Алаштың арда ұлы Сұлтанбек Қожановтың қай жылы және қай өңірде өмірге келгені туралы деректерді білген жөн. Бірақ оны қайталай берудің қажеті аз. Сталинге ашық қарсы шыққан созақтық қазақ екенін қаймана қазақтың бәрі де біледі. Бізге оның ең алдымен еліне, ұлтына не істеп, не қойғаны маңызды.
Зерттеушілердің айтуынша, өзінің тарихи бағасын осы кезге дейін ала алмай келе жатқан тұлғалардың бірі – Сұлтанбек Қожанов. Оның тұлғасын тану мен танытуға қатысты бірқатар арнаулы зерттеу еңбектер жарыққа шықты. Атап айтқанда өзбекстандық тарихшы Р.Раджапова, қазақстандық Т.Қожакеев, Р.Бердібай, Б.Қойшыбаев, Ж.Әлмашұлы, А.Шәріп, Ж.Симтиков, Ж.Әлиханова және т.б. ғалымдар мен әдебиетшілердің еңбектері де осы қатарды толықтыра түседі.
Қазірге дейін қазақтың жоғын жоқтаған арда азаматтар көп болған, бола береді де. Олар еліміздің әр қиырында жүріп-ақ бірін-бірі жақсы білген, бір-бірінің ниетін айтпай түсінген, тіршіліктерінде бір-біріне қолдау көрсеткен. Мысалы, сонау солтүстікте, Арқада өсіп-өнген А.Байтұрсынов, Ж.Аймауытов, М.Дулатов, М.Жұмабаевтар оңтүстіктегі халық жанашырлары Т.Рысқұлов, Н.Төреқұлов, C.Қожановтай азаматтармен бір туған бауырлардай түсініскен. Ұлты үшін ұғысқан, жұрты үшін жұғысқан.
Қалай десек те, С.Қожановтай Алаш қайраткерлері халық жадында мәңгілікке сақталды. Басқаша болуы мүмкін емес. Олар «артында өлмейтұғын сөз де қалдырды», іс те қалдырды. «Сұлтанбектің шүлен көжесін-ай», – деп қариялар кешеге дейін көздеріне жас алған екен. Сол «шүлен көженің» дәмі қазақтың таңдайында әлі тұр…
С.Ерубаев музейінде С.Қожановқа арналған арнайы бөлім бар. Бұл бөлімде С.Қожанов туралы біршама дерек жинақталған. Көрнекті қоғам және мемлекет қайраткері С.Қожанов – ұлты үшін құрбан болған қайсар ұл. Сондықтан жыл сайын С.Қожановты еске алып, іс-шара және көрмелер өткізіп келеміз.
А.БОСТАНОВ,
С.Ерубаев музейінің меңгерушісі.
