Түркістан қаласының əкімі Рашид Аюпов С.Ерубаев атындағы мектеп-интернатында “Ақмақта” мөлтек ауданының тұрғындарымен кездесті.
“Сіздердің көкейдегі сауалдарыңызды тыңдап, қаламыздың алдағы уақытта даму жоспары бойынша ұсыныстарды тыңдауға келдім”,- деген шаһар басшысы бүгінде орын алып жатқан жұмыстар жайлы айтып, көшедегі қалыпқа келтіру жұмыстарына түсіністік танытуды сұрады.

Жиылған қауым мөлтек аудандағы басты мəселелерді көтерді. Нақты айтсақ, көше бойларына жаяу жүргіншілер жолағы мен жарықшамдар орнатуды, жол бетіне жиналған суды тазарту үшін ұңғымалар салуды, трансформаторлардың санын көбейтуді, бұрын салынған саябақты жаңғыртып, қайта орнатуды ұсынды. Мəселен, 187 үй бір ғана трансформаторға қосылған. Нəтижесінде, электр қуаты төмендеп, жарықтың бəсеңдеуіне əкеп соқтырған. Ал 8 көшеде трансформатор атымен жоқ болып шықты. Кейбір отбасылар уақыт күте шаршағанын айтып, су мен жарықты өз қаражаттарына кіргізген.

Тұрғындардың сөзіне сүйенсек, ондағы 2 мектеп пен 3 балабақша бағытындағы жолдар сын көтермейді. Тас жол салынбағандықтан, балалардың жаңбырлы күндері балшыққа батуы орын алады. Жиында атаулы əлеуметтік көмек алу мəселесі де шетте қалмады. Əкім бұл ретте тұрғындарды сабырға шақырып, мұқтаж жандар міндетті түрде АƏК алатынына сендірді. Осы сынды көптеген сауалдарды Рашид Абатұлы өз қойын дəптеріне түртіп алып, алдағы уақытта нақты қалай жүзеге асатыны жайлы хабар беретінін айтты.
Кездесуге қала прокуроры Р.Абдраимов пен жергілікті полиция қызметінің бастығы Б.Əуелбеков те қатысып, тұрғындардың сауалдары бойынша нақты жауаптар берді.

Жанерке ЖАРЫЛҚАСЫН,
“Түркістан”.
