МАМАНДЫҒЫМ – МАҚТАНЫШЫМ

2  458 көрілім

Дұрыс таңдалған мамандық – болашақтағы бақытты өмірдің кепілдігі. Сондықтан, менің мамандығым – менің мақтанышым. Мейіргер ісі мамандығы адам өмірімен тікелей байланыста болғандықтан, үлкен жауапкершілікті талап етеді. Қанша сын айтылса да, халық ақ халаттылар қауымын ерекше құрмет тұтатыны ақиқат. Бүгінгі күннің мақсаты мейіргер мамандығына ерекше көңіл бөлу, оның мәртебесін арттыру. Әр саланың қиындығы мен қызығы бар десек, өмір мен өлім арасындағы қызметке бас тігу үшін үлкен жүрек керек.

Бүгінгі таңда елімізде болып жатқан індетпен күресте «мылтықсыз майдан» жауынгерлері – мейіргерлер десек те артық айтпаймыз. Мейіргер мамандығының жүгін сезіне отырып, өзімді осы салада көргім келеді және білімімді шыңдай түскім келеді. Мақсатым: мейіргер ісін және мейіргер ісінде кәсіби білімді, ғылыми зерттеулерді дамытудағы жаңа перспективалар, Отандық және халықаралық тәжірибені жинақтау. Осы мақсаттар жолында еңбек етіп келемін.

9–сыныпты бітірген соң, арман қуып қасиетті мекен Түркістанда орналасқан «Түркістан» көпсалалы жоғары медицина колледжінің 1 курсына қабылдандым. Колледж қабырғасында білім ала жүріп, колледждің өзін-өзі басқару ұйымы «Студенттік үкіметке» қабылдандым. Аға буын әріптестерімнің, ұстаздарымның қолдауы арқасында жетістіктерге қол жеткіздім. 2 курста студенттердің сайлауы нәтижесінде «Студенттік Үкімет» ұйымының президенті болып сайландым. Атап айтсам, «Jas Otan» ЖҚ Түркістан облыстық филиалы төрағасының, мүмкіндігі шектеулі жандарды қолдауға арналған «Шексіз мейірім» жобасының ұйымдастырушыларының, Абайдың 175 жылдығына арналған қалалық мәнерлеп оқу байқауына қатысқаным үшін Түркістан облысының Адами әлеуетті дамыту басқармасының басшысы Р.Жолаевтың алғыс хатымен және т.б. алғыс хаттармен марапатталдым. Сонымен қатар, еріктілер клубына мүшелікке қабылданып, бірқатар жұмыстар атқардық.

Медицина колледжінде оқығандықтан, колледж студенттерінің басын қосып, «Ашық жүрек» жобасы аясында «Мейіріммен болашаққа» атты колледжіміздің еріктілер клубын аштық. Клуб мүшелерінің атсалысуымен 2019-2020 оқу жылында өз аумағымыздағы «САНИТАС» ЕСО-да тіркеуде тұратын науқас жандарға медициналық және әлеуметтік көмек көрсеттік, жәрмеңкелер ұйымдастырып қаржылай қолдау жасалынды. Бұл тек менің ғана емес, колледж студенттерінің жанашырлығының, бастаманы қолдауының арқасы деп білемін.

Өмірімдегі ең басты жетістігім, 2019 жылы желтоқсан айында өткен «Қазақстан Pеспубликасы колледждерінің топ 100 студенті» жобасының жеңімпазы атануым. Нұр-Сұлтан қаласында өткен марапаттау салтанатында Қазақстан Республикасы Білім және Ғылым министрі А.Аймағамбетовтың ұсынған Дипломымен марапатталдым. Сондай-ақ, Синергия университетінің «Основы успеха» онлайн курсының сертификатын иелендім. Қазір мен 4 курс студентімін, 2020-2021 оқу жылының түлегімін. Болашаққа қойған арманым асқақ, мақсатым айқын.

Арайлым АБДЫҚАППАР,

«Түркістан» көпсалалы жоғары медицина колледжінің 4 курс студенті.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Жоғары

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы