Бүгінде елде кәсіпкерліктің кез-келген түріне үлкен қолдау көрсетіліп жатыр. Тек адал істеп, тиісті салығыңды уақытылы төлеп отырсаң болғаны. Маңдай теріңмен тапқан қаражатқа жағдайыңды түзеп, отбасыңды аш қалдырмасаң – үлкен жеңіс сол.
Жетісайлықтар арасында «ескі больница» немесе «Заңғар 4» атанып кеткен Абай көшесі бойындағы шағын ғана асханада жыл он екі ай күннің ыстық-суығына қарамай бәліш пісіретін Карима есімді келіншек бар. Өзі көпбалалы батыр ана. Жолдасы Қайрат та қарап жүрмейтін жігіт. Бірді екі етіп азық-түлік, жеміс-жидек, көкөніс сатумен айналысады. Карантиндік жағдайға дейін перзенттерінің үлкендері мектепке барса, кішкентайлары балабақшаға қатынаған. Бүгінде ата-әжесінің қарауында.
Аудандық емхана мен аудан әкімдігіне, аудандық сот пен прокуратураға келгендердің арасында Кариманың бәлішінен дәм татпаған адам кемде-кем.
«Алғашында жай ғана қызығушылықпен бастаған ісімді кәсіп еткелі де 8 жыл болыпты. Негізінде, бәліш пісіруді кәсіп етемін, табыс табамын деген ойым мүлдем болмаған. Жолдасымның табысы бар, ата-ененің қолындамын. Тарығып, аш қалған күніміз болмады. Хобби ретінде басталған жұмыс елдің алғысының нәтижесінде берекелі кәсіпке айналды. Бірнеше адам тұрақты жұмыс істеп, отбасын осы жерден асырап отыр» дейді Карима Омарова.
Күніне орта есеппен 400 бәліш пісіріп сататын Карима бір қап ұннан 1200 дана бәліштің шығатынын айтады. Айына 8 қап ұн істететін батыр ана осы кәсіп арқылы таныс арттырып, жаңа достар тапқанына риза.
Мемлекеттің мойынына асылып, жәрдемақыға жәутеңдемей қабілеті мен мүмкіндігін жүзеге асырып отырған осындай жандардың еңбегі ерлікке пара-пар деуге болады. Өйткені, отбасының шырқын бұзбай жолдасына тіреу, ата-енеге келін болып, перзенттеріне аналық мейірім бере білудің өзі үлкен табандылықты қажет ететіні сөзсіз.
Бауыржан НАЙМАНОВ.