Биыл ұлтымыздың ұлы перзенті хәкім Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойы. «Абайдың мерейтойы той тойлау үшін емес, ой толғау үшін өткізіледі», – деп Президентіміз Тоқаев айтқандай, елімізде Абай Құнанбайұлының мерейтойы ерекше аталып өтуде. Абай Құнанбайұлының 175 жылдығына арнап, еліміздегі жас ақын жазушыларды қолдап, Абай шығармаларын дәріптеу мақсатында ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі, «Педагогикалық Ғылымдар Академиясы» ҚБ, «Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы» КЕАҚ «Мүшайра» Республикалық жас ақындар конкурсын жариялаған болатын. Мүшайра шарты бойынша, еліміздегі әр облыс және Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалалары өңірлік іріктеу өткізді.
Түркістан облысының өңірлік іріктеу кезеңін Түркістан облыстық қоғамдық даму басқармасы «Жастар ресурстық орталығы» КММ-сі ұйымдастырды. Облыстағы 16 аудан-қаладан жалпы саны отыздан аса үміткер қатысып, бақ сынасты. Мүшайра шарты бойынша қатысушы жас ақындар Абай Құнанбайұлының шығармашылығын, болмыс-бітімін ашатын 2 өлең, жас жазушылар 2 шағын проза, жас журналисттер 2 мақала жолдауы тиіс.
Түркістан облысының өңірлік іріктеу кезеңіне Қазақстанның халық ақыны Әселхан Қалыбекова, Т. Айбергенов атындағы сыйлықтың иегері, Қазақстан жазушылар одағының Түркістан облыстық филиалының төрағасы, ақын Әлібек Шегебай, әдебиеттанушы, доцент Әдемау Толысбаева қазылық етті. Әділ қазылар өлеңдер мен проза, мақалаларға баға беру барысында ұсынылған шығарманың көркемдігіне, тақырыптың толықтай ашылуына, өзіндік ерекшелігіне баса мән берді.
Ақын Әлібек Шегебай: «Бұл мүшайра ерекше мүшайра. Ерекшелігі Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойына орай жастар үшін ұйымдастырылған ең үлкен мүшайра. Түркістан облысы бойынша іріктеу кезеңіне ұсынылған шығармаларды талдап, баға беру барысында жас ақындарымыздың қанат қағысын, қалам сілтесін көріп, қатты қуандық. Мүшайра талабы бойынша, республикалық кезеңде өңіріміздің намысын жықпайтын, Абайдай терең тақырыпқа бойлай алған, қаламы жүйрік, ойы ұшқыр үш жас ақынға жолдама бердік», – деп пікір білдірді.
Бұл мүшайраның тағы бір ерекшелігі, өңірлік іріктеу кезеңіне қатысушы ақындар үшін онлайн мастер класс пен тренинг өтті. Онлайн мастер классты белгілі айтыскер ақын, Түркістан қалалық «Өнер» мектебінің директоры Тұрар Тілеулиев, онлайн тренингті белгілі айтыскер ақын Дәурен Ақсақалов өткізді. Қазылар алқасының шешімі бойынша, Түркістан облысының іріктеу кезеңінде ІІІ орын Нұрман Бақнұр, ІІ орын Балабек Бақнұр, І орынды Рысгүл Досжанова иеленді. Өңірлік іріктеу кезеңінде жүлделі орындарға ие болған қатысушылар республикалық кезеңге жолдама алып, облысымыздың намысын қорғады.
ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі, «Педагогикалық Ғылымдар Академиясы» ҚБ, «Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы» КЕАҚ ұйымдастырған «Мүшайра» Республикалық жас ақындар конкурсының республикалық кезеңі онлайн форматта өтті. Республикалық кезеңге еліміздің әр өңірінен 51 жас ақын мен жас жазушы қатысты. Республикалық кезеңнің қазылар алқасына Қазақстан Жазушылар одағы поэзия кеңесінің төрағасы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Маралтай Райымбекұлы төрағалық етті.
Түркістан облысының атынан қатысқан жас ақын Рысгүл Досжанова республикалық кезеңде де топ жарып, жүлделі ІІІ орынға ие болды. Республикалық кезеңнің бас жүлдесін Дәурен Тілеухан, І орынды Арман Шеризатов, ІІ орынды Алпамыс Файзолла еншіледі.
«Түркістан – ақпарат».
