- ВКонтакте
- РћРТвЂВВВВВВВВнокласснРСвЂВВВВВВВВРєРСвЂВВВВВВВВ
- Skype
- Telegram
Қала халқын толық көгілдір отынмен қамтамасыз ету мақсатында нақты жоспар құрылып, жұмыс қызу жүріп жатыр. Қала әкімі Рашид Аюповтың тұрғындардың қолы толық газдандыру жүйесіне ағымдағы жылдың соңында жетеді деп берген уәдесі ел есінде. Осы себепті шаһар басшысы жауапты мекемелерді шақырып жиналыс жасай қалса, жоспарларын пысықтап – нақты тапсырмаларымен ширатып отырады. Қыс ауасы жақындап қалғанын күннен күнге сезінудеміз, ендеше газдандыру жұмыстары қай деңгейде екенін біз де бір зерделеп шықсақ.
Көгілдір отынның қала тұрғындарымен қатар қала экологиясы үшін де пайдасы зор. Себебі, өткен жылдың қыс маусымында орталық жылу қазандығынан бөлінген түтіннің қала тұрғындарын біраз әбігерге салғаны бар. Киелі қаламыз облыс орталығына айналғаннан кейін, мұнда жаңа климат қалыптастырамыз деген жоспарлар да ұсынылған. Ал ол климатқа қол жеткізудің жолында экологиялық мәселелердің шешімін табу қажет екенін қала әкімдігі де жақсы біледі.
Қош, қазіргі уақытта газдандыру жұмыстары 65 пайызды құрап отыр. Жалпы, ГРП-6, 7, 8 («Ыждыхат» тұрғын үй массиві), ПГБ 2, 3 («Шавгар» мөлтек ауданы және «Ортақ» тұрғын үй массиві), ГРП 2,3 («Тұран» тұрғын үй массиві), 4, 5 («Бірлік» тұрғын үй массиві) аумақтарында газдандыру жұмыстары толық аяқталса, ПГБ-4 («Отырар» ықшамауданындағы Шипа су маңайы, және «Шавгар» мөлтек ауданы, Қызылорда тасжолы бойындағы «Сауран» және «Яссы» мөлтек аудандарында) аймақтарында жұмыс осы айдың соңына таяу аяқталады деп күтілуде. Ал ПГБ-1 («Шавгар» (РМЗ аумағы), теміржол вокзалы аумағы, қаланың орталық бөлігінде (базар, Т. Бокин және т.б) жұмыстар қараша айында аяқталмақ.
Сонымен бірге, 15-16 қазан күндері ГРП-2 және ГРП-3, яғни «Иассы» мөлтек ауданы «Тұран» тұрғын үй массивінің, «Версаль» тойханасы, Кентау тас жолы бойының екі жақ бетіндегі аумақтарға газ құбырларына толығымен көгілдір отын жіберілді. Нәтижесінде, аталған аумақтағы 6195 абоненттің газға қосылуына толық мүмкіндік бар. Газға қосу ақысы 77-85 мың теңге (30 метрге дейін, одан ары қарай қосымша ақы сұралады). Аталмыш ауданның тұрғындары мердігер мекемелермен келісіп, ішкі газдандыру жұмыстарын жүргізсе болғаны.
Облыс әкімі Өмірзақ Шөкеевтің тапсырмасымен газдандыру жұмыстары 11 кезеңмен жүзеге асырылуда. Көне шаһардағы жеке үйлер мен көпқабатты тұрғын үйлерді газдандырудың 4-кезеңінің құрылысы 2019 жылы аяқталғанын да айта кетейік. Нәтижесінде қала тұрғындарының 41% табиғи газбен қамтылған. Алдағы уақытта да ауқымды жұмыстың жалғасуына кедергі жоқ. Бұл жөнінде атқарылған жұмыстар туралы ақпаратты тұрақты бақылап, газет бетіне жариялап тұратын боламыз.
Ақберен АМАНГЕЛДІ.