Мемлекеттік рәміздер – бұл кез келген елдің егемендігі мен біртұтастығын бейнелейтін, мызғымас негіздерінің бірі. Елбасы Н.Назарбаевтың сөзімен айтар болсақ, «Мемлекеттік рәміздер – халқымыздың рухын, ұлттық санасы, қаһармандығы мен даналығын, болашаққа деген үмітін, арман-тілегін жеткізетін ерекше құнды белгілер».
Шынында, Әнұранымыз шырқалғанда жүрегімізді шаттық кернейді, өйткені үмітіміз, тілегіміз бір. Көк Туымыз айбын қаһармандық беріп, Елтаңбамыз ұлттық сана мен даналықпен рухтандырады.
Туымыз Президент резиденциясында, Үкімет үйінде, барлық мекемелерде ілулі тұрады. Елтаңбамыз туу туралы куәлікте, орта білім туралы аттестатта, төлқұжатта, құжаттарда бейнеленген. Әнұран республика, облыс, қала, аудан көлеміндегі маңызды салтанатты мәжілістерде орындалады.
Отанымыздың ұлттық мақтанышы – мемлекеттік рәміздерді құрметтеп, киелі құндылықтарымызды қастерлеу елімізде заңды әрі міндетті. Мұны барша халық жақсы түсінеді, әрі өз Отанының белгілерімен мақтанып отырады.
Бізде мәдениет үйі қызметінің іс-шараларында патриоттық рух алу мақсатында қолымызға көк туды ұстап шығу дәстүрімізге айналған. Өйткені, көк туымызды желбіретіп көтерсек халықтың жүрегіне жол салып, жарқырай түсеміз. Ақындарымыз өлең, сазгерлеріміз ән шығарып мемлекеттік рәміздеріміздің рухы одан сайын асқақтайды.
Бізге рух пен асқақ сезім берген рәміздеріміз елімізді биіктете берсін. Халқымыз рухтанып, тыныш, сау-саламатта өмір сүріп, ел нышандары-мемлекеттік рәміздерді жүрегімізбен бағалай білейік.
С.ШОМПИЕВА,
қалалық мәдениет үйінің ұжым жетекшісі.
