Жетісай аудандық «Нұғман» орталық мешітінде «Рухани келісім күні» аясында арнайы іс-шара болып өтті. Шараға жаңадан тағайындалған Жетісай ауданының бас имамы Жорабай Дулатбаев пен аудандық ішкі саясат бөлімінің бас маманы Бекарыс Әбілдаев, аудан мешіттерінің имамдары қатысты.
Басқосу барысында аудандағы діни тұрақтылық пен ұлтаралық татулық, теріс ағымдарға қарсы күрес, ұрпақ тәрбиесі мен отбасылық құндылықтарды сақтау мәселелері бойынша атқарылып жатқан жұмыстардың барысы айтылып, ұсыныс-пікірлер тыңдалды.
«Біз, жергілікті әкімдік пен ҚМДБ қарасты мешіттермен бірігіп тұрақтылықты сақтауға, ұлтаралық жанжалдарды болдырмауға бар күшімізді салып келеміз. Жер-жерлерде теріс ағым, діни сауатсыздық, саяси тұрақтылық тақырыптарында кездесулер өткізіп, түсіндірме жұмыстарын жүргізудеміз. Бұл жұмыстарда дін саласы өкілдерінің рөлі ерекше» дейді Бекарыс Әбілдаев.
Шара барысында ел арасында еткен еңбектеріне қарай құрметке бөленіп жүрген бірқатар имамдар аудан әкімі Жамантай Қанайұлының алғыс хаттарымен марапатталып, естелік сыйлықтарға ие болды.
«Елдегі бейбітшілік пен тұрақтылықты қамтамасыз ету барысында атқарып жатқан, жаһандық пандемия кезінде де халыққа үгіт-насихат жұмыстарын жүргізіп, сабырлыққа шақыра білген дін қызметкерлерінің еңбегін ескеріп отырған аудан әкіміне алғысымызды білдіреміз» дейді ауданның бас имамы Жорабай Дулатбаев.
Бауыржан НАЙМАНОВ.
