ЕҢБЕГІ ЕРЕН АЗАМАТ

827 көрілім

Өмір дегеніміздің өзі ағыны қатты, қысы мен көктемі ауыспалы аксиома болса керек. Олай болатыны қаншама жылдар өтіп, артыңа қайырылып бір қарағаныңда бәрі ұмыт болады. Басып өткен жолдарыңның санаулысы ғана мәңгілік естелікке айналып жадыңда сайрап тұрады. Бүгінгі кейіпкеріміз жетпіс жылын күні кешегідей артқа тастаған ел алқаған асыл азамат. Өмірінің мәнін нәтижелі еңбегі арқылы дәлелдеп келген жан.

Армен қарай басып өткен өмір жолы арқылы азда болса толғанып көрейік. Есалы Нұржанов 1951 жылы қаңтар айының 15 жұлдызында Шымкент облысының Киров ауданында өмір есігін ашады. Балалық ғұмыр осылайша өз жалғасын табады. Білімге ден қойып, 1967 жылы Шардара қаласында орта мектепті жақсы нәтижемен бітіріп шығады. Жоғарлап оқып Шымкент қаласындағы Қазақтың химия технологиялық институтын инженер-химик-технолог мамандығы бойынша 1992 жылы үздік бітіреді. Осы жылы жолдамаға сәйкес Жамбыл қаласындағы фосфор зауытында алғашқы еңбек жолын бастап кетеді. Бастапқыда қатардағы жұмысшыдан бастап ауысым мастері, ауысым бастығы қызметтерін саты-сатысымен абыройлы атқарады.

1975 жылы сол кездегі комсомол жолдамасымен ішкі істер органдарына қызметке жіберіледі. Атаулы сала бойынша алдымен Оңтүстік Қазақстан облыстық ішкі істер басқармасының төлқұжат бөлімінде инспектор, содан соң мемлекеттік меншікті талан- таражға салумен күрес басқармасының жедел өкілі қызметінде болады. Араға біраз жылдар салып 1985 жылдан Шымкент қаласындағы Абай аудандық ішкі істер бөлімінде аға жедел уәкіл, бөлімше бастығы, ішкі істер бөлімінің бастығының орынбасары қызметтерін табысты атқарады. Еңбекқорлығының арқасында 1991 жылы облыстық ішкі істер басқармасының профилактикалық қызмет бөлімі бастығының орынбасары, 1992 жылдың мамыр айына дейін осы бөлімнің бастығы қызметіне көтеріледі.

1992 жылдың мамыр айы мен 1996 жылдың қаңтар айы аралығында Созақ аудандық ішкі істер бөлімінің бастығы, ал 1996 жылдың қаңтар айының 2001 жылдың маусым айы аралығында алдымен Түркістан аудандық ішкі істер бөлімінің бастығы, содан соң Түркістан қалалық ішкі істер басқармасы бастығының орынбасары қызметтерін жоғары деңгейде атқарып келді. Ұзақ жылдық маңдай тері мен адал еңбегінің арқасында 2001 жылдың маусым айында зейнеткерлікке шықты. Еңбек етуден жалыққан емес.

Зейнеткерлікке шыққан соң да еңбек етуді жаңа бір қырынан бастады. Қашанда қызу еңбектің ортасында келе жатыр. Содан кейінгі жылдарда Түркістан қаласындағы «Қазақстан-Ресей» институтының кафедра меңгерушісі болып істеді. 2009 жылы қыркүйек айынан бастап шаһардағы «Ақ-Жол» ЖШС-ның заңгері болса, 2015 жылдың ақпан айынан бері директордың кеңесшісі қызметін жалғастырып келеді. Қазіргі таңда Түркістан облысы ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары.

Мейлі қай кезде болсын төгілген тердің, ұлы құлшыныстың артында жеңісті де, жемісті үлкен нәтиже болары бар-ды. Халықтық тағылыммен айтсақ «еңбек етсең ерінбей, тояды қарның тіленбей» дейтін тұжырымдамасы еңбек еткен адам көп белесті бағындырады дегенді анықтай түссе керек. Сөйтіп Есалы Мәмбетәліұлы еңбегі де шынайы бағасын алды десек болады. Анықтап айтқанда КСРО ІІМ- нің І, ІІ, ІІІ дәрежелі «Қалтқысыз қызметі үшін» медальдармен, «КСРО Ішкі Істер министрінің үздігі» төсбелгісімен, Қазақстан Республикасның «ҚР Конституциясының 10 жылдығы» медалімен, 2001 жылдың 16 желтоқсанында ҚР Президентінің «Алғыс хатымен», «Ұлы Женіске 70 жыл» естелік медалімен, «Қазақстан полициясына 25 жыл», «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 25 жыл», «Кеңес Одағының батыры Генерал Сабыр Рахимов», Бауыржан Момышұлының «Батыр Шапағаты», «Совет милициясына 100 жыл», «Милицияға қызметі үшін Совет милициясына 100 жыл», «Қарулы күштерге 100 жыл», «ВЛКСМ-ға 100 жыл», «Ветерен МВД» (Ресей), «Қазақстан Республикасы Ішкі Істер органдарының құрметті ардагері» медалдарымен марапатталған. Сонымен қатар отставкадағы полиция полковнигі арнайы әскери шені бар.

Әр істі үлкен жауапкершілікпен, шынайы құлшыныспен істеп жұрт құрметіне бөленіп жүрген Есалы Нұржанов жетпістің асуына шығып отыр. Бұл күндері ұлын ұяға, қызын қияға қондырып, олардан немере, шөбере сүйіп отырған әулеттің тірегі. Қартты мерейлі жасымен құттықтай отырып, ел ағасы болып аман-есен өркендей беруіне тілектестік білдіреміз.

Үмітбек БАҒДАТ.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы