Құрметті түркістандықтар мен қала қонақтары!
Баршаңызды Жаңа жыл мерекесімен шын жүректен құттықтаймын! Жаңа жылға мол сеніммен, нық қадаммен аттанғанды қалаймыз. Түркістан қаласы облыс орталығы мәртебесіне ие болғалы бері қаламыз нағыз құрылыс алаңына айналып, айналасы екі жыл ішінде көптеген өзгерістер орын алды. Көне де тарихи шаһар жаңарған қалаға айналып келеді. Осындай жағымды жаңалықтардың ортасында жүрген біздер киелі қаламыздың өсіп-өркендеуіне өз үлесімізді қосып келеміз. Алдағы уақытта да оң өзгерістердің басынан табыла бермекпіз. Жаңа 2021 жылда әрбір игі істер мен жаңа бастамаларға сәттілік серік болып, отбасыларыңызға баянды бақыт пен бақ-береке әкелсін!
Халқымызда «Ескі жылға өкпе жоқ, жаңа жылдан үміт көп» деген дана сөз бар. Осы тұрғыдан алғанда барша түркі жұртының түп мекені қаламызда шын мәнінде 2020 жылда көп өзгерістер болды. Жасарған, жайнаған қаламыз алдағы жылдары да жоғары қарқынмен түлей бермек. Өткен жылы басталған құрылыс жұмыстары қарқын алып, бір-бірінен әдемі зәулім жаңа ғимараттар бой көтереді. Әр салада көрсеткіштеріміз еселеніп, қаламыздың өсу деңгейі жыл санап артуда. Түрлі этнос өкілдерінің басын қосқан рухани қала, жәдігер шаһар алдағы жылдары әлем таныған туризм мекеніне айналарына ешкімнің таласы жоқ.
Осындай қуанышты істерімізді баршаларыңызға жеткізе отырып, Жаңа жыл мұраты биік, береке-бірлігі жарасқан еліміз үшін ізгілігі мен игілігі мол жыл болғай дегіміз келеді. Жыл басында баршаңыздың дендеріңізге саулық, отбасыларыңызға амандық, береке мен бірлік тілеймін. Жаңа жыл барлық істеріңіз бен бастамаларыңызды сәтті етіп, мол табыстар ала келсін, жетістіктерге толы болсын! Жаңа жылдарыңызбен жерлестер!
Жарылқасын ӘЗІРЕТБЕРГЕНОВ,
Түркістан облыстық ақсақалдар алқасының төрағасы.
