2019 жылдың қараша айында құрылысы басталған «Hilton» қонақүйінің алғашқы желісі «Нampton by Hilton Turkistan» қонақүйінің салтанатты ашылу рәсімі өтті. Шараның ашылуына облыс әкімінің бірінші орынбасары Арман Жетпісбай, қала әкімі Рашид Аюпов, BI Group Директорлар кеңесінің төрағасы Айдын Рахымбаев қатысты.
– Бұл жоба Түркістан қонақтары үшін халықаралық деңгейдегі қызметті қолжетімді бағада пайдалануға мүмкіндік береді. Қонақүй өткен заман мен қазіргі дәстүрлерді сәтті үйлестіре отырып, қаланың стилін толықтыра түсті, – дей келе Арман Жетпісбай «BI Group» компаниясына қаламыздағы туризмді дамытуға қосқан үлесі үшін алғысын білдірді.
Hilton – құрамына әртүрлі санаттағы 17 қонақүй бренді кіретін дүние жүзіне әйгілі қонақүйлер болып табылады. Әлем бойынша бұл желіге 6000-ға жуық қонақүй кірсе, «Hampton by Hilton Turkistan» – BI Group пен Hilton Worldwide арасындағы екінші бірлескен жоба аясында іске асып отыр.

– 2018 жылы 28 қыркүйекте Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Айдын Жұмаділұлына сен Түркістан үшін не істей аласың деген сауал қойған болатын. Сонда Түркістан туристік аймақ болғандықтан әлемдегі бір брендті алып келемін деген еді. Айтылған сөз, іспен дәлелденді. Себебі бұл халықаралық деңгейдегі қонақүй,- деді шаһар басшысы Р.Абатұлы.
Айта кетейік, қонақүйдің сыртқы беті көне ғасырдың ғимараттарын еске түсіретін Марокко стиліндегі ескі қам кірпіштен соғылған. Орта ғасыр мен қазіргі дәстүрлерді сәтті үйлестіре отырып, қаланың көрінісін толықтыра түскен. Бір жылдың ішінде бой көтерген қонақүйдің жалпы алаңы Top Tope жеке банкет кешенін қосқанда шамамен 9000 шаршы метрді құрайды. Қонақүйде стандартты санаттағы 120 нөмір бұдан өзге, мүмкіндігі шектеулі жандарға арнайы жасақталған бөлмелер де қарастырылған.
Шынар ӘДІЛХАНҚЫЗЫ.
