Өтіп бара жатқан жыл еліміздегі ғана емес, бүкіл әлемдегі еріктілер үшін де маңызды жыл болды. Пандемия кезінде барша еріктілер, оның ішінде түркістандықтар да өздерін пайдалы жағынан көрсете алды. Олардың көмегін коронавируспен ауырған мыңдаған адамдар ғана емес, сонымен қатар, аз қамтылған және мұқтаж отбасылар да сезіне білді.
ҚР Тәуелсіздігі күніне орай және “Еріктілер жылының” аяқталу уақытына сәйкес, Рашид Абатұлы жыл бойы белсенді қызмет етіп, қала тіршілігіне ерекше қолдау көрсеткен азаматтарды марапаттады.

Атап айтар болсақ, “Асар” еріктілер ұйымының төрағасы Төребай Әбдікәрімов “Қалаға сіңірген еңбегі үшін”, Әсел Бимырзаева “Қала қамқоршысы”, Ұлжалғас Сүлейменова “Қала жанашыры” және Нұрайым Қуандықова “Қала патриоты” медалімен марапатталды. Одан өзге 100-ге тарта еріктіге Алғыс хаттар мен сый-сияпаттар берілмек.
Рашид Аюпов өз құттықтау сөзінде:
– Сіздердің қалаға деген жанашырлықтарыңызға өте қуаныштымын. Сіздер пандемия кезінде де, көршілес аудандағы апатты салдарда да қалтқысыз көмек көрсеттіңіздер. Сіздердей ерікті де белсенді жастарымыз барда – біздің болашағымыздың жарқын боларына сенемін, – дей келе кез келген азаматтан түсетін жобалар мен ұсыныстарды қолдауға әрдайым дайын екендігін жеткізді. Одан өзге, пандемия кезіндегі жағдайды ескере, алдағы уақытта мұндай жағдайға тап болған, әрбір Covid-19 індеті оң қорытынды берген отбасыға арнайы пакет берілетінін айтып өтті. Оның ішінде антисептик, жылу өлшегіш және басқа да қажетті заттар болады.
Одан өзге, еріктілер көкейіндегі сауалдарын қойып, алдағы жылда көрсетілетін қолдаулар бойынша жауап алды. Рашид Абатұлы келер жыл рухани шаһар үшін маңызды оқиғаларға толы болатынын жеткізіп, жастарды белсенді болуға шақырды.
Түркістан-ақпарат.
