Дизентерия – бұл көбінесе жаз айларында болатын, ішектің жұқпалы ауруы. Оның негізгі белгісі – іш өту. Аурудың қоздырғышы микробтың ерекше бір түрі – шигелла. Қоздырғышты алғаш рет ауру адамның нәжісінен жапондық дәрігер Шига тапқандықтан, сол кісінің атымен атаған. Аурудың қоздырғышы сумен, жуылмаған көкөніспен, жемістермен және лас қолдан жұғады. Шыбындар да аурудың қоздырғышын таратушылар болып саналады. Дизентерия кезінде адамның іші жиі өтеді, кейде бұл жағдай тәулігіне қырық ретке дейін қайталануы мүмкін. Тоқ ішектің қабынуынан оның шырышты қабығы зақымданады, бұл кезде сұйық нәжіске қан араласады.
Дизентериямен ауырғанда адамның асқа тәбеті болмай, басы ауырады, әлсірейді, бұлшық еттері мен іші ауырады, дене қызуы көтеріледі. Бұрын дизентериядан адамдар өте көп өлген. Ал қазіргі кезде бұл ауру ондай қауіпті емес, дер кезінде емделсе, адам жазылып кетеді. Сондықтан, аурудан сақтану үшін, жазғы уақыттарда таза қайнатылған су ішіп, ал көкөністер мен жеміс-жидектерді жуып жеу керек. Ауру қоздырғышпен ластанған тамақты, суды пайдаланған сау адам (бала) ауыруы мүмкін. Тамақпен бірге асқазанға түскен ауру қоздырғыштар одан әрі аш ішек пен тоқ ішекке өтеді. Қарын сөлінің әсерінен біразы асқазанда, біразы аш ішекте қырылады. Ауру қоздырғыш бала организміне түскеннен сырқаттың алғашқы белгілері білінгенге дейін 12 сағаттан 7 күнге дейін уақыт өтеді. Көп жағдайда ауру бірден басталады. Баланың жағдайы күрт нашарлап, реңі бозғылт тартады, басы ауырады, лоқсып құсады, оқтын-оқтын іші бүріп ауырады. Уақыт өткен сайын іштің ауырғаны жиілей береді. Қызуы көтеріледі, тамаққа тәбеті шаппайды, жата бергісі келеді. Ал жас нәрестелер шырқырап жылап, мазасызданады. Көп ұзамай ауырған баланың іші өте бастайды, сонан соң қанды жалқық өтеді. Бала әлсірей береді, ішінің ауырғаны да жиілейді, жаны күйзеліп, маңдайынан суық тер шығады. Еріндері кезеріп, тілі кеуіп, қатты шөлдейді, өңі боп-боз болып кетеді. Алғашқы күндері баланың нәжісіне қан араласса, кейінірек тек қанды жалқық өтеді, ара-арасында іші қатты бүріп ауырып, үлкен дәретке отырғысы келе береді, бірақ үлкен дәретке отыра алмай қиналады.
Сондықтан, одан қорғану үшін тазалықты қатаң сақтау керек. Жеміс-жидектерді, көкөністерді балаға берер алдында ағын сумен немесе қайнаған сумен жақсылап жуған дұрыс. Сүтті міндетті түрде пісіріп беру керек. Дәретханадан кейін,ойыннан кейін қолды сабындап жуыңыздар. Жас нәрестелердің емізігін қайнатып, жуып, беті жабық ыдыста сақтау керек. Ойыншықтарды сабындап ағын суға немесе қайнаған суға жуу қажет.Бөлмені, еденді жуып, оның таза болуын қадағалаған жөн.Тазалықты сақтай білу керек.
А.ДАУБАЕВА,
ҚР ДСМ ТКҚСҚБК Ұлттық сараптама орталығы ШЖҚ РМК Түркістан облысы бойынша филиалы Түркістан қалалық бөлімшесінің бактериологиялық және паразитологиялық зерттеулердің зертханасының зертханашысы.