Түркістан – түркі әлемінің рухани астанасы. Бұл мәртебенің қаламыздың халқына рух берері сөзсіз. Облыс орталығына айналған қаламыздың жаңара түсуі, жан-жақты дамуы – ел Тәуелсіздігінің жемісі. Қазақ елінің азаттығына 30 жыл толып отыр. Иә, бұл көп те емес, аз да емес. Киелі шаһардың төрінде Еліміздің Тәуелсіздігімен бірге дамып келе жатқан Ахмет Ясауи университетіне де 30 жыл толып отыр.
Елдік пен ерліктің қасиетті мекені болған киелі күмбезді Түркістан тарихы, ертеден басталады. Ата қоныстың аса бай шежіресі, тарих тұңғиығынан сыр шертеді. Ежелгі Түркістан даңқының әлемнің түкпір-түкпіріне кең жайылуы, ұлы бабамыз Қ.А.Ясауидің есімімен, оның алыстан көз тартар кесенесімен тығыз байланысты.
1991 жылы 6-маусым күні Кеңес Өкіметі тоқырап, құлағалы тұрған тұста, экономикалық құлдырауға қарамастан Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың озық ойлы идеясы мен жан-жақты қолдауы негізінде А.Ясауи атындағы Түркістан Мемлекеттік университеті құрылды. Оқу орнының аудан орталығында құрылуына қарсы пікірлер айтылып, оның болашағына сенбегендердің қарасы да көп болды. Бірақ іскер ұйымдастырушы, академик, алғашқы ректор Мұрат Жұрынұлының табандылығы мен қайсар мінезі күмәнді ойларды сейілтті.
Кеңес Одағының іргесі сөгіліп, еліміз Егемендігін жариялаған уақытта алғаш болып Тәуелсіздігімізді мойындаған Түркия мемлекеті болды. Түркия Республикасымен арадағы үзілген байланыстар осы кезеңде қайта жандана бастаған болатын. Араға тура 11 ай салып Ахмет Ясауи атындағы Түркістан Мемлекеттік университеті – Халықаралық қазақ-түрік университетіне айналды. Оқу орны – қос ел бауырластығының ең алғашқы жемісі. 1992 жылғы 1 мамырда Қазақстан Республикасы Президенті Н.Назарбаев пен Түркия Республикасы Премьер-министрі С.Демирелдің ортақ келісімі нәтижесінде, университет Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті болып қайта құрылды.
1995 жылы оқу орны қалашығының іргетасын қою рәсіміне Президенттер С.Демирел мен Н.Назарбаевтың арнайы қатысқаны ұжымның әлі есінде. Осы сапарында Елбасы Н.Назарбаев: «Құрметті Түркия Республикасының Президенті Сүлеймен Демирел мырза және қонақтар! Республика халқы, Оңтүстік Қазақстан облысының жұртшылығы Түркістанға келген сапарларыңызға құтты болсын айтады! Біздің сіздермен кездескен күніміз жаңадан тәуелсіздік алған еліміздің тойы болып саналады. Біз тәуелсіздік алғанда, ең бірінші болып таныған, қабылдаған және қолдаған бауырлас Түркия мемлекеті болатын. Сондықтан, біз үшін бауырлас Түркия Республикасының орны ерекше! Біздің арамыздағы ұлы достық байланыстардың басы-қасында қазақ халқының үлкен досы, дүниежүзіне белгілі саясаткер, әрі ірі мемлекет қайраткері Сүлеймен Демирел мырза жүр. Біздің бүгінгі кездесуіміздің мәні үлкен. Қазір болашақта тек Қазақстанда ғана емес, Орта Азиядағы ең ірі университетке айналатын оқу орнының іргетасын қоямыз. Бұл шын мәнінде үлкен іс. Қай мемлекет болмасын, жастарды оқытуға, халыққа білім беруге, жалпы ғылым-білімге қаражат табу – қиынның қиыны. Соған қарамастан, Қазақстан Республикасында ғылым мен білімге сара жол ашу міндеті қойылып отыр. Бізге жасап отырған ағайындық, туыстық қамқорлықтарыңызға, Сіз арқылы бүкіл түрік халқына қазақ халқының атынан шын жүректен шыққан алғыс сезімін жеткізгім келеді. Біз туысқан елге жақсылық, шаттық, бақыт тілейміз. Түрік халқының мәртебесі жоғарылап, өсе берсін! Түрік пен қазақ халқының арасындағы достық байланыс нығая берсін!» – деген болатын.
Содан бері 30 жыл өтті. Бүгінде, Халықаралық және Ерекше мәртебеге ие оқу ордасы, қазақ-түрік бауырластығының символына айналып, кемелденіп дамып келеді. Қазақстан мен Түркия мемлекеттерінің қамқорлығына ие университеттің аз уақытта үлкен белестерді бағындыруы, екі ел ынтымағының нәтижесі. Оқу орнының іргетасын қою рәсімінде Түркия Республикасы Президенті С.Демирел университетке үлкен сенім білдіріп: «Жер бетінде бейбітшіліктен, тыныштықтан, тұрақтылықтан, бауырластықтан, халықтардың ізгі құрмет-сүйіспеншілігінен асқан бақыт жоқ. ХХI ғасыр – ғылым мен білімнің ғасыры. Халықаралық университет берік ынтымақты ту ете отырып, ғылым мен білімнің биік белесінен көріне береді деп сенемін. Біз де осы жолға бар мүмкіндікті жұмылдырамыз. Тек Түркия мен Қазақстан ғана емес, бүкіл түркі халықтарына ортақ университеттің түлектері жоғары талапқа лайық, үлгілі болулары керек!» – деген болатын.
Иә, осыдан 30 жыл бұрын екі ел басшыларының көрегендікпен айтқан зиялы да, дана ойлары бүгінде нақты нәтижелермен іске асуда. Бүгінде әлем мойындаған университеттер қатарынан ойып орын алып келе жатқан оқу ордамыздың болашағы жарқын. Оқу орнына Қазақстан халқы, Түркі дүниесі, киелі жер – Түркістан деп, зор ықыласпен қарайды. Қазақ-түрік бауырластығының өркен жайып, нығая беруіне үлкен сенім білдіреді.
Асқат КЕҢЕСҰЛЫ,
Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің аға оқытушысы.
