Жетісай ауданындағы тұрғындарға көрсетілер мемлекеттік қызметтердің сапасын жақсартып, халықтың цифрлық сауаттылығын арттыруға, бүгінгі қоғамның өзекті мәселесі болып отырған сыбайлас жемқорлықтың алдын алу мақсатында аудан әкімдігі ғимаратынан «Халықтық кеңсе» орталығы іске қосылды. Нысанның салтанатты ашылу рәсіміне Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Түркістан облысы бойынша Департаменті басшысының бірінші орынбасары Мирас Қарғабай мен аудан әкімінің орынбасары Асан Маханбетов, аудан прокурорының орынбасары Мақсат Ералиев қатысты.
Лента қию рәсіміне дейін аудандағы мекеме және бөлім басшыларымен кездесу өткізген департамент төрағасының бірінші орынбасары елдегі сыбайлас жемқорлыққа қарсы атқарылып жатқан жұмыстар мен нәтижелері жайында айтып өтті. Заңдарға енгізілген өзгерістер мен толықтыруларға тоқталды. Сыбайлас жемқорлық тәуекелділіктерін талдап, салдарын саралады. Атқарылған жұмыстардың барысын арнайы дайындалған слайдтармен түсіндірді.
«Бүгінгі күні Агенттіктің бастамасымен ел аумағында мемлекеттік органдардың жұмысы «Open space» форматына көшірілуде. Бұл халыққа барынша қолайлы жағдай туғызып, ашықтық пен жариялылықты, сондай-ақ, жұмыс сапасының артуы мен тұтынушылардың кедергісіз қызмет алу мүмкіндіктерін қалыптастыруда. Бүгінгі ашылған орталық жетісайлықтарға тиімді қызмет көрсетіп қана қоймай, сыбайлас жемқорлық фактілерін азайтуға ықпал ететін болады»,- деді Мирас Қарғабай.
Жаңа кеңседе бір мезгілде азаматтарды қабылдау, құқықтық кеңес беру, қолжетімді әрі сапалы қызмет көрсету қолжетімділігі толықтай қарастырылған. Сонымен қатар, мұнда өз-өзіне қызмет көрсету бұрышы да бар. Мемлекеттік қызметке жүгінген кез-келген тұрғын сол жерде көрсетілген қызмет түріне автоматты түрде баға да бере алады. Қандай да бір құжат үшін әр бөлімнің есігін қағып, уақытын жоғалтатын тұрғындар ендігі кезекте әуре-сарсаңға салынбай, шаруасын бір ғана орталықтан бітіре алады. Бұл өз кезегінде мемлекеттік қызметке деген халықтың сенімін арттырып, сапасын жақсартуға үлкен септігін тигізбек.
Бауыржан НАЙМАНОВ