«Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында тәрбиелік және адамгершілік құндылығы жоғары салт-дәстүр, әдет-ғұрыптарды заманға сай түрлендіру мақсатында жасалынған «Дәстүр мен ғұрып» жобасы киелі Түркістанда қолға алынды. Қалалық адами капиталды дамыту бөлімінің бастамасы, «Өнер мектебі» ұжымының ұйымдастыруымен «Дәстүр мен ғұрып» әдеби-музыкалық кеш өтті.
«Өнер мектебінің» директоры, белгілі айтыскер ақын Тұрар Тілеулиев жүргізіп отырған кеште жас өнер иелері бабадан балаға мирас болған дәстүр мен ғұрпымызды қайта жаңғыртуға өз үлестерін қосты. Пандемия жағдайына байланысты барлық санитарлық талаптар сақталына отырып өткізілген кеште жас дәстүрлі әншілеріміз Ақан сері мен Біржан салдың, Нартайдың әсем әндерінен, Майлықожаның тағылым-тәрбиеге толы терме-жырларынан және қазақтың халық әндерінен шашу шашса, жас күйшілеріміз Әбдімомын Желдібаевтың «Ерке сылқым» күйін тартты. Шара барысында биыл 175 жылдығы тойланып жатқан ұлы ақын Абай Құнанбайұлының шығармашылығы да тыс қалған жоқ. Абай әндері орындалып, өлеңдері оқылды. Тұрар ақынның қос шәкірті, жас айтыскер ақындар Ерсайын Диханбай мен Болат Тәңірберді «Түркістан – ер түріктің бесігі ғой» тақырыбы аясында айтысып, көрерменнің көңілінен шықты. Сонымен қатар, ұжым ұстаздары да өнерлерін көрсетіп, шәкірттеріне үлгі болды.
Осылайша өнер кешінде бабалардан қалған ұлттық өнерімізді қайта жаңғыртуға сеп болған шәкірттеріміз «Ақберен» республикалық жобасын да іске асыруға мұрындық болды. Ұрпақтар сабақтастығы бабалардан мұра болып қалған дәстүрімізді жаңғырту мақсатында әлі осындай біршама шаралар ұйымдастыру жоспарланған. Сондықтан кешті жоғары дәрежеде ұйымдастырып өткізе білген «Өнер мектебінің» ұстаздары мен шәкірттеріне ризашылығымызды білдіре отырып, еңбектерінде шығармашылық табыстар тілейміз.
Түркістан-ақпарат.