«ТАРИХҚА ТАҒЗЫМ» АТТЫ 5 ТОМДЫҚ КІТАП ОҚЫРМАНҒА ЖОЛ ТАРТТЫ

799 көрілім

Қала әкімдігінде ғалым, мемлекет және қоғам қайраткері, педагогика ғылымдарының кандидаты, тарих ғылымдарының докторы, «Ардагерлер ұйымы» республикалық қоғамдық бірлестігі орталығының төрағасы Өмірзақ Озғанбайұлының «Тарихқа тағзым» атты 5 томдық шығармалар жинағының тұсаукесер рәсімі өтті. Шараны Түркістан облыстық ардагерлер ұйымының төрағасы Жеңісбек Мәуленқұлов ашып, Өмірзақ Озғанбайұлының өмірі мен еңбек жолдарына кеңінен тоқталып өтті.

Өмірзақ Озғанбаев 1941 жылы 9 маусымда Атырау облысында дүниеге келген. Қызылорда педагогикалық институтын бітірген. Тарих ғылымының докторы, профессор, Қазақстан Республикасы Жоғары мектебі Ғылым академиясының академигі, Қазақстанның еңбек сіңірген қызметкері. Еңбек жолын мектеп мұғалімдігінен бастап, аудандық, қалалық партия комитеттерінде, облыстық «Білім» қоғамдық ұйымында, Маңғышылақ облыстық кәсіби-техникалық білім беру басқармасында лауазымды қызметтер атқарған. 1988-1990 жылдары Қазақ КСР Халыққа білім беру министрлігі республикалық оқу-әдістемелік орталығының директоры, 1990-1994 және 1995-1996 жылдары Маңғыстау облыстық білім басқармасының бастығы, 1994-1995 жылдары ҚР Жоғары Кеңесі Ғылым, білім және жаңа технологиялар жөніндегі комитетінің мүшесі болды.

1996-1999 жылдары ҚР Парламенті Сенатының депутаты, Аймақтық даму және жергілікті өзін-өзі басқару мәселелері жөніндегі комитетінің төрағасы, Қазақстан халықтық бірлігі партиясы фракциясы төрағасының орынбасары, 1999-2001 жылдары Ы.Алтынсарин атындағы Қазақ білім академиясының президенті, 2002-2004 жылдары Тұрар Рысқұлов атындағы Қазақ экномика университетінің проректоры, 2004 жылдан «ҚазМұнайГаз» Кен Барлау АҚ бас директорының кеңесшісі, «Рауан Медиа Групп» АҚ бас директорының кеңесшісі, 2007 жылы Маңғыстау облысы әкімі жанындағы Ардагерлер кеңесінің төрағасы, 2013 жылдан бастап, «Ардагерлер ұйымы» республикалық қоғамдық бірлестігі орталық кеңесінің төрағасы қызметін атқарып келеді. 50-ден астам ғылыми жарияланымның және бірнеше кітаптың авторы, «Құрмет» орденімен, 8 медальмен марапатталған.

Аталмыш бес томдық «Ресей Мемлекеттік Думасы және Қазақстан», «Тарих тағлымы», «Қазақтың шешендігі мен көсемдігі астасқанда», «Жарық жұлдыздар» және «Тағзым» атты жинақтардан тұрады. Еңбектерде халқымыздың тарихына, қазақтың тарихи тұлғаларының, атақты көсемдері мен шешендерінің ел еңсесін көтеру жолындағы жанкешті іс-әрекеттері баяндалған.

Қуаныш ТАСЫБАЕВ.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Жоғары

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы