ТҮРКІСТАН: ҰЛЫ ДАЛА ЕЛІ ОРТАЛЫҒЫНДА ЖӘДІГЕРЛЕР СЫР ШЕРТЕДІ

3  736 көрілім

Түркістан қаласында «Ұлы Дала Елі» орталығы бой көтерді. Шынында жаңа нысан -ерекше екпін түсіріп тәлімдейтін, сәулеттік сән-салтанаты, мазмұндық мән-маңызы сан қырлы музейге айналды. Ұлы дала елі орталығының басшысы, Қазақстан Республикасының «Мәдениет саласының үздігі» төс белгісінің иегері Гүлжанат Дүйсенбаевамен әңгімелесіп, жаңа нысанның тыныс-тіршілігімен танысып қайттық.

– Гүлжанат Ибрахимқызы, Ұлы дала елі орталығының басшылық қызметіне келгеніңіз құтты болсын. Ұлы дала елі орталығы өз жұмысын қай айдан бастады? Бүгінгі таңда орталықта қанша қызметкер еңбек етеді? Жаңадан қызметкерлер қабылданды ма? Өзіңіз осы уақытқа дейін басқарған облыстық тарихи-мәдени этнографиялық орталық ұжымы жаңа орталыққа орналасты ма?

– Ұлы дала елі орталығына жайғасып, биылғы наурыз айының 21-інші жұлдызынан бастап жаңа ғимаратта жұмысымызды бастадық. Нақтырақ айтсам, облыстық тарихи-мәдени этнографиялық орталықтың ұжымы түгелдей жаңа орталықта өз жұмыстарын жалғастыруда. Жалпы 38 адам еңбек етеді. Бұдан бөлек екі филиалымыз бар. Олар: Н.Оңдасынов атындағы және Н.Төреқұлов атындағы музейлер. Жаңадан қызметкерлер қабылданған жоқ. Себебі, бізге штат берілмеді. Бұрынғы ұжыммен жұмыс істеп келе жатырмыз.

– Гүлжанат Ибрахимқызы, бұрынғы этнографиялық орталықтағы жәдігерлер қоры толығымен жаңа орталыққа қойылды ма? Нақтысы, киелі қаланың танымал тұлғаларының туған-туыстары тапсырған заттар қорда сақтаулы тұр ма?

– Этнографиялық орталықтағы жәдігерлердің барлығын Ұлы дала елі орталығы ғимаратына орналастырдық. Мұнда қор сақтайтын бөлімдер өте жақсы, температура бірқалыпты жағдайда, заманауи технологиямен жабдықталған.

Жаңа орталықтың жертөлесінде 200 адамға арналған амфитеатр бар. Театрға келген көрермендер картиналарды тамашалай алады. Картиналардың барлығы сол жаққа ілініп қойылды. Бұрынғы жәдігерлер көрме ретінде тұр.

Бұрынғы тарихи-мәдени этнографиялық орталығы мен Ұлы дала елі орталығы екеуінің тақырыбы екі түрлі. Сондықтан, айтарым осынау жәдігерлердің барлығы алдағы уақытта көрмеге қойылатын болады. Яғни жәдігерлеріміздің барлығы ескерусіз қалмайды. Арнайы көрмелерге қойылатын болады және біз оларды ешкімге бермейміз.

– Гүлжанат Ибрахимқызы, менің білуімше сіз математика пәнінің мұғалімісіз, ұлағатты ұстазсыз. Музей саласында қай жылдан бастап еңбек ете бастадыңыз? Қай саланың тізгінін ұстаған ұнады өзіңізге?

– Иә менің бірінші мамандығым – физик-математик. Білім саласында біраз жылдар физика-математика пәндерінен сабақ бердім. Екінші мамандығым тарихшы. Менің кішкентай кезімнен хоббиім тарих болатын.

2004 жылдан бастап музей саласында еңбек етіп келемін. Н.Оңдасынов музейінде еңбек етіп жүргенімде қоғам және мемлекет қайраткері Н.Оңдасыновтың жәдігерлерін іздеу мақсатында Москваға барып, балаларымен кездесіп қайтқан болатынмын. Одан кейін туған-туыстарына барып, біраз жәдігерлер жинауға мұрындық болғанмын.

Биылғы жылы музей саласында еңбек етіп келе жатқаныма 17 жыл болады.

– Гүлжанат Ибрахимқызы жаңа орталықты тамашалаған жандардың керемет әсер алғандары жайлы өздерінен және әлеуметтік желіде жазған жазбаларынан оқып білудеміз. Ендеше, өзіңіз басқарып отырған Ұлы дала елі жайлы кеңінен айтып өтсеңіз.

– Алып құрылыс алаңына айналған облыс орталығы Түркістан қаласын өркендету мақсатында еліміздің әрбір облысы бір нысаннан тарту еткен болатын. «Ұлы дала елі» орталығының құрылысын жүргізген мердігер мекеме «BI Construction turkestan» компаниясы. Нысан Атырау облысы әкімдігінің сыйы.

