ЖҮРЕГІ ТАЗА, ӨЗІ АДАЛ БАУЫРЫМ

1  904 көрілім

Дана халқымыз «Жақсының жақсылығын айт – нұры тасысын, жаманның жамандығын айт – құты қашсын» дейді. Біздің Әбдіғаппар жақсылардың жақсысы, жүзінен нұры тасып тұратын, өйткені, көптен бата алған, алғыс алған жан ғой.

Мен Ғаппаржанды ертеректен 1970 жылдар ішінде ет комбинатында жұмыс істеп жүрген кезінен білемін. Бір жолы сонда жұмыс жасайтын бір азамат, қазір есімін ұмытып қалыппын, талай жыл өтті ғой, «бұл жігіт Сіздің бауырыңыз болады» деп таныстырды. Сол уақыттан бастап қаланың түрлі іс-шараларында, той-жиындарда кездесе қалсақ, жымиып келіп, «апалап» амандасатын болды. «Жақсы адам алтын басын еңкейтеді!». Ондай азаматты қалай жек көресің, мен де «бауырым» деп, жақсы көріп кеттім.

Жалпы кішінің үлкенге сәлем беруі әдемі жарасымдылық емес пе, Ғаппаржан осы әдемілікті өмірінің соңына дейін ұстана білді. Әр мерекеде: «Зина әпке, аман жүріңіз!» – деп аңқылдап, құттықтау хаты мен сыйлықтарын қоса жіберіп, қадірлеп отырушы еді. Адамдарды алыс, жақындығына қарамай қадірлей білу де биіктілік, білімділік емес пе? Тіптен айтар едім, тамыры тереңде жатқан тектілік пен бекзаттықтың белгісі деп. Мынау фәни дүниеде өмір қымбат, байлықтан да, биліктен де, бәрінен де көңіл қымбат дегенді жан-тәнімен түйсіне қабылдап, соны тіршілігінде ұстана білген абзал жан – Ғаппаржан!

Ғаппаржанның өмір жолында қуаныш пен шаттыққа толы күндері көп болды ғой, көп болды. «Шүкір» деу керек. Ал, қиыншылыққа тап келгенде сабырлылық сақтап, сағы сынбай, жігері жасымай, ақырын басып алға қарай ұмтылумен жүрді. Тәңірін ұлықтаған, тәубесін ұмытпаған мұратына жетеді деген бар ғой. Сондай жағдаймен өмір сүріп еді.

Жалпы намыс пен абырой бар жерде бақыт пен береке бірге жүреді. Әрбір адамның бойында осы екі қасиет болса оның алмайтын асуы мен тас қамалы болмайды дейді, оған мысал бола алатынды өз ғұмырымызда көріп келеміз. Ғаппаржанның өмірі де соған бір мысал.

Халық сол бір жылдары қиналған кезде Ғаппаржан жан-тәнімен елімен бірге болып, жүрегінен жай берді. «Іздесең оңай таппайтын, сеніміңді ақтайтын, дүниеге сатпайтын, бірлікті ойла ағайын»,- деп өз ортасын бірлікке шақырды, ұйытқы болды. «Көрікті көңілден көркем сөз шығады, тереңіне үңілген оның мәнін ұғады». Көңілінен тек әдемі сөз шыққан, жүрегі таза, өзі әділ Ғаппаржанның рухына әр уақытта тағзым етіп, Құранымызды бағыштап өтеміз.

Дүниедегі ең басты байлық – «ұрпағым» деп қабылдаған қазақ тәлім-тәрбиесін, тіршілігін, әрекетін соған бағыттаған. Ол Алланы мойындайтын, жүрегінде иманы бар перзенттер өсіріп, тәрбиелей білді. «Перзент – бақшаңдағы гүлің, оны тәрбиелеу де үлкен ғылым»,- деген бабаларымыз. Перзенттері Ғаппаржанның ісін шашып-төгіп алмай жалғастырып келеді, болашақта да солай болады деген сенімдеміз.

Үйдің қабырғасы – азаматы, әйелі – сол үйдің ішін оюлап, өрнектейтін адам. Әбдіғаппар ордалы отбасының қабырғасы болса, ішін оюлап, өрнектеп, берекесін кіргізіп отырған, әрине Дүйсенкүл келін.

Өмір де, өмір, өмір-ай,

Бірде тұнық, бірде лай.

Өмір де, өмір, өмір-ай,

Қамшының қысқа сабындай,-деген ғой.

Сол өмірде ағайынның бірліктері бекем болса екен, тірліктері мерекелі болса екен, ынтымақтары салтанатты болса екен деп өмірден өтті – Ғаппаржан!

Әлем – дарқан, саялаңдар, бәріңе де орын бар,

Ей, Адамдар, сендер тату, сендер тату болыңдар!

…Армысың, сен, арамызда жалғыз

Перзент – Тыныштық!, – деп, тілеуіңді бергір Мұқағали жаһанға жар салып кеткен екен, мен де болашаққа тыныштық тілей отырып, Әбдіғаппар Шаймерденов бауырымның арты жақсы болсын демекпін!

Зина БАЙМАҚАНҚЫЗЫ,

еңбек ардагері, Түркістан қаласының Құрметті азаматы.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Жоғары

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы