Сауран ауданының әкімі
Ғани РЫСБЕКОВ:
САУРАН АУДАНЫ – БИЛІКТІ ХАЛЫҚҚА ЖАҚЫНДАТУҒА НЕГІЗДЕЛГЕН ШЕШІМНІҢ ЖЕМІСІ
Түркістан облысында Кентау қаласына қарасты болып келген он екі ауылдық округ өз алдына Сауран ауданы болып құрылып, қазіргі күнде жергілікті басқару мекемелері жасақталып жатқаны белгілі. Осы ретте тұрғындар биліктің бұл қадамын жақсылыққа балап, келер күннен үлкен үміт күтіп отыр. Сонымен бірге, жаңа құрылымның қалыптасуына байланысты аудан халқының көңілін күпті етіп жүрген мәселелер бар. Осындай жағдайларды ескере отырып, Өткен сәрсенбінің таңында аудан әкімі Ғани Құрмашұлымен тілдесіп қайттық.
Қызу тірлік жүріп жатыр. Жаңа құрылымның алғашқы тағайындалған қызметкерлері уақыт оздырмай халыққа қызмет көрсету мақсатында қолайлы орынды ыңғайластыру тірліктеріне бел шеше кірісіп кеткен. Соның арасында біз де аудан әкімімен тілдесіп қалуға тырыстық.
Жаңа ауданды құру барысындағы үйлестіру жұмыстарының басында өзіңіз жүрдіңіз. Игі қадамның бастауында қандай мәселелер негізге алынғанына тоқталсаңыз?
Естеріңізде болса биыл 19 ақпанда халық алдында есеп берген Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Естайұлы өңірімізде жаңа Сауран ауданын құру туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлына ұсыныс берілгенін мәлім еткен еді. Бұл ұсынысты өңір басшысы алдымен, өткен жылдың соңында Кентау қаласы мен оның ауылдық округтерінің яғни осы Сауран ауданының құрамындағы ауыл тұрғындарына ұсынған болатын. Сол кезде жергілікті халық Сауран ауданын құру туралы облыс әкімінің бастамасын қуанышпен қолдады. Соның нәтижесінде кешегі Ұлыстың Ұлы күні қарсаңында (12 наурыз) Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Сауран ауданын құру туралы тиісті Жарлыққа қол қойды.
Әуелі тарихқа тоқтала кетсем. 1939 жылдан бастап жиырма жылға тарта уақыт Фрунзе ауданы болған. Кейін келе Түркістан қаласы және ауданы болып қайта құрылып тәуелсіздіктің алғашқы жылдарына дейін жұмысы жүргізілді. Міне, осылайша жас мемлекетіміздегі ыңғайластыру кезінде аудан тарқатылып, дәл қазіргі он екі ауылдық округ Түркістан қаласына қосылды. Одан беріде Елбасы бастамасымен облыс орталығы атанған Түркістан қаласы өз алдына дамуы керек болды да бұл ауылдар 2018 жылдың соңынан бастап, Кентау қаласына қарасты болды. Сөйтіп шағын шаһар (моноқала) ретінде дамуға бет алған қаланың өз мәселесіне біздің ауылдардың мәселесі қосылды. Сөйтіп бастапқы аудан күйіндегі елдімекендерге деген көзқарас осылайша қосарланған күйде қалып отырды. Қысқасы бұл мекен қай қалаға қосылса да ең әуелі орталық мәселесін шешуге мән берілді де, осы он екі ауылдық округтегі мәселелер екінші кезекте тұрды. Иә, шалғайдағы ауылдарға мүлде көңіл бөлінбей қалды дей алмаймын. Дегенмен елдімекендерді көркейтіп жіберетіндей айтарлықтай дәрежеде жағдай жасалмады. Осындай жағдайдың алдын алу, облыс орталығының іргесіндегі ауыл-аймақтың әлеуетін көтеру мақсатындағы бастама бүгінгі Сауран ауданының құрылуы дер едім. Мемлекетіміз Түркістан мен Кентау қалаларын қоршай орналасқан он екі ауылдық округті дамытуға осылайша көңіл бөліп отыр. Мұнда ерекше маңыз беретін жай аталмыш шешімнің қабылдануына билікті халыққа жақындату мақсатындағы «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы негіз болды деп қарастыруымыз керек. Бұл ел Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлының Қазақстан халқына арнаған Жолдауына арқау болған бағыттардың бірі. Бүгінгі таңда Сауран ауданының тұрғындары бұл бастаманы ерекше ықыласпен қолдап отыр десем болады. Иә, бастапқыда біршама мәселелер туындап, тұрғындарға құжат рәсімдеу барысында қайта заңдастыру мәселелері туындауы заңдылық. Алайда, алдағы күндері аталған он екі ауылдық округтің дамуы жолында тікелей әрі нақты жұмыстар жүргізілетін болады.
Аудан әкімдігі, дербес бөлімдер және салалық мекемелердің толық құрылуына байланысты шекті мерзім бар ма және олардың мекен-жайы осы аудан орталығында бола ма?
