«Жаныңда жүр жақсы адам» деп қалай тауып айтқан дана халқымыз. Осы сөздiң мән-мағынасы қаншалықты кең ауқымда екендiгi жақсы адамдар өмiрi жайлы жазған сайын ауқымдала түседi.
Батыр ана Оразкүл Есеноваға арнайы жолығып, әңгiмелесейiн деген ойда барғанымызда ұлттық оюмен өрнектелiп тiгiлген оқалы шапанды киiп отырған Махмұт көкенiң салмақты, байыпты қалыптағы отырысының өзi қазақ халқы тарихының бүгiнге дейiнгi өмiр тынысын өн-бойындағы тылсым қасиеттер арқылы жеткiзiп тұрғандай әсер қалдырды. Осындайда, қазақы мiнездi ата қалпын сақтаған қарияларымыздың қатары көбейе берсiншi дегiң келедi. Бұл шынайы тiлектен туған ойлар толқынысы шығар, сiрә.
Аузын ашса жүрегiнiң ақ екендiгi көрiнетiн Оразкүл апаның ашық-жарқын мiнезi өзiне бiрден баурап алды. Өмiрге 11 ұл-қызды әкелген Оразкүл Есенова 1944 жылы, ал, Махмұт Есенов 1941 жылы дүниеге келiптi. Екеуi де тың қалпында, денсаулықтарының мықты екендiктерi көрiнедi. Тiфә-тiфә, тiлiмiз тасқа дей отырып, Батыр ана мен Батыр әкенiң өмiр жолынан, яғни, ұрпағы жайлы әңгiме қозғай отырайық.
Тұла бойы тұңғыштары Ләззат 1962 жылы дүниеге келсе, одан кейiнгi перзенттерi Перизат, Фатима, Нағима, Фариданың аралары екi жастан екен. «Шаңыраққа ие болып қалатын, Ұлдың аты ұл ғой, шiркiн, қашанда» деп ақын жырлағандай, 1972 жылы дүниеге келген Бауыржанның аяғы құт болып, Ғалымжан, Ербол, Жұлдызай, Құндызай Нұрбол есiмдi асықтың алшысындай асыл сәбилер шаңырақтың шаттығын асырыпты.
Бүгiнде осынау 7 қыз бен 4 ұлдың әрқайсысы өз алдарына шаңырақ көтеріп, бақытты отбасы иелерi. Олардан өрбiген 41 немере мен отызға жуық шөберенiң қызығын көрiп отырған Оразкүл апа мен Махмұт көкенiң жүздерiнен бақыттың бал нұры сезiледi.
Көптi көрген асыл анадан өмiр тәжiрибесiмен бөлiсудi сұрағанымызда мынадай ұлағатқа толы ғибраттарды естiдiк.
– Махмұт бiр шаңырақтағы жалғыз бала, әпкесi Шаһарбану екеуi ғана екен. Атамыз соғысқа кеткен. Бүгiнде әпкесi Шаһарбану бұл өмiрден өтсе де, артында қалған 10 ұл-қызы тамырын кеңге жайған бәйтеректей өсiп-өнген, тектi әулет.
Мен, келiн болып ақ босаға аттағанымда 15 жасқа жаңа келген болатынмын. Ал, Махмұт 19 жаста болатын. Өзi мектептi бiтiрiсiмен орыс тiлiнен сабақ беретiн мұғалiм болып жұмыс iстедi әрi сырттай оқуға түстi. Менiң 5-6 сыныптық ғана бiлiмiм болды. Енем Ораш 92 жасында қайтыс болды, бертiнде. Өте жақсы адам болатын, екiншi анам деп қабылдадым ол кiсiнi. Өмiр сабағын сол кiсiден үйрендiм. Таңертеңнен кешке дейiн айтатыны «өсiп-өнiңдер» деген ақ тiлек болатын. Үйге кiм келсе де, дереу қазанды көтерiп ет асуға қамдан дейтiн. Кейiндерi, енемнiң айтқанын аузынан күтпей-ақ, емеурiнiнен танып, үйiмiздiң табалдырығын аттаған кiсi төрге жайғасамын дегенiнше, қазанымды дереу көтерiп ас дәмiне қам жасайтынмын. Үйiмiзден кiсi үзiлген емес. Енем өте қонақжайшыл, туысқаншыл, тiптен қандай iстер болсын ұйымдастырғыш қасиетi бар болатын. «Үйге келген қонақ өз несiбесiмен келедi» деп айтып отыратын енемнiң айтқаны дөп келетiн. Өйткенi, үйiмiзге қонақ келген сайын ырыс-несiбемiз артып отырды. Сонау, 1965 жылы екi түйе сатып алдық, сол түйелерге мол береке дарып, бүгiнде санын 100-ге жеткiзiп отыр ғой балаларым. Әуел баста енемнiң дайындаған ашытқысын 50 жылдан берi үзбей, осы күнге дейiн дайындап келе жатырмын. Сол бiр iзбен ашытып келемiн, енемнiң дайындаған ашытқысын сақтап. Ашытқы дегенiңiз айран сияқты болып тұрады. Түйенiң сүтiн пiсiрiп құйып ашытып аласың, одан кейiн барып шикi сүттен қосып отырасың. Ағарған қасиеттi дегенi рас қой, өзi бiрқалыпты көпiрiп тұрады.
Осы арада Оразкүл апаға «сiз енеңiзбен қалай өте тату-тәттi тұрдыңыз, осының қандай сыры бар?» деген сауал тастай отырып, бүгiнгi жас келiндердiң құлағына алтын сырға таға отырдық.
– Сол келiн болып аяқ аттаған күннен бастап, енемнiң айтқан сөзiн екi еткен емеспiн. Мен үшiн енемнiң айтқаны заң болды, содан болар өмiрбақи айтқанын iстедiм. Жарықтық енемнiң пейiлi өте кең болатын. Өзiнiң көзi тiрi кезiнде менi мақтап отыратын, мен де ол кiсiнiң пейiлi жақсы, – деп айтқаннан жалыққан емеспiн. Қайта өзiнiң баласы кейде айтқанын iстегiсi келмей отырғанда басу айтып отыратынмын, «апамның айтқанынан басқа кiмнiң айтқанын iстемекшiмiз?» деп. Үнемi апамның айтқанымен жүрдiм, ол кiсiнiң ығынан асып кете алмайтынмын, осыған өзiм де әбден дағдыланып қалғаннан болар, сiрә, бұл.
Алғашқы 4-5 қыздарым апасының қыздары болды. Тiптен, олар тұрмысқа шыққанда да аналары болып артынан бармаппын. Олардың анасы ретiнде апасы баратын той-жиындарына. Сол тұста менiң де барғым келiп тұрса да, енемнiң айтқанын iстеп, бiр жағы көңiлiне қарап бармай қала беретiнмiн. Кейiннен барып, «Апа, неғылды, мен де барайыншы» деп, айтып мен де баратын болдым. «Бақ қайда барасың, ынтымаққа» деп айтқанындай, ынтымақты болсаң өмiрiң жақсы өтедi екен. Менiң осыған көзiм жеттi. Енемнiң айтқанын өмiрбақи iстегенiмнен ұтылған жерiм болған жоқ, қайта жағдайым жақсы болды. Жастарға: «үлкендi сыйлап, кiшiге кiшiпейiл болсаңдар кем болмайсыңдар, жағдайларың жақсы болады», – деген ақыл-кеңесімді айтқым келеді, – деді ардақты ана.
Оразкүл апаның өң-басына қарап, ол кiсiнi орыс ұлтының қызы деп айтуға болады. Осы ойымызды iшке бүкпей, сыртқа шығарып: «Апа, сiздi алғашқыда орыс қызы деп қалдық» дегендi айтып салдық.
– Иә, шырағым дәл таптың. Мен қазақтың қызы болғаныммен, анам – орыс қызы. Анам Мария Москва қаласының қызы екен. Соғыс бiтiп, елге қайтқан әкеммен бiрге келiптi. Сонда орыс ұлтының екi қызы екi қазақ жiгiтiне ерiп келген екен. Кейiн ес бiлгенде, анамнан өмiр тарихын сұрағанымда айтқаны бар. «Қазақтар жақсы өмiр сүредi, – деп ерiп келдiк қазақ жiгiттерiне. Сол үмiтiм ақталды. Қазақ елiнде жақсы өмiр сүрдiм» деп айтып отыратын анам. Анам 5 қыз, 6 ұл туған Батыр ана. Өзi 85 жасқа келiп, қайтты өмiрден. Мынаған қараңыз, бiздер бiр жанұядан өрбiген, жаңағы 11 ұл-қыздың iшiндегi үлкен әпкем Зинакүл 15 ұл-қыз, Бибiгүл 10 ұл-қыз, мен 11 ұл-қыз туып Батыр ана атаныппыз. Анам Мария мен енем екеуi өте жақсы қарым-қатынаста болды. «Анасын көрiп қызын ал» деген емес пе, енем менiң анамды танитын. Орыстың қызы болса да 11 перзент көтерiп, оның бәрiне өнегелi тәрбие берген, нағыз қазақ әйелi,-деп тамсана әңгiмелейдi екен ел-жұрт менiң анам туралы. Сол сөздердi тыңдап, көрiп жүрген енем менi таңдап келiн етiп алғанымен, қызындай қарады маған, – деген Оразкүл апа бiр сәт енесiн еске алып, рухына тағзым еткендей болды.
Иә, келiн мен ене екеуi егiз ұғым. Бүгiнгi ақ босаға аттаған келiн күндер, айлар, жылдар өте келе өзi де ене болады. Ылайым, сол күнге жеткiзсiн, – деген ақ пейiлде болған келiн енесiн сыйлай алады. Ал, атасы мен апасын сыйлаудың ең алғашқы қадамы сәлем салудан басталатыны белгiлi. Осы арада Оразкүл апаға «сiз сәлем салдыңыз ба, келiндерiңiз сәлем салады ма? деген сауалды тастағанымыз бар.
– Айналайын, мен әлi күнге дейiн сәлем саламын. Әулеттiң үлкен үйiне барған сайын сәлем салып кiремiн. Ол үйдегi үлкен кiсiлердiң өздерi бүгiнде өмiрден озса да, әруақтары көрiп тұр ғой,-деген оймен сәлем салып аттаймын табалдырықты. Барған кезiмiзде iлу алып барамыз, жолын жасап. Ал, келiндердiң бәрi де сәлем салады. Қазiр қолымда екi келiн бар. Екеуi де таңертең ата-енесi бiздерге сәлемдерiн салып барып, үй-тiршiлiктерiнiң қамына кiрiседi. Келiндерiмнiң бәрi де жақсы. Құдайдан күнiге балаларымның отбасының амандығын, бiр-бiрлерiмен ынтымақта болуын тiлеп отырамын. Құдайға мың да бiр шүкiршiлiк айтамын, – деген Батыр анаға риза пейілде болдық.
Оразкүл апаның сөз саптауы мен өн-бойынан байқағанымыз көңiл күйiн бірқалыпты деңгейде сақтай алатындығы. Осы көңiл-күйдiң әдемi қалпын сақтай бiлген қасиетiн жоғары бағалағанымыз бар. Оны өзiнен де сұрап, бай өмiр тәжiрибе сабағын алып қалуға ұмтылдық.
-Адам баласына ең керегi адалдық екен. Адал болсаң артық ешнәрсенi ойламайсың, көңiл-күйiң де бiрқалыпты тұрады емес пе? Ал, арамның түбi бiр тұтам деген ғой. Арамдық жасаған адамның өзi-ақ тез таусылып бiтедi. Алланың әмiрi күштi. Мен бүгiнгi өмiрiме ризамын. Ешкiмге қиянат жасамадым, бүгiнгi өмiр жетiстiгiн адалдығымнан таптым. Өтiрiк айтпадым, үлкендi сыйладым, кiшiнiң бәрiн бауырыма тарттым. Адал болсаң, адал мұратқа жетесiң, – деген осы болар, сiрә. Балаларыма да адал болыңдар, – деп айтып отырамын,-дедi Батыр ана.
«Е, Құдай оңдасын,
Әзiретiм қолдасын.
Құдай берсiн,
Кем қылмасын.
Оттың басын аман қыл,
Не тiлесек тiлегiмiз қабыл болсын.
Мұратымыз асыл болсын.
Кетпес дәулет берсiн,
Кең пейiл берсiн» деп берген ақ батасын жазып алдық, кие дарыған ананың ақ тiлегi елiмiзге ынтымағын төге берсiн,-деген ақ ниетпен.
Махмұт көке әңгiмеге араласпады. Бiрақ, ол кiсiнiң «жалқаулықты қойсаңдар болады ғой, еңбек етсеңдершi» деген бiр ауыз сөзiн естiп-ақ еңбектi өмiр серiгi еткенiн ұғындық. Жанұядағы 11 ұл-қыздың несiбесiн өзiнiң адал еңбегiмен тауып, олардың өсiп жетiлуiне бар жағдайды жасаған Махмұт Есенов Абай атындағы №31 мектеп-интернатында тәрбиешi, мұғалiм, мектептiң шаруашылық меңгерушiсi қызметтерiн абыроймен атқарып, бүгiнде еңбегiнiң жемiсiн көруде.
Қазақ елiнiң өсiп-өркендеуiне өнегелi ұрпақ тәрбиелеумен үлкен үлестерiн қосып отырған Махмұт көке мен Оразкүл апамыздың тектi әулетi жастарға үлгi-өнегесiн осылай жақсы өмiр сүру қағидасымен көрсетуде.
Ләззат САРЫБАЕВА,
«Түркістан».
