Ұстаз – ұлағатты есім, қадірлі тұлға, білімі мен біліктілігі дамуды өрге сүйрейтін қоғамның ажырамас бір бөлігі. Оған ешкімнің айтар дауы, тағар міні жоқ.
Сонау ықылым заманнан бері адамзат баласының даму тарихында ерекше құрметке ие мамандық иелерінің орны күні бүгінге дейін төрін жоғалтпады.
Биылғы жылғы жаһандық пандемия кезінде де қауіпті індетке қарсы аяғынан тік тұрып, карантиндік аймақтарда, эвакуациялық пункттер мен блокбекеттерде күндіз-түні тер төккен жанкешті ерлік иелері бүгінгі қашықтықтан оқыту кезінде де қол қусырып, қарап жатқан жоқ. Онлайн және офлайн байқауларға қатысып, біліктіліктерін жан-жақты арттырып жүр.
Сондай байқаулардың бірі – жуырда ғана Жетісай аудандық білім бөліміне қарасты №12 «Амангелді» атындағы жалпы орта мектебінде болып өтті. «Мұғалім болу – ұлағатты іс» атты қашықтықтан өткен сайысқа мектептегі пән бірлестіктері қатысты. Жан-жақты дайындықты талап еткен сайыста әділ қазылар алқасының шешімімен жүлделі ІІІ орынға қазақ тілі мен эстетикалық пәндер бірлестігі ие болса, ІІ орынға орыс тілі, бастауыш сыныптар, МФИ пәндер бірлестігі табан тіреді. Ал, жүлделі І орын тарих-география пәні бірлестігінің ұстаздары қанжығаларына байлады.
Мұнан да басқа қазылардың қарарымен химия-биология пәні бірлестігі «Жаңашыл бірлестік», денешынықтыру пәні бірлестігі «Шығармашыл бірлестік» номинацияларына ие болды.
Сонымен қатар, қазақтың бас ақыны Абай Құнанбаевтың 175 жылдығына арналған бастауыш сынып мұғалімдері арасында көркемсөз оқу шеберлерінің де байқауы өткен болатын. Ақынның шығармаларының жұртшылыққа кеңінен насихаттау, маңызын ұғындыру мақсатында өткен байқауға 16 ұстаз қатысып бақтарын сынап еді. Үздіктер анықталып, номинациялар берілді.
Қос байқаудың жеңімпаздарын марапаттау салтанатына аудандық білім бөлімінің кәсіподақ комитеті төрағасы А.Ниязбеков пен кәсіподақ ұйымының маманы С.Бейсенов, №12 «Амангелді» атындағы жалпы орта мектебінің бастауыш кәсіподақ ұйымының төрайымы Л.Тулемисова қатысып, қатысушыларға алғыстарын білдірді. Әріптестер арасында жүзден жүйрік шыққандарға бағалы сыйлықтар мен алғыс хаттар табыс етілді.
«Қос байқау да жоғары деңгейде өтті. Ұстаздарымыз карантиндік режим кезінде де бос жатпағандығын, ізденіс үстінде болғандықтарын дәлелдеді. Бірлестіктердің де, жекелеген ұстаздардың да дайындықтарына жоғары баға бере отырып шынайы алғысымызды білдіреміз.
Педагог осындай жан-жақты, білімді, білікті, тәжірибелі және өнерлі болғанда ғана шынайы ұстаз бола алады» дейді №12 «Амангелді» атындағы жалпы орта мектебінің бастауыш кәсіподақ ұйымының төрайымы Лаззат Тулемисова.
Бауыржан НАЙМАНОВ