Облыс орталығында таңертең көшеге шықсаңыз, жол жиегінде сары жейде киген жандардың таңмен таласқан тынымсыз тірлігіне куә боласыз. Сізге ерте болып көрінгенімен, бұл «Түркiстан жарық-тазалық» ЖШС мекемесiнің қызметкерлері үшін қалыпты жағдай. Жұмыс уақыты күн көкжиектен көтерілместен бұрын басталатын тазалықшылардың еңбегі ерен. Себебі, жаздағы ми қайнатар ыстық, күз бен көктемнің нөсерлі жауыны, қақаған қыстың аязы мен суығы тазалық сақшыларына кедергі емес. Бірі қолына күрегін алып, енді бірі сыпырғысымен қаланың таза болуына өз септіктерін тигізуде. Александр Петров алты жылдан бері «Түркiстан жарық-тазалық» ЖШС мекемесiнде қызмет етеді. Өз ісіне берілген жан. Апта бойы қоқыс тазалаумен айналысады. Өзiне тиесiлi аймақты сыпырып, жүктелген мiндеттi абыроймен атқарып келеді.
– Бұрын теміржолшы болып қызмет жасағанмын. Қазір «Түркiстан жарық-тазалық» ЖШС-де еңбек етудемін. Жалақым да жаман емес. «Ерте тұрған еркектің ырысы артық» демей ме қазақта. Ерте әрі таңғы салқынмен жұмыс жасаған ұнайды. Әр қызметкерге бекітілген өзіндік аумағы бар. Мәселен, маған халық «Дәріхана» аялдамасы (Аптека) деп атап кеткен аймақта орналасқан күзет бөлімінен теміржол вокзалына дейінгі Тәуке хан даңғылының бойы бекітілген. Күнделікті ағаштардан түскен жапырақтар мен жол бойындағы күл-қоқыстарды тазалап тұрамын. Сенбі күні түске дейін жұмыс жасап, жексенбі демаламын. Әсіресе, көше бойы сенбі, жексенбі күндері қоқыстан көз ашпай қалады. Күніне екі мезгіл тазалаймын. Бізге арнайы екі көлік қарастырылған. Аптасына бір рет жинақталған қоқысты алып кетіп тұрады. Тазалау менің жұмысым, десе де қала тұрғындары жол жиегіндегі суағарларды қоқыс жәшігінің орнына қолданбаса игі еді, – дейді тазалықшы Александр Петров.
Айта кетейік, «Түркiстан жарық-тазалық» ЖШС мекемесi – қала тазалығын реттеу мен абаттануын қадағалау мақсатында 1998 жылы құрылған. Қазiргi таңда 200-ге тарта адамды жұмыспен қамтып отыр. Жұмыс кестесi таңғы алтыдан басталып, сегiз сағатқа дейiн жалғасады. Рухани шаһарда 835 көше болса, оның 56-сын осы мекеменің қызметкерлері тазалайды. Оған 25 техника жұмылдырылған. «Түркiстан жарық-тазалық» ЖШС-нің директоры Аян Тоғызбаевтың сөзіне сүйенсек, алдағы уақытта техникалар қатары тағы да толығатын болады. Мекеме халықпен тығыз байланыс жасауды көздеп отыр. Тамыз айынан бастап қала тұрғындары өздерінің сын-пікірлерін тікелей әлеуметтік желі арқылы тазалық тарапына жолдай алады. Ол үшін арнайы парақшалар ашылып, ватсап желісі іске қосылмақ.
«Көше тұрғындарының кейбірі тазалыққа салғырттық танытады. Сондықтан да, мереке күндері жұмыс жасауға тура келеді. Себебі, қаланың тазалығы – басты орында. Әсіресе дүкендердің алдында қоқыс көптеп кездеседі. Темір жол вокзалынан түскен турист пен қала қонақтарында қоқыс жатса теріс ой қалыптасуы мүмкін. «Бір құмалақ бір қарын майды шірітеді» деген бар емес пе? Рухани астанамызға шаңның тозаңындай да кір келтіргім келмейді.
Осы күні жұбайым зейнет жасында. Қызым мен ұлымнан үш немере сүйіп отырмыз. Алты жылды артқа тастасам, мен де зейнетке шығамын. Қиын да болса өз жұмысымды мақтан тұтамын. Қаламыздың көркеюіне кішкене де болса үлесім тисе шын бақытты болған болар едім. Болашақта ұл-қыздарым және немерелерім таза қалада өмір сүрсе деймін», – дейді тазалық сақшысы А.Петров.
Түркістанды туристердің ордасына айналдыру үшін ең алдымен қала тазалығы маңызды. Бұл ретте әкімдіктің тапсырмасымен ақпараттық-насихаттық топ құрылып, «Тазалық – денсаулық кепілі» тақырыбында қала тұрғындарымен кездесулер өткізген болатын. Мамандар қалдықтарды арнайы жәшіктерге тастап, үйдегі қоқыстарды көше бойына белгіленген кестеге сай, келісім-шарт бойынша шығару керектігін ескертеді. Тәртіпке бағынбай көшеге келісім-шартсыз және белгіленбеген уақытта қоқыс шығарғандарға заң жүзінде әкімшілік жауапкершіліктер қарастырылып, ҚР ӘҚБтК-нің 434-бабы бойынша 10 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салынады. Таңсәріден талмай қызмет ететін жандардың еңбегі бағаланып, еш кетпесе игі.
Орынбек ҚАСЫМБЕКОВ,
«Түркістан».