Ұлыстың Ұлы күнінде қала әкімі Рашид Аюпов пен мәслихат хатшысы Мақсат Таңғатаров шаhардағы қазыналы қарттардың үйіне барып, мерекемен құттықтады. «Қарты бар үйдің – қазынасы бар» деп, қарияларын қадір тұтатын дана халқымыз үлкендердің батасын алуды парыз санаған.
Шаhар басшысы: «Сіздер барда, сіздердің ақ баталарыңыз барда біздің ісіміз де оңынан туып, алға қарай баса береді. Ұлыстың ұлы күніне аман-есен жетіп, өздеріңізбен қауышу бұйырғанына, алдарыңызға аман келіп, қуаныштымын. Жылдан жылға есен-сау жетіп, әрдайым берекелеріңіз артып, арттарыңыздан ерген ұрпақтарыңыздың қызығын көре беріңіздер», – деген лебізін білдіріп, сый-сияпат көрсетті.
Ақ самайлы әжелер мен ақсақалдар да өз кезегінде күн мен түн теңелер шақта, жыл басы – Наурызда келіп құттықтағанына ризашылығын білдіріп, қызметтеріне табыс, әр бастамаларына сәттілік тілеп, ақ батасын берді.
Әз-Наурыз аясында құрметке бөленгендер қатарында жастарды тәрбиелеуге ұзақ жылдар бойы еңбек еткен ардагер ұстаздар, көпбалалы аналар, ақ халатты абзал жандар бар.
