Қазір көптеген елде санитарлық ахуал күрделеніп барады. Бұл – коронавирус қайта өршиді деген сөз. Яғни, бүгінде көпті алаңдатып отырған мәселеде осы. Екінші толқын талайдың талқанын тауыспаса игі. Сондықтан да президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев елдегі дайындықты күшейтуге барынша басымдық беріп отыр. Өткенге көз жүгіртсек жаздағы күрделі ахуалдың зардаптары талайдың тамырына балта шапты емес пе? Сол себепті де азды-кем тәжірибеге сүйеніп босаңсуға болмайды. Алдын-ала дайындықты еліміздегі барша ауруханалар үлкен жауапкершілікпен орындауда. Солардың бірі Жетісай аудандық орталық ауруханасында бүгінде індеттің құрығына ілінгендерге арнайы 310 төсек орын бар. Ал, күндізгі стационарда ем алушыларға қалалық емханада арнайы 100 төсек орын ажыратылған.
Сонымен қатар, ауруханада бүгінде 9 жасанды тыныс алу аппараты орналастырылып, қосымша 64 оттегі концентраторы сақадай сай. Айтып өтейік аталған құрылғылардың басым бөлігін елдің амандығына бей-жай қарамайтын адамдардың қайырымдылығымен жиналған қаражат есебінен алынған. Бүгінде күніне 350-400-ге дейін науқасты қабылдауға қауқарлы арнайы орталық жасақталып, инфекцияны анықтауда суық тию белгілері бар, қауіпті топқа жататын адамдарға тест тегін жүргізілуде. Ал, қалған азаматтар ақылы түрде 9 мың теңгеге тест тапсыруларына болады.
Ауруханада алғашқы індетпен күрес кезінде қажеттілігі жоғары болған 2 айға есептелген дәрілік препараттар жинақталған. Сондай-ақ, дәрігерлерге арналған бет-перделер мен қорғаныш киімдері де жеткілікті. Айта кетейік, індетке қарсы күреске байланысты аудандық ауруханада қуаттылығы сағатына 50 мың литірді құрайтын оттегі станциясы да орнатылған. Ендігі жерде мамандар Жетісай ауданы мен көршілес аудандарда оттегі тапшылығы болмайды деген сенімде.
Бауыржан НАЙМАНОВ