ҰСТАЗ – ҰЛАҒАТТЫ ЕСІМ

1  239 көрілім

Ұстаздық – киелі әрі мақтан тұтарлық мамандық. Ұстаз – бала болмысына өзгеріс енгізуші, оған бағыт-бағдар беруші. Ұстаз болу әркімнің қолынан келе бермейді. Ұлы ойшыл Әбу Насыр әл-Фарабидің өзі «Ұстаз жаратылысынан өзіне айтылғанның бәрін жете түсінген, көрген, естіген және аңғарған нәрселердің бәрін жадына жақсы сақтайтын, бұлардың ешнәрсені ұмытпайтын алғыр да аңғарымпаз ақыл иесі, мейлінше шешен, өнер – білімге құштар, аса қанағатшыл жаны асқақ және ар-намысты ардақтайтын, жақындарына да, жан адамдарына да әділ, жұрттың бәріне жақсылық пен ізгілік көрсетіп, қорқыныш пен жасқану дегенді білмейтін батыл, ер жүрек болу керек» деген екен. Әйтсе де, дән егіп өсіруден, балапан салып ұшырудан бала тәрбиелеп, мектептен үлкен өмірге қанат қақтыру – ең қиын іс. Бала жанының бағбаны – ұстаз атану – қиынның қиыны!

Елбасымыз айтқандай «Болашақ – білімді жастардың қолында». Яғни, біздің келешегіміздің нұрлы бола түсуі өз қолымызда. Ал, осы нұрлы болашақты құру жолында әркез жастарға жол көрсетіп, көмек қолын созатын, үлгі бола алатын бірден бір тұлға-ұстаз. Мектепті – білімнің тірегі десек, ал тәрбиеші мен мұғалім – сол мектептің жүрегі, яғни бұл мамандық иелерінің қолында адам тағдыры, болашақ ұрпақтың тәрбиесі тұр. Негізі, ұстаз болу оңай шаруа емес. Әр оқушының көңілінің кілтін тауып, олардың тұлға болып қалыптасуына сүбелі үлес қосатын жан болу әр адамның қолынан келе бермейтін дүние. Аса сабырлықты, шыдамдылықты, жылулықты қажет ететін үлкен іс.

Батыс пен шығысты жалғастырып тұрған, Азияның кіндігінде орналасқан қасиетті қазақ жерінде дүниеге келген, әлемнің екінші ұстазы атанған Әбу Насыр әл-Фарабидей алыбымызбен күллі түркі xалқы мақтана алады. Әл-Фараби бабамыз ұстаздық мінез-құлық нормасы жайында былай дейді: ол тым қатал да болмауы керек, тым ырыққа да жығыла бермеуі керек. Өйткені, аса қаталдық – шәкіртті өзіне қарсы қояды, ал тым ырыққа көне беру – қадірін кетіреді, берген білімі мен ғылымына шәкірті селқос қарайтын болады. Кейінірек XX ғасырда ұлағатты ұстаз, асылдың сынығы ретінде Аxмет Байтұрсынұлын айта аламыз. Ол кісі қазақ xалқының сана-сезіміне білім нұрын құю мақсатында, қазақ тілінің жалпы тіл ретінде қалыптасуына үлкен үлес қосты, талмай еңбек етті.

Сөздің соңын ұлағатты ұстаздар жайында xалқымыздың ұлы батыры Бауыржан Момышұлының сөзімен аяқтайын: «Ұстаздық-ұлы кұрмет. Себебі, ұрпақтарды ұстаз тәрбиелейді. Болашақтың басшысын да, данасын да, ғалымын да, еңбекқор егіншісін де, кеншісін де ұстаз өсіреді. Өмірге ұрпақ әкелген аналарды қалай ардақтасақ, сол ұрпақты тәрбиелейтін ұстаздарды да солай ардақтауға міндеттіміз». «Қыран түлегіне қайтпас қанат сыйлайды, ұстаз баласына талмас қайрат сыйлайды» демекші, әр кезде де мектептің жүрегі, қоғамның тірегі бола білетін барша ұстаздарымды мақтан тұтамын!

Анар БЕКМАХАНҚЫЗЫ,

С.Сейфуллин атындағы №4 мектеп–лицейінің 11 сынып оқушысы.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Жоғары