Бүгінгі еліміз қарыштап дамып, іскерлік сипатқа жол алған заманда қоғамымызды алаңдататын бір мәселе бар. Ол – сыбайлас жемқорлық. Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев бұл орайда қаншама істер атқарып, осындай індетке бой алдырғандарды қаншалықты қатал жазаласа да оған жол беретіндер мүлдем тыйылар емес. Қазақстан Республикасының заңнамаларына сәйкес, сыбайлас жемқорлық қылмыстарға негізінен лауазымды қылмыстар жатады.
Сыбайлас жемқорлықпен пәрменді күресу үшін халықтың құқықтық сауатсыздығын жою, құқықты түсіндіру жұмысының деңгейі мен сапасын арттыру керектігінің маңызы зор. Халық өздерінің құқықтарын, өздеріне қарсы қандай да бір құқыққа қайшы іс-әрекет жасалған жағдайда қандай іс-қимыл қолдану керектігінің нақты жолдарын толық білулері қажет. Осы орайда жуырда конституциялық тәртіпті қорғау, сыбайлас жемқорлықпен күрес аясында тиімді, бірыңғай жалпы мемлекеттік саясат жүргізу, мемлекет пен азаматтардың өмір сүруінің барлық салаларында сыбайлас жемқорлық пен оның көріністері деңгейін төмендету мақсатында Түркістан облысы бойынша сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет департаменті және «Адалдық алаңы» жобалық кеңсесі ауқымды жұмыстар атқаруда. Халық арасында сыбайлас жемқорлықтың қоғамға, мемлекетке тудыратын зардабы, онымен күресу әр адамның өзінен басталатыны, сыбайластықпен күресу туралы заңдар, осы заңдар бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы түсініктер қалыптастыруда аталған департаменттің ықпалы зор болуда.
Кез-келген өркениетті қоғам үшін сыбайлас жемқорлықпен күрес ең өзекті мәселелердің бірі болып табылады. Сыбайлас жемқорлық мемлекетті ішінен жоюдың бастамасы мен жетістіктерді жоққа шығаратын, ұлттық қауіпсіздікке қауіп-қатер әкелетіндігі күмәнсіз. Сондықтан да сыбайлас жемқорлықпен күресу барлық Қазақстан Республикасы азаматтарының борышы деп білу керек.
Ж.ОРЫНБАСАРОВА,
қалалық адами капиталды дамыту бөлімінің бас маман-заңгері.