ЖЕЛТОҚСАНШЫЛАР МАРАПАТТАЛДЫ

727 көрілім

Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың көреген саясатының арқасында ұрыс керіссіз, ашық аспан астында тәуелсіздікке 1991 жылы қол жеткіздік. Қол жеткізіп қана қойған жоқпыз, еліміз аяғынан нық тұрып, дүниежүзін толығымен мойындатып келеді. 1990 жылы өткен Қазақ ССР-нің Президентінің сайлауы Алаш жұртының тағдырына түбегейлі өзгеріс енгізді. Осы сайлауда жеңіске жеткен сол кездегі министрлер кабинетінің төрағасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев бес ғасырға жуық аңсап, жете алмай келген еркіндікті өз еліне сыйлады. Яғни, 1991 жылы 25 қазанда Егемендік туралы декларация қабылданса, сол жылдың 16 желтоқсанында Қазақстан Республикасы Әлем картасында Тәуелсіз ел ретінде орын алған болатын.
1986 жылы еліміздің патриот жастары тасада тыныш отыра алмай сол күннің өзінде-ақ, қолдарына ұрандарын көтеріп, орталық алаңға шықты. «Қазақ елін, қазақ жерін өзге ұлт өкілі емес, өз ұлтымыздың өкілі басқару керек» деген сөздерін қайталаудан қайтпаған ұлт жастары кеңес әскерлері тарапынан соққыға жығылды. Қақаған қыстың аязында жерге аяусыз тапталып жатқан патриоттар қорлық пен сұмдықтың бәрін көрді десек қателеспейміз. Міне, қарап отырсаңыздар, ешбір шайқас немесе көтеріліс қазақтың басынан сипай қойған жоқ. Сонымен қатар, елі мен жерін де жат жұртқа бере қойған жоқпыз. Осындай қан төгіспен келген тәуелсіздіктің біз үшін бағасы аса қымбат.

Осыған орай, мереке қарсаңында қала әкімдігінде шаһар басшысы Рашид Аюпов пен қалалық мәслихат хатшысы Ғаппар Сәрсенбаев «Тұран қырындары» қоғамдық бірлестік мүшелерімен кездесіп, оларды тәуелсіздік мерекесімен құттықтап, алғыс хатпен арнайы сыйлықтар табыстады. Кездесу соңында «Тұран қырындары» қоғамдық бірлестігі атынан Бекжігіт Сердәлі мен Зере Ешмұратова қала әкіміне шынайы алғысын білдіріп, қаладағы атқарып жатқан өзгерістерге оң бағасын берді.

Еліміздің қарышты қадам, өркенді өзгерістер көрінісін киелі қаламыздың бүгінгі тіршілік-тынысынан айқын аңғарып, оның бүгінгі өскелең келбетінен жете сезінуге болады. Көне шаһарды жөндеу, жаңғырту, сөйтіп өркениет өрісіне шығару әрекеттері қызу жалғасып жатыр. Бүгін де Түркістанда құлшынған халық, қарқынды құрылыс, жемісті еңбек. Күллі әлем қауымдастығы мойындаған тәуелсіз еліміздің мерейі жыл өткен сайын биіктеп, әр жылы он жылға тең келетін тарих үшін қысқа мерзімде теңдесі жоқ жетістікке жетіп отыр. Барынша дамыған отыз мемлекет қатарынан ойып тұрып орын алу мұратының да іс жүзіне асар қуанышты сәті алыс емес.

Қуаныш ТАСЫБАЕВ.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Жоғары

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы