КӘСІБІНІҢ ЖЕМІСІН КӨРГЕН ЖАН

1  833 көрілім

Әрбір адамның болашағы таңдаған мамандығына да байланысты екені анық. Сол себепті мамандық таңдау оңай емес. Бүгінгі таңда ең қажетті мамандық­тардың қатарына энергетик, құрылыс­шы, геолог, радиотехник, инженер, мұнай мен газ, кен ісі сынды маман­дықтар аталып жүр десек, электрик мамандығына да сұраныс өте жоғары. Бүгінгі мақаламыздың кейіпкері де өз өмірін электрик мамандығымен байланыстырған Раушанбек Шарипов болады.

Түркістан қаласы іргесінде орналасқан Ынтымақ елді мекенінде 1956 жылы дүние есігін ашқан Раушанбек Үсенұлы «Қазақстанның 30 жылдығы» мектебін 1973 жылы ойдағыдай тәмамдады. Көп балалы отбасында туылған болашақ электрик осы саланы таңдауына өмірдің өзі түрткі болғанын айтады. Өйткені, қарашаңырақта үлкен ұл болған соң әкесіне қолқанат болып, қосымша табыс табуға тура келді. Жақын ағайындарының нұсқауымен 1971 жылы сол кездегі Түркістан аудандық Киносет мекемесіне, яғни ауылдағы клубта киномеханик көмекшісі болып жұмысқа орналасты. Бұл бозбаланың мектепте 8-сыныпта оқып жүрген кезі болатын. Қосымша табыс тауып, еңбекке ерте араласқан ол 1973 жылдан аталмыш мекемеде киномеханик болып жұмысқа қабылданып 1986 жылға дейін адал еңбек атқарды. Жасыратыны жоқ, сол кездері халық арасында клубқа барып, кино көру жаппай дәстүрге айналған болатын. «Түйір нан – тамшы тер» демекші, осы саланы терең меңгер-ген ол 1980 жылы тағы да қосымша табыс табу үшін Кентау қаласына қарасты электр жүйелері КПЭС мекемесінің Түркістан филиалының Ын-тымақ ауылы бойынша электромонтеры болып жұмысқа орналасады. Кейіннен Түркістан электр жүйелері мекемесіне ауысып, тапжыл-май бір мекемеде 40 жыл бойы электромонтер, электр жүйелері шебері, техникалық өндіріс бөлімінің инженері болып абыроймен қызмет етті. Еңбектен қол үзбей 1992-1994 жылдар аралығында Өзбекстан Республикасының Шыршық қаласындағы индустриалды техникумын сырттай оқып бітірді.

Қарапайымдылығы, ізденісі, ең бастысы мамандыққа деген сүйіспеншілігі арқасында көптеген жетістіктерге қол жеткізді. Атап айтсақ, адал еңбегі үшін «Оңтүстік Жарық Транзит» мекемесі әкімшілігінің бірнеше рет Алғыс хаттары, Құрмет грамоталары, Мадақтамалары, Қазақстан электр энергетика қауымдастығының «Құрметті энергетигі», «Жылдың үздік энергетигі», қала әкімінің «Жыл үздігі» атағына ие болуы еңбегінің жемісі деп айтуға болады.

-«Соңғы жылдары Үкімет тарапынан жастардың кәсіптік білімге деген қызуғышылығын арттыру үшін түрлі бағдарламалар қабылданды. Алдағы жылдары бұл бағдарламалар өз жемісін беруі тиіс. Жасыратыны жоқ, соңғы жылдары кәсіптік білімге ден қойған жастар қатары азайып барады. Әсіресе, электрик мамандығына. Айтарым – жастарға ертерек кәсіптік бағдар бергеніміз абзал. Бұл маңызды іске мектеп қабырғасынан бастап көңіл бөлінуі тиіс. Сонда ғана, болашақ жастар бір кәсіпті ерте бастан терең меңгеріп алады», – дейді Раушанбек аға.

Жақында ғана 65 жасқа қадам басқан мақаламыздың кейіпкері өткен жылы зейнеткерлікке шықса да, үйде қол қусырып қарап отырмай бүгінде «Saccess» мекемесінің бас энергетигі болып өзінің өмірлік мол тәжірибесін жастарға үйретіп келеді. Жұмыста әріптестері арасында сыйлы болған Раушанбек ағамыз өмірлік жары Шарбан апаймен 1 ұл, 2 қызды тәрбиелеп өсірді. Бүгінде ұл-қыздары мен немерелерінің ортасында бақытты ғұмыр кешіп отырған еңбекқор жанның деніне саулық, отбасына амандық тілей отырып, алдағы уақытта да еңбегіңіздің жемісін көре беріңіз демекпіз.

Райымжан ӘЛІБАЕВ,

«Түркістан».

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Жоғары

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы