МУЗЫКА МЕКТЕБІ ӨНЕРЛІ ЖАСТАРҒА КЕҢ ЖОЛ АШПАҚ

2  187 көрілім

Елбасы, Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың киелі шаһарды облыс орталығы ретінде ресми түрде жариялаған соң, арнайы келіп атбасын бұрып, мұндағы алғашқы салынған нысандардың ашылуына қатысқан болатын. Өйткені өзі Жарлыққа қол қойған жаңа облыс орталығында айналасы бір жыл ішінде оң өзгерістердің куәсі болып, бірнеше нысанның ашылуына қатысты. Қалың жұртшылықпен кездескен Елбасы түркістандықтарға ыстық лебізін білдіріп, «Құдай бұйыртса әлі талай жарық күндерде кездесеміз» деп айтқан сөзінде саяси мағына жатыр деп ойлаймыз. Демек, сан ғасырлық тарихы бар Түркістанның болашағы әлі алда.

Елбасының пәрменімен қасиетті шаһарда бой көтерген нысандардың алғашқысы болып, ол Батыс Қазақстан облысының «Ақжайық» жаңа музыка мектебінің тартуы болды. Қос қабаттан тұратын сәулетті ғимарат музыкалық аспапта сабақтар өтуге барынша лайықталған. Мәселен, мектептегі барлық оқу сыныптары аккустикалық заңдылықтарға сай жабдықталып, әрбір сыныптарға дербес компьютерлер мен интерактивтік тақталар орнатылған. Одан бөлек, өнер ордасында арнайы оркестр, хор кластары мен конференция залдары және 550 орындық үлкен концерт залы бар. Аталмыш «Ақжайық» музыка мектебіне Сырым Айсынов басшылық жасаса, онда жалпы саны 42 азамат жұмыс жасайды екен.

Бұл мектепте қазіргі таңда 116 оқушы қабылданып, музыка аспаптарының 8 түрі бойынша дәріс алуда. Атап айтсақ, домбыра, қобыз, жетіген, баян, скрипка, фортепиано, хор, ұрмалы аспаптар (ксилофон, дауылпаз, литавра, эстрадалық барабан құрылғысы). Оқушыларға жоғары білімді, кәсіби білікті мамандар сабақ береді. Музыка мектебі директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Нуриддин Молдабаевтың айтуынша жалпы мектепте музыкалық аспаптардың 8 түрі бойынша, онда 116 оқушы дәріс алуда. Домбыра сыныбының оқытушылары Гүлмира Жүсіпбекова, Бексұлтан Жұман, Гульжазира Кембілова, Еңлік Төрежан, қобыздан Жансай Оспанғалиева, жетігеннен Жанар Абажанова, баяннан Шадияр Алиходжаева, скрипкадан Султанмурад Ергешов, фортепианодан Санжар Каюмов, Севера Каюмова, хор және вокалдан Жарқынай Оразбаева, Исамиддин Низамов, ұрмалы аспаптардан өзінің сабақ беретінін жеткізді. Негізгі музыка аспабында ойнау сабақтарынан тыс қосымша теория, сольфеджио, музыка әдебиеті, хор сабақтары жүргізіледі. Оларға теория, сольфеджиодан Мақсат Сәрсенбаев, хор мен ән айтудан Исамиддин Низамов, ансамбль және оркестрден Құрманғазы Оразбаев ұстаздар дәріс береді.

Оқу ғимаратында 550 орындық үлкен концерт залы, 32 орындық кіші конференц-зал, үлкен ұлттық оркестріне лайықталған оркестр және вокал-хор сыныптары бар. 8 оқу сыныбы, медпункт, оқытушылар бөлмесі, буфет жұмыс жасайды. Оқушылардың жаңа технология бойынша тиянақты, сапалы білім алуына барлық жағдай жасалынғанын айтып кету керек. Әрбір сыныпта дербес компьютер және принтерлер, екі сыныпта интерактив тақталары орнатылып, толық интернет жүйесімен қамтылған. Концерт залындағы сахнада ҚР Тұңғыш Президенті Елбасы Н.Ә.Назарбаев тарту еткен ақ түсті рояль, кіреберіс холда қара роял орнатылған. Өткен жылдың аяғында мектеп ғимаратының алдында Қазақстанның халық әртісі, композитор, қазақ вальсінің королі Шәмші Қалдаяқовтың ескерткіші орнатылды. Иә, сонымен қаланың өнерлі жастарын шыңдауда музыка мектебінің алар орны ерек болмақ. Ендеше, аталған өнер ордасынан түркістандық қаншама шәкірт тәрбиеленіп, өнер әлеміне қанат қағып, жастардың әлем сахнасында бой көрсетуіне кең мүмкіндік ашылатыны сөзсіз деп ой түйдік.

Қуаныш ТАСЫБАЕВ.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Жоғары

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы