ТҮРКІСТАНДЫҚ ОҚУШЫЛАР РЕСПУБЛИКАЛЫҚ ТУРНИРГЕ ЖОЛДАМА АЛДЫ

2  552 көрілім

Қаламыздағы Хусан Диметов басшылық ететін Ш.Ниязов атындағы жалпы орта мектебінің оқушылары соңғы кездері спорт саласында, нақтырақ айтсақ футболдан қала мен облыс көлемінде толағай табыстарға қол жеткізіп келеді.

Аталмыш мектептің дене шынықтыру пәні мұғалімдері Б.Кабулов, Э.Ергешов, А.Талиповтардың жетекшілігінде 9-11 сынып оқушыларынан құралған команда алдымен қаламызда мектеп оқушылары арасында кіші футболдан өткен спартакиадада топ жарды. Ал, жақында қаламыздағы О.Жарылқапов атындағы стадионда үлкен футболдан өткен аймақтық жарыста жас теңбіл допшылар тағы да керемет нәтижеге қол жеткізді. Әр аймақтың жеңімпаздары – Мақтарал, Түлкібас, Қазығұрттан келген жас аяқ допшылармен өткен тартысты кездесулерде қаламыздың намысын абыроймен қорғап, облыста І орынды қанжығасына байлады. Сөйтіп, мамыр айының 1 мен 8 жұлдызы аралығында елордамыз Нұр-Сұлтан қаласында өтетін дәстүрлі «Былғары доп» республикалық турниріне жолдама алды.

– Оқушыларымыздың жетістігі мақтауға тұрарлық. Олар қаламызда 32 мектептің оқушылары арасында «Спорттық қала – дені сау тұрғындар» атты қала әкімінің жүлдесін де жеңіп алған. Бүгінгі таңда жас футболшыларымыз Қазақстанның барлық өңірінен 17 команда қатысатын республикалық жарысқа қызу дайындық үстінде. Алла бұйыртса, Түркістан облысының атынан жасыл алаңда өнер көрсетеміз. Бұл оқушыларымыздың бұған дейін жеткен жетістіктерін еселеуіне зор мүмкіндік»,-дейді мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Р.Абдураимов.

Иә, біз де түркістандық оқушылардың республикалық турнирден олжалы оралуына сенім білдіреміз.

Райымжан ӘЛІБАЕВ,

«Түркістан».

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Жоғары

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы