Қаладағы М.Әбенова атындағы жалпы орта мектебінде Тәуелсіздік күніне орай, қалалық ішкі саясат бөлімінің ұйымдастыруымен «Тұран қырандары» қоғамдық бірлестігінің «Желтоқсан және Тәуелсіздік» атты жас ақындар мүшәйрасының қорытынды марапаттау рәсімі болып өтті. Шараға «Тұран қырандары» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Зере Ешмуратова, М.Әбенова мектебінің география пәнінің мұғалімі Жанат Жұмадуллаева, желтоқсан оқиғасына қатысушылар және мектептің ұстаздары мен оқушылары қатысты.
Сол кезде еркіндікке ұмтылған, алаңға шыққан жалынды жастардың желтоқсан оқиғасындағы ерен еңбегі, кеңестік одаққа үлкен бір серпін алып келді. Соның нәтижесінде тәуелсіздігімізге қол жеткіздік. Бейбіт өмірді қаншама ғасырдан бері аңсаған ата-бабамыздың арманын сезініп, көру бізге нәсіп етті. Біз бақытты ұрпақпыз. Себебі биыл Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күніне 29 жыл толып отыр.
«Тұран қырандары» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Зере Ешмуратова өскелең ұрпақтың потриоттық сезімін жаңғырту мақсатында ұйымдастырылған мүшәйра биыл пандемияға байланысты онлайн түрде өткізілгенін жеткізді.
Кездесуде Республикалық көлемде потриоттық өлеңдерден лауреат атанып, бас жүлдені иеленіп жүрген Салқынбек Мейрамбек «Алға Қазақстан» әнін орындады.
Алқалық мерейтойда ақындық өнерімен Ғ. Мұратбаев атындағы №5 орта мектебінің оқушысы 1-ші орынды Қыпшақпай Сымбат иеленсе, аталған мектептің оқушысы Мұңайтбас Табиғат патриоттық бағыттағы өлеңі үшін марапатталды. Сонымен қатар, Құмтиын жалпы орта мектебінің оқушысы Байғазы Аружан алғыс хатқа ие болды. Жиын соңында ҚР Тәуелсіздік күніне орай «Тәуелсіздік ел тұғыры» атты бейнеролик көрермендер назарына ұсынылды.
Алтынай АЛМАСҚЫЗЫ.
