БАБАЛАР АМАНАТЫН АРДАҚТАЙЫҚ!

644 көрілім

Күздің қоңыр салқын жайма шуақ күні еді. Дәл осы күн қарттар мерекесі болатын. Архивтің күнделікті қайнап жататын қызу жұмыс күнінде мекеме қызметкерлері тынымсыз еңбек үстінде болатын. Кенет түске таяу есікті баяу ашып қарт кісі кіріп келді. Зерделесек зейнетке шығатын жастағы емес, қартаң кісі. Шырамытсақ, құдайым-ау елге сыйлы азамат, қаламыздың, облысымыздың құрметті азаматы, Ұлы Отан соғысының ардагері, ұлағатты ұстаз Әбжаппар Дайрабайұлы атамыз бен немересі Ерболжан екен. Баба үмітін ақтап, жолын жалғап, есімін, атақ-даңқын қастерлеген бұл жігіттің мақсаты бүгінгі күні атасын мерекесімен құттықтап, сыйлап, көңілі қалаған жеріне алып бару болған екен.

Ақсақалдың алғашқы тілегі архивке бару болғанын естіген ұжымның қуанышында шек болмады. Қарттар ел қазынасы. Қартың болса, жазып қойған хатпен тең, -дегендей бабамыздың көзінде елдің кешкен күні, өкінішпен өткен күндері, еліміздің небір сындарлы шақтарда сыналғанын келер ұрпаққа жеткізу мақсатында ат басын бұрғанын айтып, бүкіл жүріп өткен өмір жолының естеліктерінің куәсін, елі үшін от кешкен күндердің куәсін, елінің көрсеткен құрметінің куәсін, тағы да басқа тарихи мәні бар, құндылығы ерекше құжаттарын алып келген екен. Ардагер әрбір медаль куәлігінің, құрмет грамоталарының қай күні кімнің қолынан алғанын айтып берді. Отты жылдардың естелігін көзіне жас алып отырып айтқанда тебіренбеген жүрек қалмады. Ардагердің жылы жүзінің әрбір қатпары қатал тағдыр мен сынағы мол өмірдің әр күнінен сыр шертіп тұрған еді. Ұлағатты ұстаз өмір естеліктерімен, тәжірибелерімен бөлісті.

Әбжаппар Дайрабайұлын Түркістан жұртшылығы халыққа білім беру саласының үздігі, майдангер, ардақты ардагер, ұлағатты ұстаз тағлымы мол тәлімгер, облысымыздың құрметті азаматы ретінде таниды. Әбжаппар Дайрабайұлы 1927 жылы Шалбаев Дайрабай мен Ұлжан анамыздың отбасында Сырдария өзенінің бойындағы Тартоғай елді мекенінде дүниеге келген. 1932 жылғы ашаршылықтан кейін ата-анадан жастай қалған жас баланың өмірі Түркістан қаласындағы №3 балалар үйінде жалғасты. Елдегі дүрбелең ашаршылықтан ес жиғаннан кейін әкесінің ағасы Бимеш ол жерден бала Әбжаппарды алып кетеді.

Жүк ауырын нар көтерер демекші Әбжаппар Дайрабайұлына бір Алланың жазуымен уақыт пен тағдыр еншісіне жарық күн мен нұрлы өмір сыйлаумен қатар, ауыр сынағы мен бейнетін қоса жазған екен. Ең алғашқы еңбек жолын 1943 жылы темір жол байланыс бөлімінде бастап, сол жылы тамыз айында елге дүрбелең туып, азар да безер күй кешіп жатқанда бозбала шағынан соғысқа ойланбастан аттанған ол, ел намысын қорғап, ұрыс майданына кірісіп кеткен. Сұм соғыс бозбаланы ерте есейтіп жібереді. Соғыста Брянск-Унеча-Гомель-Калинковичи-Созарь, Коростен-Ровно Ковель арқылы Польша жерінде Хелмь-Раявец-Люблин қалаларында болып, Люблинде фашистердің концлагерьде 1,5 млн. тұтқынды пешке жаққан зұлымдығын көргенін айтқанда жан түршігеді. Белорус майданындағы жанкешті шайқасты үлкен өкінішпен есіне алады. Брянск қаласының темір жол торабының байланыс жүйесін күрделі жөндеуден өткізу жұмысына қатысыпты.

Соғыс біткеннен кейін елге оралған ол Түркістан педагогикалық училищесін аяқтап, Алматыдағы шет тілдер институтының неміс тілі факультетін тәмамдап келген соң, ұстаздық жолын Әл-Фараби атындағы орта мектепте бастаған. Осы жылдары Фатима Махфирқызы анамызбен танысып отау құрған. 1953 жылы оқу ісінің меңгерушісі болды, одан кейін 30 жылдай Ж.Жабаев орта мектебінде директор қызметін атқарып, мектеп тарихында біршама өзгерістерге қол жеткізуіне үлес қосқан. Фатима анамыз екеуі 2 ұл, 3 қыз тәрбиелеп өсірген.

1992 жыл зейнеткерлікке шыққан ардагер атамыз одан кейін бойдағы дарын, қабілеттің арқасында қоғамдық жұмыстарға да белсене араласқан, 23 жыл қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы болып жұмыс жасады. Түркістан қалалық кеңесі атқару комитетінің үш шақырылым депутаты болған. 2 рет «Ұлы Отан соғысы» орденімен , «Ерен еңбегі үшін» сондай-ақ, бірнеше медаль және құттықтау қағаздарымен марапатталған. Бейбіт еңбекте Оқу министрінің, облыстық грамоталармен марапатталып, КСРО және Қазақ КСР ағарту ісінің үздік қызметкері деген атаққа ие болған. «Астана» онжылдық медальмен, облыс әкімінің бірнеше алғыс және құрмет грамоталарымен марапатталған. ОҚО Халықтар достығы кіші ассамблеясының мүшесі болды. Қалалық мәслихатқа депутат болып сайланды. 2007 жылы облыс мәслихат депутаттарының құрмет грамотасымен бірнеше рет марапатталды. ҚР Орталық ардагерлер ұйымы кеңесінің төрағасы М.Сагадиевтың Құрмет грамотасымен екі рет марапатталды.

Ақсақал еліне, Түркістан тумасы болғандығына шексіз риза. Елім деп еңіреген нар тұлғаның жас ұрпаққа деген, еліміздің өсіп өркендеуіне деген сенімі мол. Қиын күндердің артта қалғанына сансыз шүкіршіліктер айтып отырды. Бабалардың ерлігін мәңгі есте сақтайық, есімін қадірлейік. Жастарымыздың санасына бейбіт өмірге жету үшін ата-бабасының қаншама қиын жолдардан өткенін айтып саналарына құйып отырайық. Ерболдай ата жолын жалғаған, есімін қадірлеген немере, шөберелеріміз көп болса баба есімі ұмытылмайды. Ардагердің барлық құжаттары құнды қастерлеп, үлкен құрметпен жаңа заман үлгісінде скайнерленіп жасалып, архив қоймасына қабылданды.

Сөз соңында, Түркістан жұртшылығы, текті ұрпақтың перзенттері ата-бабамыздың ұлы есімдерін ұлағаттайық, қастерлейік, жоғалып кетуіне жол бермейік, еңбектерін бағалайық Ұлы Отан соғыс ардагерлерінің, тыл ардагерлерінің құнды құжаттарын архив қоймасына өткізіп, ол кісілердің алдындағы перзенттік борышымызды орындайық дегім келеді.

Майра КЕНЖЕБЕКОВА,
«Түркістан қалалық мемлекеттік архиві» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің архивисі.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Жоғары

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы