БЕЛЕС БИІГІ

1  888 көрілім

Оразбек Әміреев. Бұл түркістандықтарға таныс есім. Журналист. Қазақстан Республикасының Мәдениет қайраткері, Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі, Халықаралық Ресей Психология ғылымдары Академиясының құрметті мүшесі. Бірнеше мемлекеттік марапаттың иесі. Мектеп басшысы…

Орекең биыл пайғамбар жасы 63-ке толады. Жуырда ол кісімен сұхбат құрудың сәті түсті. Төменде сол ұшырасуда болған әңгімені назарларыңызға ұсынып отырмыз.

– Ореке, пайғамбар жасыңыз құтты болсын! Осыншама уақыт сіз үшін ұзақ па, әлде қысқа ма?

– Өз басым алпысқа келгенше жас сұрасып жататындарды жақтыра бермейтінмін. Өткен жылы жаман індетпен бір айдай күрестім. Шыны керек, о дүниенің есігін қағып қайттым десем де болады. Міне, сол кезден бастап жас туралы қатты ойландым. Газет бетіндегі қазанамалардан небір жайсаң азаматтардың аттарын оқығанда, ауруханадан шығарылған мүрдені, жылап-сықтаған ағайындарын көргенде күйзелдім десем болады. Оған қосымша аяқ ауырған кезде «Е, жыл деген өзінің дегенін істетеді екен ғой» деген ой санама мықтап енді.

Біздер кешегі кеңестік дәуірдің нанын жеген жандармыз. Сол кездегі әке-көкелеріміз алпыс жасында зейнеткерлікке шығатын. Әкелеріміз бір аптада шоқитып сақал қойып, мұрт бастыртатын. Сәждеге жығылып, Құдайға мінәжат етіп жататын. Қарттыққа мықтап дайындалатын. Бозбала біздерге олар үлкен кісі болып көрінетін де тұратын.

Есіме сол түсті.

Шал – Тілеуке ақын өзінің бір өлеңінде:

Елу – ердің жасы

Алпыс – бір сұмдықтың басы, –депті.

Оқып отырып мына Шалың қандай сұмдықтың басын айтып жатыр дегенмін де қойғанмын. Жаңа айтқанымдай, осыған дейін де бас ауырып, балтыр сыздап ауруханада ем-дом алған жайым бар. Бұл көңіл шіркінді қойсаңшы. Сонда әлгі аурудың жас ұлғайғанда келетінін мойындамаймын ғой. «Ата, ине салайын» деген медбикелерге ұрысамын. Айтатыным, атаны қайдан көріп тұрсыңдар, мені көке, аға деңдер деймін баяғы.

(Күліп алды) Бірақ сонда да Тілеуке шайырдың «бір сұмдықтың» басынан кейін:

Жетпіс келді төтелеп,

Кәрілікті жетелеп… ,- деп жалғастырған жерін әлі де оқығым келмей жүр.

– Қарттық жасқа әлі ерте дейсіз бе сонда?

– Енді мен айтайын. Бүгінде он томдық «Қазақтың тәлімдік ойлар антологиясын» аракідік оқып жатырмын. Іштей қарттыққа дайындалудамын. Ертең зейнеткерлікке шыққаннан кейін қолтығымнан тастамай жүретін шығармын. Ал алпыстың ұзақ, қысқалығына он жылдан кейін барып жауап берейін…

– Өмірдерегіңізден біршама хабарымыз бар. Десе де еңбек жолын қалай бастадыңыз?

– Әлгінде ғана қандай шекпеннің астында өскенімізді айтып өттім ғой. Ол кездің заңы ала бөтен болатын. Бәріне жұмыс табылатын. Дипломың болса қолың жоғары. Мемлекет бәрін өзі ұқсатып жататын.

Журналист болу бала кезден арман болды. Онды бітірген жылы ҚазМУ-дың еліміздегі жалғыз осы факультетіне құжат тапсырдым. Онда да күндізгі бөліміне 25 студент қабылдайды. Жолым болмады.

Әкем Жұмабек марқұм шариғаттың да, үкіметтің де тәртібін қатты ұстайтын кісі еді. Он жылдықты бітірісімен ақыры жоғары оқу орнына түспедің деді де темір жолдың қара жұмысына кіргізіп жіберді. Онысы да дұрыс болды-ау деймін. Күніне он шақырым ары-бері жүргеннің, азаннан кешке дейін тоқпақ ұрғанның өмірімде пайдасы көп тиді. Керзі етік киіп, шұлғау ораудың да кәдеге асқан жері аз болмады.

– Әскер қатарында болдым дейсіз ғой?

– Әрине. Ол кезде әскерге бармай қалу мін болып есептелетін. Жұрт ондайларға мүсіркей қарайтын. Әсіресе, жігіттердің арасында үлкен сын еді. Қиыр Шығыстан кейін оқуға түстік. Бозбала шақ. Жастық кезең. Алдымда үш ағам болған соң тентектікпен қатар еркелеу де болдым. Жұрт университетті бес жылда бітірсе мен сегіз жылда бітірдім. Әкем тағы да «Адам болмасаң» деді де баяғы үйреншікті темір жолға аяғымды байлап тастады. Ұрыса бергеннен кейін ақыл да кіреді екен. Бірақ бұған қарап шойын жолды жұрттың бәрі кіріп шыға беретін базардың қақпасы екен деп түсінбеу керек. Қазір қайдам ол кезде жұмысшыдан басшыға дейін шені, оқалы генералы бар біртұтас жүйе болатын.

Бір күні қалам сабымды арқалап осы «Түркістан» (бұрынғы «Коммунистік еңбек») газетіне келдім. Осы жерде елге танымал Әмидолла Көпбаев, Тілеуқабыл Мыңжасаров, Балтабай Нұржанов, Аманкелді Досжанов сынды журналистердің тәрбиесін алдым. Жаман болған жоқпын деп ойлаймын. Аудандық газеттің тілшісі дайындайтын 300 жолды жазуға қол жеткіздім. Арыс қаласының «Арыс ақиқаты» газетінен соң мемлекеттік қызметке шақырылдым.

– Мемлекеттік қызметте де аз тер төккен жоқсыз. Тоқырау кезеңнің тұсында бастадыңыз ғой деймін билік тармағындағы еңбек жолыңызды?

– Сол арпалыс жылдары қызметке шақырылдым. Зауыт-фабрикалардың, кеңшар мен ұжымшарлардың тарқап, байланыстар үзіліп жатқан уақыт. Жұрттың бәрі ала дорба арқалай бастаған кез.

Бас маман, бөлім меңгерушісі, басқарма басшысы қызметтерінен кейін тағдырдың жазуымен 2005 жылы білім саласына ауыстым. Оның өзі өз алдына бір үлкен тарих…

Аудандық кеңестің бос, әрі жас маманымын. Төраға Р.Тойшыбаев деген кісі. Алдында аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы болып істеген. Орынбасары С.Қарпықбаев. Ол кісі де өте сауатты. Алдарына апарған қағазыңызды мың мәрте төңкеріп қарайтын. Әсіресе, жұрт алдында сөйлейтін сөзін сан мәрте түзетіп, сан мәрте күзейтін. Қара терім шығып жүріп оған да үйрендім.

Бір күні әкімдік жүйе келді. Кеңесті тарқатты. Ауданның бірінші әкімі болған Әзімхан Мелдебековке рахмет! Кеңес депуттатарының соңғы сессиясында Р.Тошыбаевты өзіне бірінші орынбасар, мені бас маман етіп қабылдайтынын айтты.

Кейіннен аудандық әкім тарқады. Қала әкімі С.Сүгірбаев тіл басқармасын басқаруды ұсынды. Сұлтекеңнің командасы кілең жердің азаматтарынан құралған болатын. Дені жастар. Бәрі дерлік жылу, жарық жоқ кезде де қала жұмысын үйлестіруде өздерін көрсете білді. Елді тығырықтан алып шығуды ойлады. Алға ұмтылыс басталды. Ертеңге деген сенім пайда болды. Қиыншылыққа қарамастан қаланың 1500 жылдық мерей тойын өткізу идеясы осы кезде туындады…

Кейіннен заман біртіндеп түзеле бастады. Той тойланды. Небір халықаралық іс-шаралар өткізді. Мемлекет басшылары бас қосқан басқосулар да өткізілді. Әрине, ішкі саясат бөлімінің басшысы ретінде елді елең еткізген сол шаралардың басы-қасында болғаныма қуанамын.

– Өзіңіз біраз қаламгерлермен араласып жүрсіз. Және басшы ғана емес қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімісіз. Кітапты көп оқитын шығарсыз?

– Соңғы мезгілде ақпаратта осы сұрақ жиі қойылатын сұрақтардың бірі болып жүр. Көбіне қалай жауап беретін еді дейсіз ғой. Бәрі Абайды, Мұхтардан «Абай жолы» оқып жатырмын деп жауап беруді сәнге айналдырды. Өтірік. Жаттанды сөз. Бәрі Абайды оқитын болса оның кітабы әлдеқашан кітап дүкенде шаң басып өтпей тұрмас еді. Кітапханада қолдан – қолға көшіп жүрер еді ғой…

Мақтанғаным емес мектепте жүргенде сөмкемізде бір-бір әдеби кітап жүретін. Ә.Нұршайықовтың «Махаббат қызық мол жылдар», І.Есенберлиннің «Ғашықтарын», К.Тоқаевтың детективтері қолдан қолға тимей жүретін. Қой баққанда да бір кітапты қолтықтай кететінбіз. Кітап жинаудан жарысатынбыз. Керек десеңіз өз басым мектептің қазақ тілі мен әдебиеті кабинетінен талай кітап ұрладым. Бүгінде бәрі керісінше.

Кітап оқу менің түсінігімше миды дамыту. Ауруыңыздан айықтырады, жаман ойдан алыстатады десем қателеспеймін. «Қазақтың Шолоховы» атанған М.Байғұт, профессор жазушы-сыншы Қ.Ергөбектер тікелей бастығым болды. Атақ -даңқтары қарағайдай ағалардың қолында істеп кітап оқымай көр.

Мойындаймын. Өзім басшы қызметке келгеннен бері кітап оқуды қысқарттым. Қолға түскенін оқитын болдым. Бірақ кітап жинауды тастаған емеспін. Бүгінде өзімнің кітап қорымда екі мыңға жуық кітап бар. Оқығаным да, оқымағаным да соның ішінде.

Темекі тартатындар күніне мың теңгеге дейін шылым сатып алады екен. Бұл дегеніңіз бір айда отыз мың теңгеден асып жығылады. Ал, мен темекі тартпаймын. Есесіне осы қаржыны кітап, газет-журнал алуға және қажетім үшін «хоббиіме» жұмсаймын. Түрлі шашбаулар, тиын-тебендер жинау ертеден келе жатқан ермегім.

Кітап жинауда профессор, сыншы-жазушы Құлбек Еркөбек ағамыздан көп нәрсе үйренуге болады. Ол кісіде бір, бір жарым ғасыр бұрын басылған кітаптар бар. Кітапханасына барсаң шыққыңыз келмейді.

– Енді білім саласына ойыссақ. Мектеп басшысы болғаныңызға он бес жылдан асыпты. Бұл да аз уақыт емес. Осы кезеңдегі көңілге тоқығаныңыз көп болар?

– Қазір жаңа технология заманы келді. Бой емес ой жарыстыратын кезең туды. Дүние де, адам да өзгерді. Мұғалімдер бұрынғыдай бор ұстамайды. Оның орнын кішкентай ғана пульт басып отыр. Менің өзім компьютерді елуден асқаннан кейін барып меңгердім. Әбден қағаз бен қаламға сүйеніп қалған адамға қиын екен. Бірақ заман талабы қатал. Өмір ағысына тез ілесуің керек.

Бүгінде әр мұғалім мектепке өзінің ноутбугымен келеді. Бар жұмысын сонымен істейді.

Індет жайлап, карантин жарияланғанда талап бұрынғыдан да күшейді. Бұрын біреуге жалынып істететін «халтураның» жолы кесілді. Бәрін өздері істейтін болды.

Иә, білім саласы оңай шаруа емес. Ұстаздардың еңбегі әрқашанда адал.

Бүгінгі күн реформаторлар заманы болды ғой. Жоғарыдағылар ағылшынның, жапонның, сингапурліктердің дәріс беру тәсіліне көшеміз деді. Айналдырған үш – төрт жылдың ішінде бұрынғы ұстанымын тастады да жаңашылдыққа бет бұрды. Физика, химия пәндерін ағылшынша өтеміз деді. Ұстаз бұдан да қашқан жоқ. Бала-шағасын, ата-анасын, отбасы шаруасын екінші кезекке ысырып қойды да оны да меңгерді, меңгеріп жатыр. Ноутбук, смартфонға үңіліп жатудың өзі де үлкен шаруа. Бірақ мұның бәрі бүгінгі талап. Ата-ананың да жауапкершілігі көбейді.

Бүгінгі аралас форматқа дейін онлайн режимінде оқытып келдік. Ал, бүйткен жандарға неге жағдай жасамауымыз керек? Жасалып жатыр. Мұғалімнің мәртебесі туралы заң қабылданды. Айлық жалақысы өсіп отыр. Бірақ жоқтан бар жасап жүрген әріптестеріме әлі де қамқорлық жасала түссе деймін. Рас, біздердің атымызға сын да айтылып жатыр. Реніш те бар. Оны да мойындаймыз. Арамызда кері тартпалар да кездеседі. Бірақ ұлағатты атаққа, ұстаз деген құрметті атқа ұмтылғандардың мысы мен салмағы әрдайым басым. Өз басым солай болып қалады деп ойлаймын.

– Зейнеткерлікке шығып жатсаңыз не істемексіз?

– Басты нәрсе немерелерімнің қасында болу. Аруна есімді кенже қызым бар. Биыл сегізінші сыныпта оқиды. Жуырда бұрынғы жиналып қалған «Жұлдыз» журналындағы қысқа, қызықты әңгімелерді оқыттым. Оған ұнады. Ертеңіне басқасын және бердім. Енді сол Кенжегүлімді біртін-деп кітап оқуға үйретемін, жіберген қатемді түзеймін. Өзім де оқимын. Кітапханамды ретке келтіремін.

Хоббиімді жалғастырамын. 400-ден астам жәдігеріммен көрме ұйымдастыру ойымда бар. Шахмат ойнай алмайды екенмін. Соны үйренуге ден қоймақшымын. Басылып шыққан жиған тергенім жетерлік. Соны латын қарпіне түсіріп баспаға беру де ойымда жүр.

 Ең бастысы бір орында тұрып қалмау керек. Шерлок Холмос айтқандай миды тот бастырмауға тырысуым керек болып тұр.

Әңгімеңізге көп-көп рахмет!

Тағы да мерейтойыңыз құтты болсын!

Сұхбаттасқан:

М.ЖҰМАХАНҰЛЫ.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Жоғары

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы