Тыл ардагерi Мырзахан Омаров – ұзақ жасаған өнегелі қариялардың бірі. Өмiр сүру қағидасын терең меңгергенiне құрметiмiз ерекше. Ел құрметтеген қарияның асыл тiрлiгiне риза болдық. Ендеше, өмiржолына үңiлсек.
Мырзахан Омаров 1929 жылы 20 мамыр күнi Түркiстан ауданы, Сауран ауылында дүниеге келген. Әкесi Байзақов Омар мен анасы Жәмила өмiрлерiнiң соңына дейiн колхоз жұмысында болған. Ұлы Отан соғысы басталған 1941 жылы 12 жаста болған Мырзахан Омаров – еңбекке ерте араласып, тылда қызмет еткен жас буынның бiрi. 1946 жылы Түркiстандағы темiржол училищесiнде оқып, машинист мамандығын алып шығады. Мұны бiтiргеннен кейiн Арысқа жолдамамен жiберiлiп, алғашқы еңбек жолын бастайды. 1951-1954 жылдар аралығында әскер қатарында 3 жыл болып, Отан қорғау борышын атқарады. Ал, әскер қатарынан келiсiмен Арыс қаласында еңбек ете жүрiп, Ташкент қаласындағы тепловоз машинистi оқуына жолдамамен барып, бiр жылдық курсын ойдағыдай бiтiрiп шығады.
Тепловоз машинистi қызметiнде жүрiп ауыр состав пойыздарды алып жүру жұмысының қыр-сырын терең меңгерiп, алдыңғы қатардан көрiнгенiнiң арқасында 1963 жылы Арыс қаласынан Қазақ ССР Жоғарғы Советiне депутат болып сайланады. 1963-1967 жылдар аралығында Қазақ ССР Жоғарғы Советiнiң өнеркәсiп және транспорт жөнiндегi тұрақты комиссиясының мүшесi болған депутат Мырзахан Омаров – Шымкент облысындағы өнеркәсiп және транспорт саласындағы өзектi мәселелердiң шешiлуiне оң ықпалын тигiзген халық қалаулысы.
1967 жылы туып өскен жерге оралып, Түркiстандағы локомотив депосында машинист қызметiн атқарады. Осы жылы Таш ИИТ-ға сырттай оқуға түсiп, тепловоз инженерi мамандығын алып шығады. Еңбек жолында машинист, кадр бөлiмi, мастер, МПС қабылдаушысы қызметтерiн абыройлы атқарып, еңбегiнiң жемiсiн көру мақсатында 1984 жылы зейнет демалысына шығады.
Мiнеки, Мырзахан ақсақалдың өмiр жолына толық қаныққаннан кейiн өзiмiздi толғандырған сауалдарды қоя отырдық. Алғашқы сауалымыз, әрине, сол бiр қиын заман турасында…
– Иә, мен ол кезде 12 жаста едiм. Отбасында 9 ұл-қыз едiк. Ағам 1927 жылғы болатын. 1926 жылғылардан бастап соғысқа аттандырып жатты ғой. Әкем Омар Байзақов пен анам Жәмила екеуi де колхозда еңбек еттi өмiрлерiнiң соңына дейiн. Өзiм түйекешке жәрдемдестiм, одан қой бақтым, қозы бақтым. Қырманға да барып, онда жұмыс iстедiк. Сол тұстағы елдi басқарып тұрған колхоз бастығы қайда жұмсаса, сонда барып еңбек еттiк. Мына тiрлiк қолымыздан келмейдi демедiк. Сол тұстағы балалардың барлығы да ерте есейiп, бiр ғана арман мақсаттары болды. Ол – соғыс жеңiспен аяқталса екен, – деген арман едi. Қой, қозы бағып жүрiп ағарғанға қолымыз жеттi. Бiздiң үйдiң адамдары ағарғанмен күн көрдi. Ал, бұл ағарғанға қолы жетпеген қаншама жанұялар аштықтың азабын тартты. Бiр уыс бидай көрген жоқпыз. Барлық азық-түлiктер, заттар соғыстағы ерлерге жөнелтiлiп жатты. Тiптен үйдегi төсеулi жатқан киiзге дейiн алды ғой, соғыстағы жауынгерлерге қолғап, жылы төсенiш болсын, – деген оймен. Өйтiп-бүйтiп, елдегi азаматтар күн көрiп жатты. Бәрiн бiрiктiрген ынтымақ, бiрлiк, «бiз жеңемiз» деген ұлы үмiт болатын. Жеңiс күнi де келiп жеттi-ау, әйтеуiр.
Ал, Түркiстандағы темiржол училищесiнде оқыған жылдарын Мырзахан ақсақал былай еске алады.
– Соғыс аяқталса да, елдiң жағдайы ауыр тұс болатын. Қаладағы темiржол училищесiне жастарды жинап, оқуға шақырды. Сол жастардың қатарында мен де болдым. Елде мамандар жетiспей жатқан уақыт болғандықтан үкiмет өзi оқытты. Мемлекеттiң қамқорлығындағы училище болғандықтан, тамағы да, киiмi де тегiн болды. 2 жыл оқыдық, паровоз машинист мамандығын алып шықтық, Арыс қаласына жұмысқа жiбердi. Онда да жаман болғанымыз жоқ. Жағдайымыз жақсы болды. Әскер қатарына шақырылдым, онда 3 жыл болып қанаттана түстiм. Келгеннен кейiн жұмысымды жалғастырып, темiрдей тәртiппен еңбек ете бастадым. Сол тұстағы адамдардың барлығы да өте тәртiптi болатын. Еңбектi сүйетiн, қадiрлейтiн жандар көп болатын. Содан емес пе, еңбегiм бағаланып Қазақ ССР-нiң алтыншы сайланған Жоғарғы Советiне депутат болып сайланғаным.
Осы тұста бiз де сауалымызды қойып үлгердiк.
– Мырзахан көке, депутат болып, елдiң сенiмiн ақтай алдыңыз ба? Бүгiнгi депутаттарға қарап отырып, қандай ойда боласыз? Ол тұстағы депутат пен бүгiнгi депутат арасында айырмашылық бар ма? Жалпы осы депутат болу бүгiнде лауазым иелерiнiң арманына айналуда. Осыған не дейсiз?
– Ауыр составты поездарды алып жүрiп, елдiң көзiне iлiнiп, депутат болып сайланғаныма әрине, қуандым. Алайда, ел сенiмiн ақтау үшiн бiрқатар тiрлiктер атқару керектiгiн ұғындым. Халықпен кездескенде елдiң айтқан өтiнiштерi мен ұсыныстарын, тiптен тапсырмаларын жазып алып, оны министрлердiң кабинетiн жағалап жүрiп, жеткiзуге тырысатынбыз. Мен ғана емес, сол тұстағы депутаттардың барлығы да өзi сайланған аймақтың өзектi мәселелерiн айтып, тиiстi шешiмiн табуға өзiндiк үлестерiн қосуға қолдарынан келетiн бар жағдайды жасайтын. Атап айтсам, Арыс қаласының қала ретiнде статус алуында өзiмнiң үлкен үлесiм бар екендiгiн мақтанышпен айта аламын. Ал, оған дейiн Арыс Темiрланға қарайтын едi ғой. Сонымен қатар, Қазақ ССР Жоғарғы Советiнiң өнеркәсiп және транспорт жөнiндегi тұрақты комиссиясының мүшесi болғандықтан, Шымкент облысындағы осы сала төңiрегiндегi өзектi мәселелердiң тиiстi шешiмiн табуға үлесiмдi қоса алдым. Нақтырақ айтар болсам, Шымкент облысының асфальт жолдарын төсеу жұмысының сапалы болуын бақылауда ұстап, жүйелi тiрлiктердiң атқарылуына септiгiмдi тигiздiм және өзiмнiң туған жерiм Сауран ауылындағы жолға асфальт салдыртқан едiм.
Алматы қаласынан сайланған Сырлыбек Байжанов Қазақ ССР темiржолының бас инженерi болатын. Сол кiсi былай деп айтқан едi. «Жұмысшы табынан шыққан депутатсың. Ешкiмнен тайсалмай, елдi толғандырған ауылшаруашылығы тақырыбындағы өзектi мәселелердi жақсы көтердiң ғой» дейтiн. Өзi де лауазымды орында отырғандықтан көп көмегiн тигiздi. Айтқан сөзi ақ, өте адал кiсi болатын. «Министрлердi жағалап жүргенше, бiрден өзiме келсей, қолдан келгендi аямаймын» дейтiн. Қазақ ССР Жоғарғы Советi Президиумының Секретары Бижамал Рамазанова ақыл-парасаты мол жан едi. Ол кiсi де көптеген тiрлiктерге жәрдемiн тигiздi. Мiне, осындай жақсы жандардың нұрына бөлене жүрiп, халық тапсырмаларын орындаған едiм. Сонымен айтарым, елдiң аманатын жоғарғы жақтағыларға жеткiзiп жүргенiмiздiң арқасында ауылдарда мектептердiң ашылуына, әр аудан орталығында ет комбинатының ашылуына мұрындық болғанымды айтып өтсем, артық болмас. Сол, жүгiрiп жүрiп ашқызған ет комбинаттарының жабылып қалғаны көңiлдi жабырқататыны бар.
Бүгiнгi күнгi депутаттарға қарап отырып, бiзден әлдеқайда жағдайлары жақсы екендiгiне көзiм жетедi. Бiздер елдiң ұсынысын, аманатын орындау жолында тыным таппадық. Ел тапсырмасын орындауды өзiмiздiң мақсатымыз ретiнде ұстандық. Жауапкершiлiкпен қарадық. Әрбір азаматтың өзiндiк ұстанған арман мақсаты болады. Түптеп келгенде ар мен намысын ойлаған ер азаматқа лайық тiрлiктерге бой алдырған жақсы. Бүгiнгi тiрлiгiң ертеңгi өмiрiңе даңғыл жол ашады. Сондықтан жақсы, игiлiктi тiрлiктерiң ешқашан ескерусіз қалмайды, ұрпақ есiнде сақталады, – деп жауап берген қарияға риза болдық.
Бүгiнгi таңда Мырзахан Омаров Құдай қосқан қосағы Жәмила екеуi дүниеге әкелген 8 перзентiнен 15 немере, 7 шөбере сүйiп отырған қадiрмендi қария. Жамила апаның дүниеден озғанына 3 жылдан асып қалыпты.
Мiне, Мырзахан қарияның өмiр жолын жастарға үлгi ете отырып, өмiрдiң мәнi ұзақ жасауда емес, мағыналы өмiр сүруде екендiгiн айта кетудi өзiмiзге парыз санадық.
Ләззат САРЫБАЕВА,
«Түркістан».
