АЛТЫ АЛАШТЫҢ АЙБЫНЫ

889 көрілім

Еліміз тәуелсіздік алған соң азат мемлекет ретінде қабылдаған тарихи шешімдердің ең негізгілерінің бірі – астананы Арқа төсіне көшіру болды.

Уақыт өткен сайын көз ілеспес жылдамдықпен дамып, жер жаһандағы әсем шаһарлардың қатарына қосылған Нұр-Сұлтан қаласы осы жылдар ішінде Қазақстанның басты брендіне айналды. Еуразия кіндігіндегі жас қала алып құрылыс алаңына айналып, дәстүр мен жаңашылдықтың озық үлгілерін бойына жинады.

Әлемдік деңгейдегі басқосулар мен жиындар өтетін, адамзатқа ортақ мәселелердің шешімі талқыланатын орталыққа айналды. Бір ғана ЕҚЫҰ саммиті қаланың атын дүние жүзіне әйгіледі. Астананы Алматыдан Ақмолаға көшіру идеясы алғаш рет жария етілгенде бұл бастамаға түсінбестікпен қарағандардың қарасы қалың болды. Жиырмасыншы ғасырдың басындағы Әлихан Бөкейхановтың «Қазақты автономия қылсақ, Қараөткел – Алаштың ортасы, сонда университет салып, қазақтың ұл-қызын оқытсақ. «Қозы Көрпеш – Баян сұлуды» шығарған, Шоқан, Абай, Ахмет, Міржақыпты тапқан қазақтың кім екенін Еуропа сонда білер еді-ау» деген арманы сол ғасырдың соңында ғана ақиқатқа айналды. Тәуелсіздіктің елең-алаң шағындағы жаңа мемлекеттің қалыптасу кезеңі мен жаңа астананың дамуы қатар жүрді. Нұр-Сұлтан – Қазақстанның Тұңғыш Президенті-Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың төл туындысы.  Бұл туралы Елбасы:«Жаңа астанаға көшу және оны салу туралы ой менде ертеректе, сонау алыстағы 1992 жылы туған еді. Бірақ мен ол кезде мұны аузымнан шығармадым, өйткені Қазақстанның экономикасы ойлағанды іске асыруға мүмкіндік бермеді. …Қазақстанның Президенттігіне бүкіл халық болып сайланғаннан кейін, мен Ақмолаға келдім. Есілден көлденең тартылған ескі көпірдің ортасында тұрып, өзенге қарадым.

Маған қаланың ортасында өзен ағып жатқан болса, қашанда сол ұнайтын. Өзен қалаға ерекше бір көрік береді, мәртебесін көтереді. Мысалы, бізде Жайықтың бойында – Атырау, Сырдарияның бойында – Қызылорда, Тобылдың бойында – Қостанай, Ертістің бойында Семей мен Кереку орналасқан. Ал әлемде қаншама Астаналар ылғи өзен жағасына салынған! Санкт-Петербург – Невада, Мәскеу – өзі аттас өзенде, Париж – Сенада, Лондон Темзада тұр. Оның үстіне Ақмола Қазақстан мен бүкіл Еуразияның орталығына орналасқан», – деп толғанған болатын.

Арада аз уақыт өткенде Есіл бойында армандағы қала тұрғызыла бастады. Қазір елорда жылдан жылға түрленіп, архитектурасы жағынан озық елдермен иық тірестіріп, дамып келеді. Нұр-Сұлтан қаласы жас та болса, көріктілігімен көз тартып, әлем халқының назарын өзіне аударып отыр. Әлемдік деңгейдегі маңызды шешімдер осында қабылдануда. Нәтижесінде Қазақстан бейбітшіліксүйгіш, әлемге достықты насихаттағыш ел ретінде танылып үлгерді.

Бүгінгі Нұр-Сұлтан қаласы – еліміздің әкімшілік орталығы болумен бірге азат елдің, ұлттың қайта түлеуіне, әлемдік өркениетке ұмтылу баспалдағы. Бас қала болғалы бері өнеркәсіп, инвестиция, туризм салалары бұрын-соңды болмаған жетістіктерге жетті. Бүкіл ел астананың даму қарқынына ілесуге ұмтылуда. Бүгінгі Нұр-Сұлтан – бұрынғы астаналардан мүлде бөлек, тәуелсіз мемлекеттің таңдауы болумен қатар әлемге әйгілі архитекторлардың қолтаңбасы қалған жаңа дәуірдің қаласы.

Әр жылы мереке есебінде тойланып келе жатқан Елорда күні – бейбітшіл еліміздің әлем алдындағы айбынын асырып, беделін асқақтата түседі. Өйткені, ел астанасында болып жататын халықаралық жиындар мен маңызды оқиғалардың негізгі мақсаты барлық елдердің өзара ынтымақтастығын нығайтуға негіз болатынын барша жұрт мойындайды. Ел астанасының осылайша пайдалы келіссөздер өткізетін алаңға айналғаны ең біріншіден, қазақ ұлты мәртебесінің биіктегені деп білеміз. Қазір ақпарат құралдары арқылы кейбір елдерде бүлік болып, оқ атылып жатқанын естіп отырмыз. Біз адамзатқа төнген нәубетті көрген буынбыз, қиындықтың қандай болатынын ұмытқан жоқпыз, сондықтан соғыс деген суық сөзді ұрпақ естімесе екен деп тілейміз. Еліміздің тәуелсіздігін бекітіп, бейбіт дамуын қалыптастыру кезеңінде аянбаған Елбасы, Ұлт көшбасшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың ерлік пен ұлылыққа тән еңбегі – бүгін үшін де, келешек үшін де аса бағалы. Араздасқанды татуластырып, алыстағанды жақындатып, қазақтың ғана емес, барлық халықтың бейбітшілігін баянды етуге күш жұмсаған тұлғаның атымен Елорданың Нұр-Сұлтан аталуы тарих пен тағылым жолында жасалған шешім болды. Мәңгілік Ел ұрпақтары өз тарихын таразылай біліп, өткенінен сабақ алуы тиіс.

Елордамыздың көркем келбеті жарқырай берсін, елорда келбеті – еліміздің бейнесі. Біз өз еліміздің астанасын мақтаныш етуіміз керек. Өйткені, ол – әрбіріміздің ақ ордамыз, жүрегіміздің алтын сарайы. Алтын сарайымыздан бақыттың ақ сәулесі шартарапқа тарасын. Ендеше, елордамыздың еңсесі биіктей берсін!

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Жоғары

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы