда, саялы саябақтың иесі «Yass group» ЖШС директоры Еламан Әшірбаевты нысанның ашылған күннен бергі тыныс тіршілігі жайлы сұхбатқа тарттық.

– Жалпы саябақтың аумағы 30гектарды құрайды. 12,5 гектарына балаларға арналған түрлі ойын аттракциондар орнатылды. 3-12 жас аралықтағы бүлдіршіндерге билет бағасы бірдей бағада қамтылған. Халық қалтасы көтеретін әр аттракционның бағасы 300-400 теңге аралығында. Қазіргі таңда саябаққа келушілердің саны артып келеді. Саябақ өз жұмысын күндізгі сағат 12:00 мен түнгі 00:00-ге дейін жұмысын жасауда. Мұнда 30-ға жуық жұмысшылар бар. Олар саябаққа келушілерге қызмет көрсетеді. Сонымен қатар, Италия, Иран, Түркия елдерімен келісім-шартқа отырдық. Себебі,  алдағы уақытта балалардан бөлек, ересектерге де арналған аттракциондармен толықтыратын боламыз. Әзірге саябақта балмұздақ пен тәтті сусындар сатылымда. Бұдан бөлек, түрлі тағамдар жасайтын кафетериялар алдағы уақытта ашылады, – деді саябақ басшысы.

Жаңа нысан қашанда жаңалығымен тұрғандарды өзіне ынта етіп тұратыны жасырын емес. Келушілерді зор қуанышқа бөлеп жатқан орталық шындығында ғажап. Оның басты ерекшелігі «Әлем Шатыры» деп аталатын биіктікке шыққан демалушылар қаланың басты әсем ғимараттарын тамашалай алады. Сонымен қатар, әрбір аттракциондардың қауіпсіздік ережелері де заманауи талаптарға толықтай жауап береді. Демалыс аймағының ашылуын әсіресе балғындар асыға күткені анық. Өйткені олардың бал-бұл жанған қуанышты жүздерінен оны анық аңғаруға болатындай. Жаңадан ашылған саябақ алдағы уақытта да келушілерден бір босамайтыны анық. Олай болатын себебі, мұнда келушілерге барлық жағдай жасалған.

Балдәурен ЖҰМАБЕКОВА.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы