ОЛИМПИАДАЛЫҚ ЕМЕС СПОРТ ТҮРЛЕРІ НАЗАРДАН ТЫС ҚАЛМАЙДЫ

739 көрілім

    Бүгін Түркістан қаласында «Түркістан облысы бойынша жауынгерлік өнер қауымдастығы» заңды тұлғалар бірлестігінің мүшелері басқосты. Спорт жанашырларының кездесуінде  олимпиадалық емес спорт түрлерінің халықаралық имиджін көтеру бағытындағы жобалар басты назарға алынып талқыланды. 

   Бірлестіктің  Құрметті Президенті, ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Түркістан облысы бойынша департаментінің бастығы, генерал-майор Әбілсейіт Дүйсебаевтың айтуынша, жоспарға сай келер жылы атқарылу тиіс жұмыстар аз емес. Сондықтан, жастар арасында бұқаралық спортты насихаттауды жетілдіре түсудің маңыздылығы жоғары. Жиында Түркістан облысы әкімінің орынбасары Сәкен Қалқаманов бірлестіктің бастамаларына қолдау білдіруге дайын екендігін жеткізді. 

   – Биыл Түркістан облысының дене шынықтыру және спорт басқармасы тарапынан  облыстық Ә.Нұрмаханов атындағы ОРМБЖСМ-не олимпиадалық емес 8 спорт түрін дамыту бағытында 15 штат бірлігі берілді.  Атап айтқанда, Грэпплинг, Джиу-джитсу, Муайтай, Таэквондо ITF, Әмбебап жекпе-жек  түрлерінің әрқайсысына 1 штаттан,  Панкратион – 1,5 штат, Ушу саньда – 2,5 штат,  Кикбоксинг – 3 штат, Белбеу күресі – 2 штат.  Осы аталған бөлімдерде қазіргі таңда 462 спортшы спортпен тұрақты түрде шұғылдануда» – деді  «Түркістан облысы бойынша жауынгерлік өнер қауымдастығы» заңды тұлғалар бірлестігінің басшысы Дәурен Тәңірбергенов.

    Келелі кеңестен соң бірлестік мүшелері «Túrkistan arena» стадионына барды. Халықаралық талапқа сай спорт ғимаратынан бірлестік мүшелеріне арнайы жеке бөлме беріледі. Олимпиадалық емес спорт түрімен айналысатын спортшылар болса жаттығу залдарында шынығуға мүмкіндік алатын болады.

    Сондай-ақ, Түркістан қаласында ашылған  «Туризм және меймандостық университеті» мен аталмыш бірлестік арасында екі жақты меморандумға отыру бойынша келісім жүргізілген. Меморандум бойынша университет ішінен спорт клубын ашу, университет спорт залдарында оқу-жаттығу жиындарын ұйымдастыру, мектеп спортшыларын аталған университетте гранттық негізде оқыту және жатақханамен қамтамасыз ету жоспарлануда.

    Айта кетейік, Түркістан облысынан Нұр-Сұлтан қаласында жастар мен жасөспірімдер арасында ушу және кунг-фудан өтіп жатқан ҚР чемпионатына 10 спортшы, Шымкент қаласында муайтайдан жастар мен жасөспірімдер арасындағы ел біріншілігіне 11 спортшы қатысуда.

Ақберен АМАНГЕЛДІ.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы