Бабаларымыздың бізге жеткен өнегесі һам өсиеті тым асқақ. Асқақтығы сонша рухыңды жанып, тұмса жаратылысыңа жан бітіріп лаулатып тұрады. Содан да болар қаның мен табиғатыңда ұлтыңа деген адалдық аңқып, ізгілік пен сүйіспеншілік бұрқырап тұрады. Сонан соң еліңе кіршіксіз қызмет етуге ұмтыласың да тұрасың. Енді қалай еңбек етпек керек, оның талабы қандай, соқпақтары мен сүрлеуі қандай болмақ дейтін ой туады. Мұндайда ұлы Абайдың «Тегінде адам баласы адам баласынан ақыл, ғылым, ар, мінез деген нәрселермен озады» дейтін тұжырымдамасы, болмаса Алаш көсемі Әлихан Бөкейханның «Ұлтқа қызмет білімнен емес, мінезден» деген ғаламат сөзі еріксіз есіңе оралады. Осыған қарайсыңда өзің дұрыс деп тапқан жолмен қарекет ете бастайсың.
Дәл осындай өтпелі кезеңде, тайталасқа толы сын сағаттарда бұрылып артыңа қарасаң өнеге алар өрісің бар екенін сезесің. Бажайлап зер салып көрсең тағы сол асылдарымыздың жасап кеткен ерлік іздері өрлікке жетелейді. Оң энергия сыйлап, жебеп тұрады. Жығылсаң тұрып кетуіңе, сүрінсең жүріп кетуіңе дем береді.
Тілге тиек, тақырыпқа арқау еткелі отырған кейіпкеріміз тұтас қазақтың маңдайына бақ болып қонған, аты аңызға айналған аса көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, үш мәрте Социалистік Еңбек Ері, Қазақ КСР Ғылым академиясының академигі, техника ғылымының докторы, КСРО шет ел ордендері мен медальдарының иегері Дінмұхамед Ахметұлы Қонаев.
Заманында қылышынан қан тамып тұрған, кеңес үкіметінің бодандығында болсақ та, ұлтын сақтап қалу дейтін ұлы мақсат жолында жан беріп, жан алысқан өлермендігін ұлтына деген махаббатынан бөле қарауға болмайды.
Халқының ұлы бола білген Дінмұхамед Қонаев 1912 жылы қаңтар айының 12 жұлдызында Верный (қазіргі Алматы) қаласында өмір есігін ашқан. Әкесі Меңліахмет Жұмабайұлы 1886 жылы туған. Алматы облысында ауылшаруашылық және сауда мекемелерінде жұмыс істеген. Қазақ және орыс тілдерінде хат таныған сауатты адам болған. Ал анасы Зәуре Баирқызы 1888 жылы Алматы облысындағы Шелек ауданында өмірге келген. Бар уақытын балалары мен үй шаруасына арнаған.
Дінмұхамед Ахметұлы 1930 жылы Алматы қаласындағы мектепті үздік бітіріп, 1931-36 жылдары аралығында Мәскеудегі түсті металл институтында білім алды. Тау кен инженері мамандығын алған соң Балқаш мыс қорыту комбинатының Қоңырат руднигіне жұмысқа орналасып, онда бұрғылау станогының машинисі, цех бастығы, рудниктің бас инженері және оның директоры болып істейді. Екінші дүниежүзілік соғысының қиын күндерінде тылдағы жұмысты ұйымдастыруда іскерлігімен көзге түседі. «Алтайполиметалл» комбинаты бас инженерінің орынбасары, Риддер руднигінің және КСРО қорғасын мырыш өнеркәсібінің ең ірі кәсіпорындарының бірі Лениногор кен басқармасының директоры қызметтерін атқарады. 1942-52 жылдары Қазақ КСР Министрлер Кеңесінің төрағасының орынбасары болып қызмет етеді. Осында жүргенде Қазақстан ғалымдары оған зор сенім көрсетіп, оны Қазақ КСР Ғылым академиясының академигі және оның президенті етіп сайлайды.
1955-60 және 1962-64 жылдары Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің төрағасы, 1960-62 және 1964-86 жылдары Қазақстан коммунистік партиясының Орталық комитетінің бірінші хатшысы болды. Ол Қазақстанның экономикасы мен мәдениетін өркендету жолына өзінің білімін, мол тәжірибесін және ұйымдастырушылық қабілетін аянбай жұмсай білді. Тіпті бірнеше мәрте КСРО Жоғарғы Кеңесінің депутаты болып сайланды. СОКПның 19 съезінен бастап кейінгі съездерінің бәріне делегат болды. Парламент және партия делегациясын басқарып, әлденеше рет шетелдерде болып қайтты. 1956 жылы СОКП Орталық комитетінің мүшесі. Партияның 23 съезінде ол СОКП Орталық Комитетінің Саяси Бюросының мүшелігіне кандидат, ал 24 съезде мүше болып сайланды. КСРО Жоғарғы Кеңесі Президиумының және Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі Президиумының мүшесі болды. Дінмұхамед Қонаев өз заманының ұлы саясаткері бола білді. Ол билік басында болған уақыт қаншалықты күрделі, қарама қайшылықты болғанымен, елдің экономикасын, әлеуметтік саласын, ғылымын, ұлттық мәдениетін дамыту ісіне айтулы еңбек сіңірді. Түрлі деңгейдегі партия және кеңес қызметін атқара жүріп, Орталықтың өктем саясатының ығымен кете бермей, ел мүддесін, болашақ қамын да бір сәт естен шығарған жоқ. Қайраткер ұл жарты ғасыр уақытта бұрғылау станогінің машинасынан Қазақстан орталық комитетінің бірінші хатшысы қызметіне дейін көтерілді.
Күллі ғұмырын халқы мен Отанына арнаған асыл перзент екенін көрсете білді. Былайша айтқанда бабалары Күлтегін, Тоныкөк секілді күн күлмеді, түн ұйықтамады. Қолына ер қаруы бес қаруын алып жаумен соғыспады. Бірақ өркениет көшіне ілесу дейтін дауылды бұрқасынмен бетпе-бет келді. Ойына алғанын бірден істей салатын екі тізгін, бір шылбыры қолында болмағанына қарамастан нәтижелі жұмыстар атқарды. Атап айтар болсақ, билікте болған жылдарда елімізде 43 қала, 68 жұмысшылар кенті бой көтеріпті. Мәселен Алматы қаласындағы Қазақстан Республикасының Ұлттық Ғылым Академиясының ғимараты, Оқушылар сарайы, Республика Сарайы, Спорт және Мәдениет Сарайы, «Медеу» спорт кешені, Ұлттық кітапхана, цирк ғимараты, авто, аэро және темір жол вокзалдары, «Алматы», «Достық», «Қазақстан» қонақүйлері ғимаратының салынуына мұрындық болғаны белгілі. Ал 1960 жылдар басында Н.С.Хрущевтің озбырлығымен Өзбекстанға беріліп кеткен қазақ жерінің біраз бөлігін қайта қайтарып алудағы жанкештілігі аңызға бергісіз.
Қысқасы өз ісінің білгір де білікті басшысы бола білгенін табысты қызмет жолы арқылы дәлелдеді. Ол жайлы кем айтудың өзі қиянат болмақ. Бүгінге дейін ғұмырнамасына арналып жазылған том-том еңбектердің, сан мыңдаған естеліктердің бәрінен кездесетін ортақ үн – Дінмұхамед Қонаевтың қоңыр мінезді, сондай қарапайым, сабырлы да кең пейілді жан болғаны хақында. Үйде де, түзде де ашу шақырып, дауыс көтеру деген секілді әдеті болмаған. Үкімет қызметінде жүрген кезде жұмысқа ешбір оққағарсыз, жаяу баруды жөн көрген. Осындай асыл қасиеттері толып жатыр. Ел жадында мәңгі жатталып қалған оқиға жұбайы Зуһра Шәріпқызымен арадағы махаббаты десек қателеспеген боламыз. Елу жыл бойы серік болған асыл жарына деген адалдық сезімін жанына жалау етіп, өле-өлгенше сыйласып өткен. Жары ұлықтың әйелімін деп көкірек кермеген, өзімшілдік танытпаған жан болыпты. Жалпы жұртқа жағымды, ибалы да инабатты, ата-ананы құрметтеген, еліне сыйлы келін болыпты. Осыдан артық адамдық пен адалдық биігін қалай көруге болады. Таңғаласың да тамсанасың, тамсанасың да еріксіз бас иесің.
Қорыта келгенде бір дәуірдің мінезді де, білімді бірегей ұлы, халқы үшін адал қызмет еткен ұлт көсемдерінің біреуі осы Дінмұхамед Қонаев екені ақиқат. Ол кісі жайлы бірер беттік мақалада айтып тауысу мүмкін емес. Иісі қазақ баласына таныс есім. Ұмыт болуы да мүмкін емес есім. Өйткені Дінмұхамед Ахметұлы – әбілһаят суындай мәңгілік ғұмыры өлмес өмір бастаған тұлға.
Үмітбек БАҒДАТ.
