Сіздерді барша халқымыздың ортақ мерекесі болып саналатын Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мерекесімен шын жүректен құттықтаймыз!
Наурыз – жыл басы. Наурыз күн мен түннің теңелген уақыты. Шығыстың жаңа күні аталған бұл мейрам барша қазақтың ұлттық болмысын жаңғыртатын күн.
Биыл халқымыз үшін қастерлі жыл екені анық. Олай дейтініміз, Тәуелсіздік деген аңсаған мұратымыздың ақиқатқа айналғанына отыз жыл толып отыр. Әр күні ғасырға бергісіз осынау жылда ортамыз толды, ойдағымыз болды. Шын мәнінде жаңару мен жаңғырудың құтты бастауына айналған Наурызбен бірге еліміздің жасампаздығы артты. Тәуелсіз еліміз іргелі мемлекет ретінде әлемге танылып, Арқа төсінде асқақ Елордамыз бой көтерсе, түркі жұртының түп мекені Түркістанның қайта түлеп келе жатқанына өздеріңіз куәсіздер.
Осындай Ұлыстың ұлы күні ұлықталған мерейлі күн елдігіміз бен ұлттық сана-сезіміміздің жаңғыра түсетін кезі.
Өткен тарихымыздан мұраға қалған осындай табиғат, жер-ана, жан-жануардың қайта түлеп, жаңғыратын мерекесінде еліміз үшін ниет еткен дұға-тілектеріміз қабыл болсын.
Ардақты ағайын!
Ұлыстың ұлы күнінде адамзаттың бойына қан жүгiрiп, сайын даламызды Қызыр баба кезiп, бақ-дәулет сыйласын. Еліміздің елдігі мен бірлігі, татулығы, ырыс-ынтымағы мен береке-бірлігі артып, тыныштық пен молшылыққа кенеле берейік! Әз-Наурыз – құт-берекесімен келсін! Ұлыс оң, ақ мол болсын!
Р.АЮПОВ,
Түркістан қаласының әкімі.
М.ТАҢҒАТАРОВ,
Түркістан қалалық мәслихат хатшысы.
