Ұлыстың ұлы күні – ықылым заманнан бергі шығыс халықтарының жыл басы болып саналады. Наурыз – тіршіліктің жаңаруы, күн мен түннің теңелуі. Наурыз – мейірбандық пен молшылықтың, махаббат пен достықтың, кешірім мен бейбітшіліктің салтанат құруы.
Елімізде індетке байланысты Наурыз мерекесіне арналған біршама іс-шараларды тоқтатқан болатын. Десе де Түркістан қаласына қарасты этноауылға Отырардан арнайы керуен келді. Қазақ халқының өткенін көз алдыңа әкелетін этноауылда Наурыз мерекесі ерекше ұйымдастырылған. Кіреберісте қазақтың ұлттық қолөнерін паш ететін көрмеден бастап, аттың құлағында ойнаған қыз-жігіттер, садақ тартқан жауынгерлер, құмай тазы мен қыран бүркіт, қатарынан тізілген киіз үйлер көз тартады. Түркістан облысына қарасты аудандардан келген өнерпаздардың жүректі тербететін әндері мен мың бұралған билері, домбыраның қос ішегінен төгілген күй мен қазақтың салт-дәстүрін насихаттау мақсатында сахналанған қойылымдар келген қонақтардың көңілін көтерді. Үздік өнер көрсеткен өнерпаздар арнайы дипломдармен марапатталды.
Бұл мерекенің басты жаңалығы – «Наурыз көже». Бұған дейін еш жерде болмаған 2 тонна Наурыз көже пісіріліп, Қазақстанның рекордына енді.
- «Қазақстанда алғашқы рет 2 тонна Наурыз көже пісіріліп, елге таратылып жатыр. Бұл бұрын соңды Қазақстанда болмаған рекорд деп есептейміз. Әрі дәл осы сәт Қазақстанның рекордтар кітабына енеді. Рекордтар кітабы 2 жылда бір рет шығады. 2017 жылы Алматы қаласында 350 келі Наурыз көже дайындалған болатын. Сол рекордты Түркістан қаласы жаңартып отыр», – дейді қазақстандық рекордтар кітабының директоры Бақытжан Тастүлеков.
Наурыз той ұйымдастырылған этноауылда көже пісіру бір күн бұрын басталған. Клара Бейсебаева осындай рекордқа енген көжені пісіргеніне қуанышты екенін жеткізді. - «Рекордтар кітабына енеді деген соң көже пісіруге бірден келістім. 5 адам болып көжені бір күн бұрын бастап, түнімен дайындап шықтық. 7 түрлі дәннен бөлек 200 келі еттен қазы тығып, етін тұздадық. Сонымен қатар, 200 литр айран, 90 келі сүзбе қосылды, – дейді Клара ханым.
Шара барысында шетелден келген қонақтарды да байқадық. Қазақ халқының салт-дәстүрі мен ұлттық дүниелеріне таңырқай қараған туристтердің әр жерде суретке түсіп жүргені облыс орталығы болған Түркістан шаһарының күннен күнге дамып келе жатқандығының дәлелі іспетті. Әлем халқын дүрліктірген індет жойылып, қаламызға қызығушылық танытқан туристер ағылып келетін күн де алыс емес деп түйдік. Келер жылы түркі халықтарының ортақ мерекесіне айналған Наурызды дүркіретіп тойлауды жазсын.