Облыс әкімі Өмірзақ Естайұлы жүктеген міндеттердің қатарында әкімшілік құрылымды уақыт созбай іске қосу яғни, халыққа мемлекеттік қызметті ұсыну арқылы мемлекеттік бағдарламалар, әлеуметтік қолдаулар секілді халық игілігіне бағытталған жеңілдіктерді ұсыну.
Қазіргі күні аудан әкімінің орынбасарлары, аппарат басшысы және бірқатар бөлім басшыларының міндетін атқарушы ретінде азаматтар өз жұмысын бастады. Сонымен бірге, әкімдікке қарасты бөлімдерден бөлек салалық мекемелердің алды жұмыстарын бастаса, құқық қорғау органдары тарапынан да аудандық бөлімдер ашылып, оларды орналастыру жұмыстары басталып кетті. Шамамен екі айға тарта уақыт ішінде Сауран ауданының халыққа қызмет көрсету жұмыстары толыққанды жүргізіледі деп жобалап отырмыз. Себебі, жаңадан құрылып жатқан аудан болған соң кейбір шешімдерді қабылдау барысында заң аясында белгілі мерзімдер, шектеулер қарастырылған. Осындай заңдылықтардың негізінде үйлестіру жұмыстарын барынша жедел жүргізуге күш салудамыз. Неге десеңіз қазіргі күні ауылдарымыз Кентау қаласынан бөлінді. Сауран ауданының құрылымы енді жасақталып жатыр. Осы аралықта тұрғындарға жеке басына, отбасына, кәсібіне қажетті мемлекет қызметі қажет болып жатады. Соған байланысты барынша ширақ қимылдауға тырысудамыз.
Ал, мекемелер негізінен аудан орталығы Шорнақ ауылында орналасады. Қазіргі таңда аудан әкімдігі мен оған қарасты дербес бөлімдер орталықтағы екі мектеп ғимараттарындағы бос орындарға уақытша жайғасып жатыр. Сол секілді Шорнақ ауылының орталығында пайдалануға қолайлы нысандарда өзге де мекемелер жұмыстарын жүргізетін болады.
Ауданның орталығы Шорнақ ауылында қандай өзгерістер орын алуы мүмкін яғни, қайта жаңғырту жұмыстары таяу арада бастала ма?
Дәл қазір ауыл тұрғындарымен кездесулер өткізіп жатырмыз. Әрбір елдімекенге қатысты шешілуі тиіс мәселелер бар. Осының барлығын талдап, саралап алдағы уақытта ауданның орталығында және шалғайдағы ауылдарда қажеттілігіне қарай жұмыс үйлестіретін боламыз. Соның ішінде бүгінгі таңда мекемелерді орналастырумен қатар межелі міндеттерімізді іске асырумен айналысудамыз. Айта кетерлігі, қазіргі таңда халыққа сапалы қызмет көрсету үшін білікті мамандардың қажет екені белгілі. Осыған орай, мемлекеттік қызметте шыңдалған, тәжірибесі мол азаматтармен ұжымымыздың қатарын толықтырып жатырмыз.
Ауданның әлеуметтік-экономикалық әлеуетін арттыру барысында Шорнақ ауылында аудан халқына заман талабына сай қызмет көрсететін нысандар болуы керек. Оның барлығын салу үшін құжат рәсімдеу шаралары бар. Қазіргі таңда біз жаңа нысандарды жобалау жұмыстарын қолға алдық. Жобалау құжаттарының рәсімделуіне байланысты күзге қарай жаңа ғимараттардың алғашқы легінің іргесі қалана бастайды. Мәселен, аудандағы негізгі мәселелердің бірі денсаулық сақтау саласына қатысты. Тұрғындарға сапалы медициналық қызмет көрсету үшін бүгінгі заман талабына сай емхана, аурухана ғимараттары керек. Сол секілді бұқаралық спортты дамыту, білім саласын одан әрі жетілдіре түсу бағытында кешенді жобаларды іске асыру үшін әлеуметтік нысандар бой көтеретін болады. Негізгі құрылыс жұмыстары келер жылға көзделіп отыр.
Құрылыс демекші, бүгінгі таңда Түркістан қаласының халқы үйіргелік жерлері мемлекеттің қажеттілігіне алынатынын немесе сол қалпында қалатынына көз жеткізе алмай екі ұдай пікірде жүр. Аудан орталығының тұрғындарына осындай мәселелер туындауы мүмкін бе?
Аудан орталығын талапқа сай етіп қайта жаңғырту жұмыстарын жүргізетін боламыз. Бұл облыс басшысы жүктеген міндеттердің бірі. Осы бағытта жергілікті тұрғындарға қолайлы жағдай жасау біздің басты міндетіміз. Яғни, бірінші кезекте мемлекеттің қажеттілігі үшін деп азаматтарды әурелей бермеудің жолын қарастырудамыз. Оның үстіне бос тұрған жерлерді пайдалану арқылы жобаны артық шығынсыз тиімді іске асыру тетіктерін ойластыру басты назарымызда екенін айта кеткім келеді. Дегенмен дәл қазіргі уақытта әлгінде айтып өткенімдей іске асырылатын жобаларды пысықтау үшін талдау-сараптау жүргізіледі. Нәтижесінде алғашқы болып жүзеге асырылуы тиіс деген жобалар кейінге шегерілуі де ғажап емес. Сондықтан елдің игілігі үшін жасалып жатқан істер аудан тұрғындарына хабарланып, қажетті жерде келісіліп жүргізілетін болады.
Шаруалар жөнінде айтып қалдыңыз. Ауданды дамытуға қатысты қандай міндет, жоспарларыңыз бар. Соның ішінде әуелі қай салаларға басымдық беріледі?
Аудан орталығы Шорнақ ауылы «Батыс Қытай – Батыс Еуропа» автодәлізі және халықаралық темір жол бойында орналасқан. Бұл ретте ауданның әлеуметтік-экономикалық потенциалын жоғары бағалауға болады. Біз осы мүмкіндіктерді пайдаланып, ауылдарымыздың әлеуетін көтеретін боламыз.
Аудан тұрғындары ауылшаруашылығы саласына бейімделгені белгілі. Сондықтан басымдық осы салаға бағытталады. Сонымен бірге, Сауран ауданында қарт Қаратау мен Сырдария өзенінің арасында туристердің қызығушылығын арттыратын тарихи орындар, табиғаты жанға жайлылық сыйлайтын саялы жерлер бар. Демек туризмді ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуы тұрғысындағы табысты салалардың қатарына жатқыза аламыз. Сол сияқты бұл аумақта өндіріс орындары да бар. Әсіресе табиғат қойнауын пайдаланып, өндірісін өркендетіп отырған кәсіпкерлер аз емес.
Міне, біздің басты мақсат осы аталған бағыттарды жетілдіріп, ауыл тұрғындарының әлеуметтік жағдайының артуына күш салу. Мәселен, ауылшаруашылығы саласында өнімді терең өңдеу яғни, ала жаздай бейнет етіп өсірген жеміс-жидекті базарға апарып саудалап қана қоймай оны қайта өңдеуді жетілдіруіміз керек. Мал шаруашылығында да шаруалар өндірілген өнімді нарықтағы сұранысқа лайықты етіп дайындауға бейімделу керек. Қазіргі таңда тетроқораптағы және вакумдағы сүт өнімдері, консервіленген жеміс-жидек пен ет өнімдері сауда қатарларында тұр. Сол қатарда Сауран ауданының табиғи таза өнімі неге тұрмасқа? Ауданда жаңашылдыққа жақын кәсіпкерлер аз емес. Соларға мемлекет тарапынан түрлі бағыттарда қолдау көрсетіп, кәсіптерін өркендетуге демеу болуды жүйелі түрде жүргіземіз. Бұрынғыдай өз науқанында дайын болған өнімді сатылғанын сатып, қалғанын шірітіп жарамсыз қалдырып, шығынға бататын жағдайдан арылатын уақыт жетті. Ол үшін әлгіндей қайта өңдеу саласын қарқынды түрде дамытуымыз қажет. Бұл ретте біздің ауданның шаруалары Түркістан мен Кентау қалаларының тұрғындарын азық-түлікпен қамтамасыз етіп, сұранысын өтеп отыруының өзі елеулі табыс деуге болады. Оған толықтай мүмкіндігіміз бар.
Ал, туризм саласында қолға алатын жобалар көп. Бүгінгі таңда өзіңіз білетіндей туризм әлемде мұнайдан кейінгі мол табыс түсіретін сала. Рас соңғы жылдарға дейін бұл саланы үлкен табыс көзінің қатарына санамай келдік. Сондықтан саяхатшыларға қызмет көрсетуді кәсіп еткен азаматтар аз болды. Дегенмен, қазіргі күні бұл саланы өркендетуге деген көзқарас тіптен бөлек. Тек қана амалын тауып, туристерге сапалы қызмет көрсетіп қазынаға қаржы тартатын боламыз. Бұл бағытта да ауданымыздың мүмкіндіктері аз емес. Мәселен, сервистік қызметті дамыту арқылы күре жолдың бойындағы жолаушылардан мол табыс түсіруге болады.
Ал, үшінші Сауран ауданының аумағында жер қойнауын пайдаланып құрылысқа қажетті өнімдерді өндіріп жатқан өндіріс орындары бар. Сол секілді осы мақсатта кәсіппен айналысуға ұсыныс білдіріп жатқандар да бар. Осы өндіріс саласын дамыту үшін қазіргі күнде ұсыныс-пікірлерді жинақтап, алдағы күндері ұтымды жобаларға қолдау көрсететін боламыз.
Қорыта айтқанда, аудан тұрғындарының ішінде шаруашылықты дамытуға қатысты әлі де шешімін таппай келе жатқан бірқатар мәселелер бар. Ретіне қарай елі ішіндегі осындай жағдайларды зерттеп-зерделеп аудан әкімдігі тарапынан нақты жұмыс жүргізетін боламыз.
Қызу тірліктеріңіздің арасында уақыт бөліп, сұхбат бергеніңізге рахмет!
Мәлік ӘЛМАХАН.