«Ұлы дала елі» орталығы – Түрік әлеміндегі хандар мен билердің мұражайы. 0,8 га жерде бой көтерген. Аумағы 6200 шаршы метрді құрайды. Ғимарат қазақ хандығының құрылғанынан бастап, жаңа дәуір дамуына дейінгі әртүрлі тақырыпты ашатын 9 тарихи – заманауи залдан тұрады.

Бірінші қабатқа Түркістан қаласы түркі халқының рухани астанасы болғандықтан түбі бір түркі халықтарының баға жетпес құндылығы, Күлтегін ескерткішінің үшінші көшірмесі қойылған. Бұған дейін алғаш Күлтегін ескерткіші қазақ хандығының 550 жылдығына орай, Астана қаласындағы Еуразия ұлттық университетіне, екіншісі Ұлттық музейге қойылған болатын.

Кіре берісте көзге алдымен түсетіні ежелгі нанымдар бойынша өмір ағашы саналатын – Бәйтерек тұр. Ата-бабаларымыз бұл ағашты «киелі ағаш» немесе «әулие ағаш» деп санаған. Оны кесуге немесе қандай да бір зиян келтіруге тыйым салған. Бәйтерек үш әлемді байланыстырушы дәнекер ретінде көрсетіледі. Бұл ағаштың тамыры жер асты әлемінде, ағаштың өзі яғни діңі – жерде, ал тәжі – көкте. Ағаштың 9 тамыры 9 экспозициялық аймаққа әкеледі, жоғарыдан қараған кезде тамырлар күн сәулелеріне ұқсайды. Ағаш құрылымы қазақ халқының дәстүрлі ою-өрнектеріне негізделген.

Қазақ халқының қасиетті қарашаңырағы, киіз үй бейнесінде жасалған «Ұлы дала металлургиясы» залы Қазақстандағы метал өңдеу, игеру, даму кезеңдері мен жетістіктері туралы баяндайды. Залға Кентау өңірінің Тұрлан, Қарасай, Мырғалымсай кен орындарында өндірілетін рудалардың 22 түрі, Қарағанды өңірінде өндірілетін кеннің түрлерінің 20 түрі және Қарағанды облысы Қарқаралы ауданы территориясындағы Ерте темір дәуіріне жататын Кент қонысына жүргізілген археологиялық қазба жұмыстары кезінде табылған металлургиялық пештің макеті қойылған.

Пеш тастан қаланып, сазбен сыланған. Көріктің көмегімен пештің ішіне ауа жіберіліп, 1200 градустағы температурада металды балқыту арқылы кеннен темір қорытудың экспозициясы жасақталды. Бір ғажабы археологиялық қазба жұмыстары кезінде табылған, ұсталарымыз пайдаланған көрікті өндірісте әлі күнге еш өзгеріссіз қолданып келеді. Оның дәлелі ХІХ ғасырдағы көрік пен ұста құралдары.

«Атқа міну мәдениеті» залының 1-ші экспозициясына орталықтағы аса құнды жәдігердің бірі еліміздің Солтүстік Қазақстан аумағынан табылған жиырмасыншы ғасырдың таңғажайып жаңалығы (1980 жыл) б.з.д. ІV-ІІІ мыңжылдықтардың тарихи құндылығы Ботай жылқысының сүйек қаңқасының реконструкциясы қойылды.

Ал, 2-ші экспозициядан Шығыс Қазақстан облысында жүргізілген қазба жұмыстары кезінде табылған б.з.д. VІ-ІІІ ғасырлармен мерзімделетін Берел жылқысының сән-салтанатымен жасалған реконструкциясын, 3-ші экспозициядан Қазақ халқы даналығындағы «Ер қаруы – бес қару» түрлерін, 1836-1838 жылдардағы Ұлт-азаттық қозғалысының көсемдері, халық батыры Исатай Тайманұлы мен Махамбет Өтемісұлымен бірге осы көтеріліске қатынасқан батырлардың қаруларын қайраған қайрақ тасын, және де ат әбзелдерінің түрлерін тамашалауға болады.

«Алтын адам» залына біздің түп-тамырымызға жаңаша көзқараспен қарауға жол ашқан 1969 жылы Есік қорғанынан табылған «Алтын адам» мен 1999 жылы Аралтөбе қорғанынан және б.д.д VIII-VII ғасырларға тиесілі Елеке сазы қорымынан табылған алтын адамдардың реконструкциялары қойылды.

Одан бөлек залдағы витринадан аң стилінде жасалған ежелгі түркі елі әміршілерінің киімдерінің әшекейлерін тамашалауға болады. Бұл әшекейлерде жыртқыш және жүйрік аңдар, олардың арпалысы мен қимылдары бейнеленген.

– Гүлжанат Ибрахимқызы, орталыққа келушілер санына тоқталсаңыз. Сонымен қатар, орталықтағы 9 залдың қайсысы көрермендерді көптеп өзіне тартуда?

– Жаңа облыс орталығы атанған Түркістан қаласы күннен күнге өркендеп дамуда. Сондықтан, туристер саны артуда. Қазіргі еліміздегі пандемия жағдайына байланысты азайғанмен, болашақта келушілер саны артады деп ойлаймын.

Біздің орталыққа келушілердің көбінің қызыға тамашалайтыны «Қазақстан – түркі әлемінің қарашаңырағы» залы. Ауданы жағынан ең үлкен залдың 38 метрлік қабырғасында Түркі халықтарының бай философиясы мен мифологиясы көрініс тапқан. Зал экспозициясында бес қаруы сайланған қазақ батырлары, түркі халық-тарының тарихы мен мәдениеті, Түркілер-дің пайда болу тарихында киелі ұғымға ие болған «Қанатты көк бөрі» орын алады.

Залдағы проекциялық шоудың аумағы – 2000 ш.м. құрайтын көпфункционалды экран озық технологиямен жасалған. Залдың ортасына «Нұр әлем» павильонын еске салатын сфера қойылған. Арнайы дайындалған контент сферамен үйлесіп, сценарий желісі бойынша қозғалып, көрермендерге түркілердің шығу тарихы, адамзат өркениетін дамытудағы рөлі туралы проекциялық шоу көрсетеді.

Сонымен қатар, бұл залдан тоғыз жолдың торабын тоғыстырып, Шығыс пен Батысты байланыстырған трансконтинентальды платформа «Ұлы Жібек Жолының» макетін тамашалап, Талхиз (Талғар) бен Тараз, Отырар, Түркістан және қазақ хандығының астанасы Сарайшық қаласының тарихымен танысуға болады.

Сонымен қатар, «Қазақ хандығы» залын тамашалаушылар саны да күннен күнге артуда. «Қазақ хандығы» залында Ұлы Дала тарихындағы Қазақ хандарының еліміздің халық болып қалыптасып, ұлт болып бірігуіндегі рөлі баяндалады.

– Орталықтың негізгі залы ретінде қай залды айтар едіңіз?

– «Ұлы дала елі» орталығының негізгі залы еліміздің рухани қазынасын еселеп, тамырлы тарихымызды түгендеп, жарқын болашағымызды айқындап берген аса құрметті Елбасына арналады.

Еліміздің өткені мен болашағын жалғаған «Нұрлы жол» көпірінің шыныдан жасалуы Елбасымыздың халыққа деген саф таза көңілі мен риясыз пейілін білдіреді. Көпірдің екі бетін, яғни еліміздің өткені мен келешегін біріктіріп тұрған қолтаңба қазақстандықтар үшін тұрақтылық пен сенімділік кепілінің символы ретінде орналасқан.

Экспозицияда әлемнің түкпір-түкпіріне тараған 200 млн түркі халқын жұмылдыруға қосқан өлшеусіз үлесі кеңінен тарқатылады. Осы мақсатта түркі әлемін дамытуға сіңірген еңбегінің бағасы ретінде дипломатиялық сыйлықтардың ең бағалы жәдігерлері, жоғары мемлекеттік марапаттары қойылған.

Елбасы «Азаттық философиясы мен «Мәңгілік Ел» идеясын ел мұратына айналдырды. Осы бағытта жүзеге асырылып, өміршеңдігін дәлелдеген келелі бастамалар бейнематериалда баяндалады.

P.S. Сөз соңында айтарымыз, көптен көпшіліктің тамсана айтып жүрген тарихымыздан сыр шерткен тарихи нысанды аралап көріп, таныстық. «Көп естігеннен бір көрген артық» дегендей, Ұлы дала елі орталығына келушілер Ұлы даланың тарихымен танысып қана қоймай, болашағына көз жүгірту үшін «Болашақ Қазақстан» залы да жасақталған. Залдан ақылды қала, жасыл экономика, болашақ энергиясы, жасанды интеллект, қолжетімді медицина, инженерлік генетика, пилотсыз автокөліктер тақырыбымен танысуға болады.

Әсіресе, «Қазақ хандығы» залындағы хандар бейнесі тұрған жерге аяқ басып, кнопканы бассаңыз еліміздің кәсіби актерлары хан образдарына еніп қазақ хандарының қанатты сөздерін жеткізеді. Шынында, бір қадам алға басып, жақындап сөйлеген хан бейнесін көргенде сол ханның тұсындағы дәуірге еніп кеткендей күй кешіп, үлкен тебіреністе болдық. Тура байырғы хандарымыз сөйлеп жатқандай. Шынында керемет әсер алдық.

Ләззат САРЫБАЕВА,

«Түркістан».

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Жоғары

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы