БӨЛІМ БАСШЫЛАРЫНЫҢ ЕСЕБІ ЖАЛҒАСУДА

2  085 көрілім

Қала әкімі Рашид Аюповтың тапсырмасына сәйкес, қала әкімдігіне қарасты дербес бөлім басшыларының 2021 жылдың I тоқсанында атқарған жұмыстарының есебі туралы газетіміздің өткен санында да жариялаған болатынбыз. Қала әкімінің төрағалығымен өткен жиын Түркістан қаласы әкімдігінің Instagram, Facebook желілеріндегі парақшаларында тікелей эфирде көрсетілуде. Эфир барысында әкімдік парақшасы мен 109 – Бірыңғай байланыс орталығына келіп түскен ең маңызды деген сұрақтарға бөлім басшылары тікелей жауап беруде. Сонымен қатар, Халықтық кеңсе арқылы қала әкімінің қабылдауына жазылған азаматтар да ZOOM жүйесі арқылы сұрақтарына жауаптарын алуда.

Сонымен өткен аптаның жұмасында қала әкімдігінде құрылыс бөлімі басшысының міндетін уақытша атқарушы Н.Жақсылық пен тұрғын үй қатынастары және тұрғын үй инспекциясы бөлімінің басшысы Ә.Омаров 2021 жылдың І тоқсанында бөлімде атқарған жұмыстар бойынша есебі тыңдалды.

Алдымен құрылыс бөлімі басшысының міндетін атқарушы Нұрсұлтан Бақытұлының мәлімдеуінше бөлім тарапынан қазіргі күнде 103 нысанның құрылысы жүруде. Оның ішінде тұрғын үйлер, инженерлік инфрақұрылым құрылысы және саябақтар бар. Тұрғын үйлер – Түркістан қаласының әкімшілік-іскерлік орталығында салынуда. Атап айтқанда, 7, 9 және 12 қабатты жалпы саны 82 тұрғын үй құрылысы мемлекеттік бюджет есебінен жүзеге асырылуда. Аталған үйлердің құрылысы аяқталған соң «Отбасы банкі» және екінші деңгейлі банктер арқылы берілетін болады. Бұл үйлерде инженерлік желілер, абаттандыру және көгалдандыру жұмыстары қатар жүретін болмақ.

Бұдан соң тұрғын үй қатынастары және тұрғын үй инспекциясы бөлімінің басшысы Ә.Омаров жыл басынан бері атқарған жұмыстарын баяндап өтті. Жалпы, Түркістан қаласында тұрғын үй кезегіне 13025 отбасы тіркеліп тұр. Оның ішінде, халықты әлеуметтік жағынан осал топтағылар, көп балалы отбасылар, мемлекеттік немесе бюджеттік қызметкерлер, кәмелетке толғанға дейiн ата-аналарынан айырылған жиырма тоғыз жасқа толмаған жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар бар. Азаматтарға үйлердің берілуі кезек реттілігімен көпқабатты үйлердің құрылысы аяқтала үлестірілмек.

Бөлім басшысының атқарған жұмыстарының есебін тыңдаған қала әкімі Р.Абатұлы тұрғын үй қатынастары және тұрғын үй инспекциясы бөлімінің басшысы Ә.Омаровқа бірқатар нақты тапсырмалар берді. «Өткен жылдарда бірінші және екінші мөлтек аудандарда сенбілік ұйымдастырып, барлығымыз жұмыла тазалаған едік.

Жертөлеге бөлім басшысы ретінде өзіңіз жеке кіріп, кемшіліктерін қарап, халықтың дүниесі демей, қалыпқа келтіру жұмыстарын атқарыңыздар. Келер жұмада есебін қараймын», – деген шаhар басшысы одан өзге заңсыз салынған немесе заңсыз қоршап алынған нысандарды жер қатынастары бөлімімен бірге анықтауды тапсырды. Рашид Абатұлы бөлім басшысына тұрғындардың емін-еркін жүруі және балалардың кедергісіз ойнап, қолайлы орта қалыптастыруы үшін аталған жұмыстардың маңыздылығын атап өтті.

Сондай-ақ, осы аптада қала әкімі спортты дамыту бөлімі, ішкі саясат бөлімі, мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі басшыларының да 1-тоқсанында атқарылған жұмыстарының есебін тыңдады.

Ішкі саясат бөлімінің басшысы Бақытжан Букебаев атқарылған жұмыстар легімен жүйелі таныстырды. Мәселен, шаһардағы ішкі саяси тұрақтылықты, ел бірлігін қамтамасыз ету мақсатында әлеуметтік-экономикалық, мәдени және қоғамдық-саяси салалардағы мемлекеттік саясаттың негізгі басымдықтарын іске асыратын бөлім межелі жоспарды уақытында атқарып отыр. Алғашқы тоқсанның өзінде бөлімге жалпы саны-331 құжат келіп түсіп, оның ішінде жоғары органдардан – 238, жергілікті атқарушы органдардан, аудандар мен қалалардан, мекемелерден келгені – 93 хатты құраған. Ал, мекеменің жалпы шығыс құжаттарының саны – 96, оның ішінде жоғары органдарға жолданғаны – 31, аудандар мен қалаларға, мекемелерге жіберілгені – 65 құжат болған. Сонымен қатар, ақпараттық идеологиялық жұмыс, үкіметтік емес ұйымдарымен өзара іс-қимыл жасау бағыты, этномәдени орталықтар, саяси партиялар, шаһардың қоғамдық саяси ахуалы, этносаралық көшбасшылар жайында, қала әкімідігіне келіп түскен өтініштер бойынша, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздердің заң талаптарына сәйкес орналасуы, «Рухани жаңғыру» бағдарламасының аясында жүзеге асырылған іс-шаралар, кіші бағдарламалар, «Ақпарат толқыны» бойынша, дін саласында атқарылған жұмыстар, 2021 жылы алда тұрған міндеттер мен ұсыныстар хақында жеке-жеке тоқталып өтті.

Спортты дамыту бөлімінің басшысы Қ.Айдарбеков бөлімде 3 мемлекеттік қызметкер, 3 келісім-шарт қызметкерлері жұмыс жасайтынын тілге тиек етіп, статистикалық есеп бойынша қалада 203 спорт нысаны бар екенін атап өтті. Ары қарай бөлімнің 2021-2025 жылдарға арналған Даму бағдарламасында 1 индикатор 2 көрсеткіш барын жеткізді. Атаулы тоқсанның өзінде 2982 адамды қамтыған 25 спорттық шара өткізіп үлгерген. Тағы бір айта кетер жетістік осы жылы облыстық, республикалық жарыстарда қаламыздың намысын қорғаған спортшыларымыз жүлделі орындарды қанжығасына байлаған. 21 палуан қатысқан облыстық балуан жарысында Айдарбек Тоқтарбек бас жүлде иегері атанып, биылғы «Қазақстан Барысы» республикалық жарысында облыс намысын қорғауға жолдама алған.

Ал, сөз тізгінін қолына алған мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Азамат Әмір өткізілген мәдени шаралар жайында тоқтала келіп, осы жылдың 3 айында 231 мәдени іс-шара ұйымдастырылып, 100 мәдени іс-шара онлайын форматта өткізілгенін айтты Бүгінгі таңда шаһарда арнаулы «Тілдерді оқыту орталығы» жұмыс жасап келеді. Бөлім басшысының айтуынша 13 адам жұмыс істейтін орталықта қазақ тілін үйрену бойынша 120 адам, ағылшын тілі бойынша 138 адам тіл үйреніп жатыр. Рухани ошақ саналатын 394358 кітап қоры бар 14 кітапхана қала оқырмандарына жүйелі қызмет көрсетіп, өз білімін тіпті де терең шыңдай түсуге қарекет етіп келеді. Ілгері де қалалық мәдениет үйі МКҚК тұрғындарға қызмет көрсетсе, бүгінде Түркістан қалалық музыка драма театры өз жұмысын бастаған. Репертуарларында Дулат Исабековтың «Бөрте», Абайдың «Ақыл мен жан», «Ақын», «Фариза», балаларға арналған ертегі-мюзикл шығармалары қалың көрерменге жол тартуда. Шара соңында қала әкімі бөлім басшыларының ұсыныстарын тыңдап, бірқатар тапсырмалар берді. Сонымен бірге бөлімдерге берілген қаржының игерілуін қадағалады.

Қуаныш ТАСЫБАЕВ,

Үмітбек БАҒДАТ.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Жоғары

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы